Жан байлығы – жиғаны

1034

0

Көлгірлігің жоқ, өткірлігің от тұлғасың,


Пенделігің жоқ, қорғаштап жүрген бір басын.


Майдалығың жоқ, еркектен бетер ірісің,


Бітімің бөлек, сиректеу сенің тумысың.


Асаулау заман нарыққа құрық тастаған,
Екі қыз болса, қазақта соның бірісің!
Алмагүл Божанқызының өткен дәуірдегі комсомолдық жолдан бірге өткен үзеңгілес досы, марқұм Рүстем Жанай ақын көзі тірісінде осылай тау суындай екпіндеп, түйдек-түйдек жыр шумақтарымен әдемі сурет салыпты. Қайраткер қыздың қабілет-қарымын, парасат-пайымын, тұлғалық болмыс-бітімін бұдан асырып қалай суреттеуге болады?! Оның бүкіл адами-азаматтық ұстыны мен кескін-келбеті, мінез-құлқы осы бір ғана шумақтың аясына сыйып кетіп тұрған жоқ па? Бұл – поэзия құдіреті!


ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Күләш Ахметова да өз өле­ңінде: «Ар-намыс сынға түсер ме­зеттерде, қазақтың жігітінен қы­зы мықты!» деп осы ойды одан әрі нықтап шегелей түседі. Міне, осындай талай шайырдың шабытына тамызық болып, жырмен өрілген оның өнегелі өмірі тас жарып шыққан еңлікгүлмен өзек­тес десем, еш қателеспеймін. Өйт­кені, осыдан отыз жыл бұрын ел тә­уелсіздігімен ілесе келген жабайы нарықты ырыққа көндіру, өтпелі кезеңнің бар тауқыметін елмен бірге көтерісу алғашқы әкімдердің қайсысына да оңайға түскен жоқ. Ал, сол алғашқылардың бірі нә­зік жанды әйел затынан шықса, қалайша ол шайырлар жазған жыр-дастандарға тамызық болмасқа? Болғанда қандай!


Алдымен Тереңөзек ауданын, кейінірек Сырдария ауданының басым бөлігін қосып бас­қар­ған Алмагүл Божановамен та­­ны­суы­мыздың өзі қызық бір хи­­каят. Бұдан біраз жыл бұрын рес­пуб­ликалық басылымдардың бі­рінде жарық көрген өз жазбамнан аздап үзінді келтіре кетейін.
«…1985 жылдың наурыз ай­ында Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова үшеуміз Алматыдан ар­найы шығармашылық сапармен Қызылорда облысы Тереңөзек (қа­зіргі Сырдария) ауданына бардық. Біздің шаруамыз сол кезеңдегі идеологиялық хатшыларсыз біт­пеу­­ші еді ғой. Тереңөзек ау­даны­­ның идео­логиялық хатшысы өзі­міз құрал­пылас, қасы-көзі қиыл­ған әдемі қыз Алмагүл Божанова екен. Мінезі ашық, сөзге шешен, ұстамды да инабатты жан.


Әдетте, жолсапар кезінде есте қаларлық жайттар жиі ұшырасады емес пе? Біз де сол дарияның ар­ғы бетінде орналасқан «Шаған» ауылына барарда осындай бір уақиғаның куәсі болдық.


– Шағанға ертерек жетіп, бір жиынға қатысуым керек еді. Ел-жұрт текке тосып қалмасын, мен мынау мұздың үстімен төтелеп тартсам деймін. Хатшы қыз көз алдымызда көк мұз құрсанып жат­қан дарияға иек қақты. – Қай­сы­ңыз бар маған ілесіп жолсерік бо­ла­тұғын?
Мұны естіген біз ыршып түстік. Ойбай-ау, анау көбесі сөгіле бас­таған мұзыңыз аяқ астынан опы­рылып түссе, ойранымыз шық­па­сына кім кепіл?


– «Сақтықта қорлық жоқ». Одан да айналма көпірмен өтейік… Сіз де басыңызды қатерге тікпеңіз! – дестік.


– Жоқ, болмайды!


Кесімді сөзін айтқан хатшы қыз бәріміздің көз алдымызда жанын жалдап, «темір тұлпарын» көк тайғақ мұзға салып кете барды… Ал, біз басқа бір көлік тауып, көрші аудандағы көпірге қарай тартып кеттік. Жүріп келеміз, жүріп келе­міз… Көпірі құрғыр, жеткізер емес! Аздан соң көктемгі жаңбыр сір­кіреп, жол дымқылдана бастады. Биязы мінезді Күләш ақын жол-жөнекей «жолбарыс жүректі хатшы қыз көк тайғақ мұзбен кетті, қоян жүректі ақындар жолы дымқыл сызбен кетті» деп даусын соза мақамдап, әзіл сөзбен түйреуге кірісті. Күлекеңнің әдемі әзілін со заматта іліп әкетіп: «Қайдасың, көпір, қайдасың? Көреміз қашан пайдасын?» деймін мен де әндете сөйлеп. Сөйтіп әзіл-қалжыңымыз жараса жол қысқартып жеттік-ау, әйтеуір, «Шағанға»…


Хатшы қыз өз жұмысын тын­дырып, жұртпен бірге бізді тосып отыр.
– Апыр-ай, амансыз ба? – дейміз жамырай сөйлеп. – Осында жеткенше, сіздің тілеуіңізді тілеп келдік уайымдап…


– Бұл біз үшін үйреншікті жайт қой, – дейді ол әдемі жы­миып қо­йып. – Осылай уақыт үнем­деме­сек, шаруа бітуші ме еді?
Сол күні «Шаған» ауылында есте қаларлықтай ғажайып бір жыр кеші дүрілдеп өтті». («Егемен Қа­зақстан», 18 қыркүйек, 2003 ж.)


Осындай бітім-болмысы бөлек, өзгеден оқшау жаратылған «нәзік жандылардың» бірі де бірегейі, Сыр жұртшылығымен бірге жаса­сып келе жатқан Алмагүл Божан­қызымен Қызылордаға қоныс ау­дарып келгесін 1998 жылдың қо­ңыр күзінде қайта жүздестік. Ай­тулы драматург-жазушы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз елге 70 жылдық мерейтойын өткізуге келді. Қасында өзім ұзақ жылдар қызмет жасаған «Қазақстан телерадио­кор­порациясының» бұрынғы бас­шылары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза бар. Сыр бо­йына Алатау көшіп келгендей әсер­ле­ніп тау тұлғалы ағалармен шұр­қыраса табысып жатқан сәт еді. Нартай Бекежанов атындағы об­лыстық театрдың іші ығы-жығы са­пырылысып жатқан адамдар… Бір кездері өзім танысып-табысқан аяулы құрбым Алмагүлдің бейнесі жарқ ете қалсын көз алдымда. Сол баяғысынша әдемі қалпымен жылы жымиып қойып:


– Қатира, Сыр бойына орал­ғаныңды естідім. Өзіңді қалай жолықтырам деп жүр едім. Бүгін басталып жатқан Қалағаңның тойы ертең өзінің туған ауылы «Шір­кейліде» жалғасады, сен де соған келетін бол! – деді.


Шынында да, сол күннің ертесіне көрген жұрт алған әсерін айтып тауыса алмастай керемет бір той дүрілдеп өтті «Шіркейліде»… Бұдан кейін көп ұзамай қазақтың абыз-ақыны Ә.Тәжібаевтың 90 жыл­дық мерейтойына орай Те­рең­өзекте өткен еске алу кешін тамашаладық. Алматыдан арнайы келген қаламгерлердің де, жер­гілікті тұрғындардың да шын ри­за­шылығын көзіміз көрді. Міне, осындай рухани іс-шаралар үс­тінде әкім қыз бен ақын қыздың арасы жақындай түскендей бол­ды. Бір айта кетерлігі, ол кісі – орыс тілі мен әдебиетінің, ал мен – қазақ тілі мен әдебиетінің мама­нымыз. Жолығысқан сәттерде біз­ді қызықтырар ортақ әңгіме де жетерлік еді. Әрине, әдебиет пен мәдениетке қатысты…


Кейінірек естіп-білгенім, Але­кең М.Мәметова атындағы пед­училищені (қазір колледж) бітіре салып, алғашқы қызметін «Шаған» ауылындағы балабақшаның мең­герушілігінен бастап, әрі қарай мектеп директоры, Тереңөзек ау­дандық комсомол комитетінің І хатшысы, аудандық партия ко­митетінің идеологиялық хатшысы, аудандық атқару комитетінің төр­ағасы қызметтерін абыроймен атқарған екен. Одан соң жеті жыл Сырдария ауданының әкімі болып істеген Алмагүл Божанқызы қызмет сатысында жоғарылап, об­лыстық мәслихат хатшылығына дейін көтерілді.
Сөйтіп Қызылорда қаласында қызметін жалғастырған аяулы құр­быммен тағдыр қайта қосты. Былайғы жұрт оны басшылық қыз­метінде қоғам қайраткері ре­тінде танып-білсе, мен ол кісі­мен туған-туыс, дос-жар орта­сында тонның ішкі бауындай бо­лып жарасып, жан байлығын те­рең танып-білдім. Үлкен-кіші, бай-кедей демей елдің бәрімен ара­ласып-құраласып жүр­ген қара­пайымдылығы мен адам­гершілік қасиетін өз көзіммен кө­ріп, талай куәсі болдым.


«Сүрінген жоқсың, бүлінген жоқ­сың ешқашан, аша алмас еш­кім сырыңды өзің ашпасаң» деп марқұм Рүстем Жанай досы айт­пақшы, Алмагүл жеке басына қа­тысты жайттарды көпке ашып көрсетпей, өз тағдырына ешкімді араластырмай, қайғы-шерін ішке жұтатын қайсар да намысты қыз болып шықты. Кекшіл емес. Өзіне тас атқандарды аспен ұрып, ке­шіре салады.
Шынын айтсам, ұдайы ат үс­тінде жүретін еркекшора қыздың үй тірлігіне еш ебі жоқ шығар деу­ші едім, мықтап қателесіппін. Бір кісінің өзіне он кісіге жетерлік ас мәзірін әзірлеп дастарханға өз қолымен қойғанын көргенде, таң қалмасқа ылажыңыз жоқ. Шап­шаңдығына көз ілеспейтін ыл­дым-жылдым қимылы тек Але­кеңнің өзіне ғана тән болып көрінетін еді. Мезгілдің қай кезі болсын, осы әдетінен бір танбайды-ау! Сосын «өз үйімде отырмын ғой» деп босаңсымай, өзін әрдайым жинақы ұстайды. Үстіне киген халаты мен аяғындағы тәпішкесіне шейін әр­түрлі әшекей бұйымдарымен әде­мі үйлесім тауып тұратынын қай­терсіз? Ал, үйінің іші қай кезде де тап-тұйнақтай таза, мұнтаздай боп тұрғаны… Тазалыққа ерекше мән беретіндігі байқалады. «Апыр-ай!» деймін іштей таңырқап, – осының бәріне ол кісі қалай үл­гіреді екен?


Алекеңнің бір бөлмесіне орна­ласқан жеке кітапхана қорының молдығын айтсаңызшы! Кәсіби жа­зушыларыңнан ешбір кемдігі жоқ және оны жай бір көрме сияқты тұтынбайды. Сол кітаптардың бә­рін түгел оқып шыққандығына еш күмәніңіз болмасын! Өйткені, әде­биетке қатысты нәрселерді жі­ліктей шағатыны бар майын та­мызып отырып…


Алмагүл Божанқызы зейнет жа­сына толып үлкен қызметтен босаса да, қол қусырып үйде отырып қалған жоқ. «Ұрпақтан – ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде өзі ұйымдастырған небір өнегелі де ғибратты іс-шара­лар­дың басында жүр. «Өзінің өткен өмірі мен тарихи шежіресін тұтас мансұқтауға ешкімнің хақысы жоқ! Мен өткен өмірім мен өзім сүрген дәуірді мақтамаймын да дат­тамаймын. Бар болғаны оның осал тұстары мен тозығын тастап, озығын жастарға үлгі етіп көр­сеткім келеді» дейді Алекеңнің өзі. Орынды айтылған сөз. Осы «Ұр­пақтан – ұрпаққа» бірлестігінің жұмысын жақсы жолға қоюмен қатар, қайраткер қыз қаламын қолға алып біраз дүниелер жазып тастапты. Атап айтсақ, соғыс және еңбек ардагері Жаңабай Азаматов жайлы «Аңыз, абыз адам», Еңбек ері Балдырған Мұстафаева жайлы «Елдің бағын жандырған ер Бал­дырған» кітабы, сондай-ақ Ғани Мұратбаевтың салған ізін жалғап, өздерінің жалынды жастығын отан­сүйгіштік, патриоттық идея­ларға арнаған үзеңгілес достары мен аға-апалары жайлы түрлі де­рек көздеріне сүйене отырып жаз­ған «Ел ардақтылары», «Сенім», «Көпір», «Сырым мен шыным», «Сыр елім – жерұйығым» тағы бас­қалары бар бас-аяғы он шақты кітаптың авторы болып үлгерген Алекең туралы айтсам, бұл да бір балықтан бұрын қолыңа қармақ ұстайтының сияқты қаншама де­рек көздерін тірнектеп жиып-теріп, елеп-екшеп қажетіңе жарата алатұғын тынымсыз ізденіс пен еңбектің нәтижесі ғой! Әсіресе, «Көпір» атты кітабынан алған әсерім ұшан-теңіз! Тамырын те­рең­нен тартып көп жайлардан мағлұмат беретін, барлық уақи­ғасы шынайы өмірдің өзінен ойып алынған осы бір құнды дүние Тереңөзек өңірінің кішігірім ше­жі­ресі іспетті. Сондықтан ұзақ жылдар бойы көпірдің салын­бауынан небір мехнат-бейнетті кешкен елдің ауыр жолын сол қал­пында боямасыз жеткізе білген бұл кітапқа кейінірек жеке тақы­рыппен қайта оралатын боламын.


«Сыр елім – жерұйығым» деп А.Божанқызы айтса, айтатынындай бар. Шынымен де, ол 1946 жыл­дың 14 наурызында дүние есігін ашқалы бері өзінің «Сыр елі – жерұйығы», киелі топырағында өмір сүріп, еңбек етіп келеді. Оны туған жер – алтын бесігінен екі елі ажы­ратпайтын ұлы күш – ағайын-туыс, елге деген үлкен сүйіс­пеншілік пен махаббат дер едім.


Алмагүл Божанқызының қай­рат­керлігі жайлы бұдан бұрын егжей-тегжейлі жазып, елмен бө­ліскенмін. Бұ жолы оған қайта ора­луды қажет етпедім. Себебі, көп­шілік біле бермейтін басқа бір қасиеті, яғни қаламгерлігіне тоқ­тауды жөн көрдім. Осыдан екі жылдай бұрын Қазақстан Жур­налистер одағының мүшелігіне қа­былданып, ол кісіге үлкен сенім жүктелді. Енді өзіммен әріптес ретінде, сол сенімнің үдесінен шы­ғуына мен де тілекшімін! Соң­ғы жылдары ол бұрын ешкімге аш­паған сыр сандығын ашып, күн­делік жазумен шұғылданып жүр. Сол күнделік арқылы әлі талай біз білмейтін сыры мен қырларын танитын боламыз деп үміттенемін. Әр бес жыл сайын қайта айналып соғатын мерейтойымен құттықтай отырып айтарымыз «Жазар кө­бейсін, Сырдың еңлікгүлі – Алма­гүл!»

Қатира ЖӘЛЕНОВА,
«Алаш» әдеби Халықаралық сыйлығының иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<