Адамға ең бірінші көңіл қымбат

1749

0

«Арма деген әлге қуат», «жақсы сөз – жанға шипа», «жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деп жақсы сөйлеудің қасиетін сипаттаған қазақ «ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман», «қысыр сөзде қырсық көп», «ұялмас бетке талмас жақ береді» деп беталды сөйлеудің берекесіздігін де аямай сынаған.

Бір ауыз сөздің мейлі жақсы болсын, мейлі жаман болсын адамға тигізер әсері өте зор. Ақын Шәміл Әбілтаевтың:

Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,

Бірауыз сөз айықпас дерт жияды, – дейтін өлеңін әуенімен бірге талай тыңдаған шығарсыз. Осы өлеңнің мазмұны бір ауыз сөздің біраз қасиетін бойына сыйдырып тұрғандай.

Кейде істің қиюы қашып, реті келмей жатса, мінезге мініп, бір-бірімізге ауыр сөздер айтатын сәттеріміз де жоқ емес-ау. Сабыры аз, сөзі көп адамдардың қарғап-сілеп жататынын қайда қояйық? Қарғыстың аты – қарғыс, қаһарына ұшыратпай қоймайды. Егер сіз артық кетсеңіз, анығын білмей, ашуға ерген болсаңыз, оның арты жәй «ұят болдымен» бітсе жақсы. Үнемі олай бола бермейді. «Сөз айналып иесін табар, қарғыс айналып киесін табар» деген даналыққа да бір ой жүгіртіп өтерсіз.

Жапондық бір ғұлама адамның мына бір тәжірибесі таңғалдырмай қоймайды. Ол екі ыдысқа толтыра су құйып, оның біріне тек жақсы сөздер айтып ауруына ем сұрап, жанына шипа дұға тілеп дем салыпты, екінші ыдыстағы су адамға кері әсер ететін, яғни қарғыс сөздермен үшкіріліпті. Сөйтіп, екі ыдыстағы суды екі адамға бірдей ішкізеді. Нәтижесінде жақсы ниетпен оқылған суды ішкен адамның жүзі күн сайын балбұл жанып, қуаттанып, қарғыс оқылған суды ішкен адам түсініксіз ауруға шалдығып, жағдайы да нашарлай беріпті. Жақсы сөз бен жаман сөздің адам ағзасына әкелетін әсерін бағамдай беріңіз, енді.

Бүгінгі қоғамдағы жағдай біраз нәрсенің бетін ашты. Біздің көңіліміз толмай, беталды тілдейтіндеріміздің бірі дәрігерлер болатын. Тым болмағанда «дипломды сатып алғансыңдар» деп табалап кететін едік. Дәл осы жағдай менің өз басымнан өткесін айтып отырмын. Осыдан үш жыл уақыт бұрын ортаншы ағам аурухананың жансақтау бөлімінде жатып қайтыс болды. Сол кезде дәрігерлерге кінә артып, кейін оны өлең қылып жазғанмын. Соның екі шумағы мынау:

«Өтіп кеткен дейсіңдер ме, емдер күн,

Көкисіңдер көзі жоқ деп өлгеннің…»

Доқтырларға доқ көрсеттім сестеніп,

«Қолдарыңнан түк келмейді сендердің!»

Қайғы үстінде тілдеп кеттім, тәрік – ол,

Түн ішінде болдың білем, әбігер.

Құдай ісі, сабыр қылмай қайтпекпін,

Кешіре гөр, кешір мені, дәрігер!

Біз бүгін ажал алдына тіке барып тұрған талай науқасты коронавирус деген індеттен емдеп шыққан дәрігерлерге қол шапалақтап, олардың аяғы басқан топырақты көзімізге сүртіп, қошеметтеп жатырмыз. Әрқашан осылай жасауымыз керек болатын. Адамның адамға деген құрметі азайған кезеңде пайдалы нәтиже де тесік қаптағы құмдай сусылдап сарқыла береді. Сондықтан бір-біріміздің ешқашан көңілімізді қалдырмауға, жымиып жылы сөз айтуға дағдылануға тиіспіз. Дінімізде «Көңіл – Алланың назары түсетін мекен. Біреудің көңілін бұзу мың Қағбаны қиратудан да жаман» деген сөздер бар. Ата-бабаларымыз ешқашан өрескел бұзбаған адами қасиет көңіл қалдырудың осындай сырларын біліп жүруге тиіспіз.

«Сен өмірге күліп қарасаң, өмір де саған күліп қарайды» депті данышпандар. Егер біздің өзіміз сүріп жатқан өмірге немқұрайы, көңілтолмастықпен қарасақ, онда өмір де бізге несібесін бұйырта қоймайды. Қазекемнің әр сөйлеген сайын тіл ұшына оралып отыратын «шүкір» сөзінде бір тылсым сыр жатыр. «Шүкір етсеңдер нығыметімді арттырамын» деген Алла.

Бізге әлем алдында бір-ақ мақсат тұрған дәл осы бүгінгі күні жақсы сөйлеудің маңызы жоғары.

Әр нәрсеге шүкірлік жасап, жақсы сөз айтайық. «Пәлен жерде түген адам өліпті» деген хабарларды оқысаңыз, «Жаратқанның жақсылығынан үмітіміз мол» деп көңіліңізді демдеңіз. Расында, қазір коронавируспен қатар ақпарат фирусы да жарыса таралып отыр. Сондықтан ресми емес дерек көздеріне аса мән берудің қажеті жоқ.

Бәрін айт та, бірін айт, жанымызда жүрген адамдардың көңілін аулайық, жақсы сөз айтайық. Барыс-келісімізге шектеу қойылғанмен, байланыста шекара жоқ заманда өмір сүріп жатырмыз. Әшейінде жағдай сұрасуға жұмысбастылықты сылтау қылатын әдетті сырып тастап, туыстарымызға телефон шалып, бейнебайланыс жасап, жақсы сөз айтып отыруға еш кедергі жоқ.

Адамның ең қымбат қазыналарының бірі – көңіл. Біздің бейбітшіл дінімізде «Жұмақтың кілтін іздеуді адамның көңілін табудан бастау керек» деген де тамаша сөз айтылады. Байқап отырсаңыз, көңілдің бағасына ештеңе жетпейдің екен.

Баяғыда бір кісі содыр мінезді ұлына бір уыс шеге беріп: «Достарыңмен жанжалдасып қалған сайын мына тақтайға бір шегеден қағып отыр», – деп тапсырыпты. Әкесінің тосын талабын қызық көрген баласы айтылған сөзді орындауға кіріседі. Содан бірнеше күн өткесін әкесіне келіп, барлық шегені тақтайға қағып тастағанын айтады. «Енді, балам, бүгіннен бастап сол достарыңмен татулас, бірақ татуласқан әр күнің үшін тақтайдан бір шегеден суырып алып тастап отыр», – дейді әкесі.

Біраз күн өтеді. Қағылған шегелер түгел қайта суырылады. Сонда әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, – депті, – алайда, мына тақтайға жақсылап қарашы. Сен одан шегелерді суырып тастасаң да тақтай әуелгі таза, тегіс қалпында қала алмады. Адам көңілі де

сондай, ренжіген сәтте айтқан жаман сөздерің көңілде мына шегелер тәрізді шұрқ тесік із қалдырып отырады», – деген екен.

Иә, өмір қымбат, өмір сүрем дегенге көңіл қымбат.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<