Жақаевқа қатысты жәдігер-деректер

1376

0

Ыбырай Жақаевты «Дала академигі» деп алғаш атаған адам – жазушы Сәбит Мұқанов. Себебі, диқан – өзі мұрап, өзі агроном, өз геолог, өзі күрішші, өзі басшы болған. Сондай-ақ, ол кісі қазақтың тарихын, ескі сөздерін көп білген.

***

Соғыс жылдарында Отан қорғау қорына 150 мың сом қаржы аударған.

***

Жақаев жас кезінде дүрмек-думандардағы күреске қатысып, талай мықтының жауырынын жер иіскеткен палуан болған.

***

1945 жылы күріштің әр гектарынан 156 центнерден, 1946 жылы 160-тан, 1947 жылы 171 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасады.

***

«Күріш – өте нәзік дақыл. Қыз бала сияқты аялауды, тәрбиені, нәзіктікті қалайды. Басына дән байларда ешбір айқай-шуды, дөкірлікті қаламайды. Егер де сол кезеңде келеңсіз құбылыстар болса, дән күрмекке айналып кетеді».

Ыбырай Жақаев күріш дақылы туралы осындай сыр айтқан.

***

Қасиетті Құранның 66-шы аятында сипат берілген Қыдыр Пайғамбар – ақыретке дейін тірі жүру мұғжизасын иеленген жарылқаушы тұлға. Қыдыр Құдай қалаған адамдардың көзіне көрінген, оларға бақ, береке, несібе дарытқан.

Ыбырай ата жазушы Зәкім Жайлыбайға өзіне Қыдыр атаның жолығып, бата бергенін, сөйтіп көзден ғайып болғанын әңгімелепті.

***

1950 жылы Ы.Жақаев жасының ұлғайғанына қарамастан күріш өсірушілерге сабақ беретін мектеп ашқан.

***

Үкіметтің жоғары марапатын алғанда кім қуанбайды? Ал, 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын екінші мәрте алған Ыбырай Жақаев басшыларға: «Бір рет бердіңдер ғой, екінші рет не керегі бар еді, онан да анау атыз кезіп, күріш егіп жүргендерге бермедіңдер ме?», – деп реніш білдіріпті.

***

Облыстағы 91 Социалистік Еңбек Ерінің 35-і Шиелі ауданынан шыққан, солардың бәрі бұл атаққа даңғайыр диқанның құтты жолымен, ақ батасымен жеткен.

***

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, шопан Жазылбек Қуанышбаев пен Ыбырай ата ақыреттік дос болған.

1981 жылы Ы.Жақаев қайтыс болғанда денсаулығының нашарлығына қарамастан Жазылбек ата қазақы салтпен атынан алыстан түсіп, «ойбауырымдап» күллі халықты күңіренткен.

***

Ы.Жақаев туралы көркем шығармалар, деректі фильмдер, «Жақаевшылар маршы», «Жақаевшы жастар әні», «Ақ күріш туралы ән», «Күн аруы – ақ күріш» деп аталатын тамаша әндер туған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<