Жауынгер

917

0

Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен шақта Отан үшін кеудесін оққа тосып, қан майданда қолын жауға, жүрегін жұртына арнаған Жомарт Ергешов сұрапыл соғыстан кейінгі ұзақ жылдар жаралы қолымен-ақ туған жерді түлетуге тер төккен нағыз еңбек майталманы болатын.

Жомарт Ергешов 1908 жылы Шиелі ауданы Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Шын аты – Қасым-Жомарт. Әкесі Ергешбай ағайын, ел  ара­сындағы дау-дамайларды бұра тартпай, әділ де дәл шешіп, билік еткен. Бір ауылды асырап отырған  бай болған. Әйелі, яғни Жомарттың анасы 16 құрсақ көтеріп, көбі жастайынан шетінеп, жеті қыз, бір ұл қалыпты. Ергешбай тұяғым жалғыз болмасын деп атын Қасым-Жомарт деп қойыпты.  Жомарт өте қарапайым, қайырымды, қолындағы нанын өзгелермен бөлісетін атына заты сай мәрт болып ержетті.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Қызыл Армия қатарына өз еркімен барады.  Мұрағаттағы деректерге сәйкес, әскерге 1942 жылдың 10 маусымында Жамбыл облысы Шу аудандық  әскери комиссариатынан шақы­рылып, тізімге 26-шы болып енеді. Хат танымағандықтан, аты-жөнінде қате кеткен. Тізімді жазып, жауынгер ретінде тіркеуші орыс жігіті екен. Атамыз тегін Ергешбай деп айтса, «ой осы қазақтар бай-сайларыңды қойыңдаршы»  деп Оргешев, кей құжатта Эргешев деп толтырып, атамызға бес әріпті жазуды үйретіп, Ергешев деп қолын қойғызыпты. Атында да қате бар. Кеңес Одағы кезінде «Ж» әрпінен басталатын есімдердің алдына «Д» қойылып жазылатын. Атамыз атын Қасым-Жомарт деп айтса, «зачем длинные многословные названия» деп Джоматқа қыс­қартыпты. Осылайша, әскерге қатардағы жауынгер Оргешев Джомат болып атта­нады. 26-шаң­ғышылар полкінің  құрамында болады.

Кейіннен атқыштар брига­дасына жіберіледі. Талай рет қиын сапарларға шығып, жа­уапты тапсырмаларды орын­дайды. Белоруссияның Минск, Борисов, Витебск қалаларын,  Брянск орманы арқылы Ресейдің бірнеше қаласын  жау­дан азат етуге қатысқан. Әкеміздің айтуынша пулеметші болған. Польшаға дейін пуле­метін сүйретіп жаяу барған. Әкемізді Жеңіс күнінде мектеп оқушыларымен кездесуге ша­қыратын. Сол жиындарда соғыс жайлы естелігімен бөлісетін. Сондай бір естелігінде әңгіме былай өрбіді:

«Соғыс кезі. Қыс айы, дала аппақ қар. Түн мезгілі. Екі жақта тыныштық. Жаумен бір-бірін аңдысып жатқан шақ. Солай жау бетті аңдып жатқанда бір қоян оңнан солға қарай зулап барады. Кескілескен шайқас екенін ұмытып, рұқсатсыз атып салдым. «Жабайы қазақ, қазір жау бізді оқтың астына алса, қайтесің?» деп командир қатты ұрысты. Сонда ғана не істегенімді түсіндім. Қасымда жатқан қарт орыс жауынгері сөзімді сөйлеп, «қазақты жібер, атқан қоянын әкелсін» деді. Жер бауырлап барып, әкеп, командирге бердім. Біздің көретін жарығымыз шығар, аңдып жатқан немістер де оқ атпады. Сонда қарт жа­уынгер «қазақ, бұдан кейін мұндай көзсіз ерлік жасама, бәрі осылай сәтті бола бермейді. Осы шайқаста аман қаласың, бірақ жараланасың» деді. Бұл – Брянск ну орманында болған жағдай еді. Сол ұрыста минаның жарықшағы қолыма тиіп, шынтағымды жұлып әкетті. Өзім снарядтың салдарынан терең ойылған жерге ес-түссіз түсіп, үстімді құм- топырақ басып қалды. Содан үш тәулік жатсам керек. Баяғы Алладан амандығымды тілеп, күнде бір мал құдайы беретін, әжем оятып жіберді. Қозғалуға шама жоқ, әбден жаурап, топыраққа тастай көміліп қалғанмын. Бір қолым  жоқ, жан сезбейді. Көзімді топырақтан әрең ар­шыдым. Жоғары жақтан кіш­кене ғана саңылаудан жарық түсіп тұрғандай. Соған қарай ұмтылып-ұмтылып, бір қолым­мен топырақты қыршып-қыршып, әбден әлім қалмады. Шайқаста шеп алға қарай жылжи береді. Жауынгерлердің артқа қарауына мұрша жоқ, ілеспей қалғандарын көбіне  өлдіге санайды. Оқ тиіп, мерт болғандары  қала береді. Мені де мина жарылып, снаряд жарық­шақтары тигенде, өл­діге санаса керек, елге «қара қағаз» жі­беріпті. Үш күннен кейін ұрыс алаңында көміліп қал­ған жа­уынгерлерді іздеп, түген­дегенде мені тауып алды. Ол кез­­де жердің бетіне тырмысып шы­ғып қалғанмын. Соғыстың соңғы күндерін Польшада өткіздім.

Польшаның бір қаласын алғанда, жарақатым асқынып, госпитальға түстім. Ұзақ емделіп,  1946 жылы елге оралдым. Балалар, осылай сұм соғыс мені «Шолақ ата» атандырды. Бірақ мен бұған ренжімеймін. Отан жолында жаным пида. 1945 жылы ауылға «қара қағаз» келіпті. 1946 жылы елге  оралып, Шу қаласы        «Шоссейная, 45» де­ген мекен-жайда тұратын Әли­ша әпкемнің үйіне барсам,  қайтыс болған  жылдық  асымды беріп жатыр екен, үстерінен түстім. Мені көріп, бәрі есеңгіреп қалды. Қара жамылып қалған келіншегім тұрмысқа шығып кетіпті. Соғыста жүргенде қатты қалғып кетіп, түс көрдім. Түсіме өзен жағасында шашы ұзын білектей, аппақ қыз кіріпті. Қан майданнан Жеңіспен қайтқанда, сол қыз алдымнан шықты, соған үйлендім».  

Пулеметші Жомарт Ерге­шовтың қан майданда көрсеткен ерлігі ескерусіз қалмай, «Қызыл  Жұлдыз», «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да бірнеше  медальдармен марапатталған. Кескілескен шайқаста ержүректігі үшін ефрейтор атағын иемденіп, «Алғыс хат» алған.

Жауынгер соғыстан кейінгі бейбіт еңбекте де үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Ел игілігі, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі үшін орасан зор еңбек етті. Ата кәсібін алға сүйреу үшін мал бақты, егін екті, бау-бақша өсірді, жеміс-жидектерді жайқалтып, көкөністі көгертті.  Абыз ақсақал екінші тыңды игеруге атсалысты.

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Жомарт ақсақалдың атақ-даңқының асқақтауына  жары  Айшаттың қосқан үлесі зор болды.  Анамыз қара жұмыстан қайыспайтын, қаймықпайтын өте  еңбекқор, іскер, турашыл, ешкімнің ала жібін аттамаған адал, жұдырықтай жүрегінен жылулық ұялаған мейірімді, ағайын-туыс, отбасы арасындағы ырысты үйіріп, көрген көзге үнемі айдай шаттанып жүретін ақжарқын кісі еді. Оның қадай салған әр талы тамырланып, мол жеміс беретін, алып ағашқа айналатын. Әкем мен анамыз 1946 жылы шаңырақ көтеріпті.

Анамыз   бесжылдық білім алғанымен, өте сауатты кісі еді. Есеп-қисапқа жүйрік болатын. Құран аяттарын, хадистерді, ша­риғатта жазылғандарды, пай­ғам­барларымыздың өмірі, қыз­дары, анасы  туралы аңыз- әңгімелерді, қазақ халқының ертегілерін жақсы білетін.

Еңбекпен есейіп, өсіп-өн­ген жандар кіндігінен тара­ған ұрпа­ғына, бүкіл ауылға ғибрат­ты істерімен үлгі көр­сетті. Ерен еңбектері еленіп, талай жо­ғары марапатқа, төс­бел­­гілерге  ие болды. Совхоз бюд­же­тінен жеке үй салып берді. Айшат ана­мыздың аты-жөні Қы­зыл­орда облысының «Құрмет  кітап­­ша­сына» алтын әріппен жазылды. 

Әкеміз 1980 жылы 9 маусымда 72 жасында, анамыз 2005 жылы 83 жасында   дүниеден озды.  Жеңіс күні қарсаңында теледидардан екінші дүние­жүзілік соғыс туралы фильмдер көрсетіп жатса, әке­міз жерге зыңылдап түсіп келе жатқан бомбаның дауысын естігенде басын шайқап, «енді адамзат тарихында мұндай жан­түршігерлік шайқас болмасын, біздің басымыздан өткен қасі­ретті  Аллам жастарға, ұрпақ­қа көрсетпесін» деп отыратын.

Жомарт әкеміз бен Айшат анамыздан тараған ұрпақтар бүгінде тамыры тереңге тартқан мәуелі бәйтерекке  айналып отыр.

Айбала ЕРГЕШОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<