Әлім ата туралы аңыз

1883

0

Жарықтық атам қою қара қасы көзін жауып шөгіркөзденіп иегі мен қолы қалтырап отыратын. Ауру меңдеп екі көзі көрмей қалды. Балықтан енді келіп, қатқан киімдерін пештің тұсына іліп жатқан Тарғын ағама атам:

– Тарғынжан келдің бе? Теңіз тіліңді алып жүр ме? Сен де теңіздің тілін ал, тіл табыспасаңдар бәрі бекер, – деп дастарқанды сипалап алдындағы кесесін іздей бастады. Әжем алып берді. Тарғын әкесіне басын сүйеп еркеледі де, «көке не деп отырсыз?» – деді.

– Түсінбедің бе, түсінесің, өмір түсіндіреді, – деп күрсінді. Бір кезде атам жұлып алғандай: «Тарғын, сен маған абай бол, біреулер мені жетектеп алып кетейін деп жүр. Есікке кесе көлденең жатпасаң болмас, кәдімгідей жетектейді мені. «Мынау Әбілданың моласы» деген абырой бұйырмай, ел-жұртқа масқара болармыз».

Тарғын:

– Ой, көке қайдағыны айтасың, одан да шәйіңізді ішіп алыңыз, ертең Көзжетпеске, теңізге аттанамыз.

– Жақсы қарағым, жолың болсын, – деп бетін сипады қарт.

Атам айтатын: «Мен Әлім әкемнен бес жасымда жетім қалдым» деп.

«Бес жасымнан байдың қозысын бақтым, баламын ғой, күннің қызуына маужырап ұйықтап кетемін, шошып оянсам әкем қозыларымды қайырып, бағып жүретін. «Көке!» деп тура ұмтылсам лезде көрінбей, ғайып болады. Мен қозыларды айдап ауылға беттеймін. Осы көрініс ес біліп, есейгенше бірнеше қайталанды. Бұл тылсым құбылысты ешкімге айтпадым», – деп, Әбілда атам өз әкесін еске алып, соңында «иманы жолдасы болсын, әулием» деп бетін сипайтын.

Айша әжем: «Шал-ау, дауыл көтеріліп кетті. Тарғынжан кешікті ғой», –деп дегбірі қашып, шалын түртіп қояды.

– Кемпір, Әлім атаңның құдіретін білесің. Жан-жағыңды тұманға көміп, тас қараңғы қып, түнектеп, тек үйге баратын жолды ғана көрсетеді, – деді.

– Әй, шал-ай, қайдағыны еске түсіріп…

– Аа, солай ма? Тарғынжанды да Әлім атам бір құдайға тапсырған, кешігіп жатқан шығар, келіп қалар. «Күннің жаманы жоқ» демей ме деп, жастығының астына тыққан көне кітапты алып, маңдайына тигізді. Тәу етіп тасбиғын санап, намазшамның дайындығына кірісіп кетті.

Тарғын ағамның теңізге кеткеніне бір аптаның жүзі болып қалды. Атам мені қара есекке жұмсаған.

– Оңталап, есекті алып келдің бе?

Алдына келген есекке тоқымын салып, белінен бір тартты.

– Енді мені Сұлтан атаңның үйіне апар. Әңгімелесіп қайтамын, – деді.

– Жарайды ата, – деп қара есекті жүгендеп жатқанымда комбинаттың машинасынан түсіп, үйге қарай келе жатырған Тарғын ағамды көрдім.

– Көке, Тарғын ағам келе жатыр, – деп атамның құлағына асығыс жеткіздім. (Атамның құлағы ауыр естиді).

Атам әбігерленіп әрең міңген қара есектен секіріп түсті.

– Ау, Тарғынжан, теңізің қайда? Балығың қайда? Аманщылқ па?

– Ой, көке аманшылық. Қай қолтыққа салсам да, ауыма балық түспеді. Сөйтсем, Әлім атамның басына, «Кесек молаға» (жер атауы)  бармаппын, құран бағыштап әруақтан рұқсат алмаппын, – деді.

Сонда атам:

– Япырмай-ә, мені де қара басып, асығыс айдашап болған екенбіз – деді де:

– Әй, Серік, қотта уралыңды. «Кесек молаға» барамыз, – деп айқай салды. Біз кесек молаға жетер жетпестен атам көлікті тоқтатып, «енді қалған жерге жаяу барамыз», – деді.

«Кесек моланың» шығыс бетінен қоршалған тікен темірді көтеріп өтіп, бейіт басына келдік. Бейіт жермен-жексен болған, ақ тікен өскен жерге бізді айнала отырғызды.

– Балалар шуламаңдар. Қазір мен құран оқимын. Әкем шығады, қорықпаңдар. «Неден қорқамыз?» деген ой осқыласа та үндемедік. Атам құран оқып отыр. Бір кезде ақ шеңгелдің астынан бір жылан шықты. Әлгі сұсты мақұлық жағалай отырған бізді көргендей тура бізге қарай салды.

Бір кезде ортада отырған Тарғынның тұсына барып, бауырын көтеріп​, басын тіктеді. Үш рет басын изеді де, келген ізімен қайта қайтып, ініне кіріп кетті. «Біссіміллә» деген сөзді айта алмай, тілімізді жұтып біз қалдық.

Атам баппен оқыған құранын аяқтап, бет сипады. Біз үнсіз қайталадық. Ол тізесін қағып жатып:

– Ал, Тарғынжан, теңізге бара бер, енді ауыңа балық түсер!

Әбілда атам ұлына батасын берді. «Жарықтық, әулием, дұға дәметіп жатыр екен» деп күбірлеп орнына тұрып, тізесін қақты.

Осы оқиғадан кейін жыл бойы Тарғынның жылымы майланып жүрді, атақ-дәрежесі де өсті. «Аралдың ардағы, теңіздің тарланы» деген тақырыппен жергілікті «Толқын» газетіне мақалалар шығып жатты.

 Әбілда атам тірісінде бүкіл Айдарбектің Ардана руынан тарағандар әулиенің үні деп құдай жолы айтып, мал шалып, түнеп келіп кетіп жататын.  Әлім атамның әруағы еңбегін елге арнаған Тарғын немересінің екі дүниеде де қолдайды деп білемін. 

…Үстінде төрт жігіт бар, қалқан жайған жайдақ машина аңыз жапырып, күде басына келдік. Машинаны ыңғайлап қойғаннан кейін «Тарғынбау пішенді» машина үстіне атқылап жатырғанбыз. «Тарғынбау» дейтін себебіміз құшаққа сыймайтын пішеннің бауын Әбілда атам «Тарғынбау» деп атайтын. Кенет құжынаған ордалы жыланға тап болдық.

Күдеге бір кіріп, бір шығып жатыр. Біз шошынып кейін шегіндік. Атам болса: «Кеттік балалар, келесі күдегі барайық» деп арқандарын жинастыра бастады. Біз де апыл-ғұпыл жиналып, машинаға қайта міндік. Келесі күні келгенімізде біз көрген жыландар ізім-ғайым жоқ болып шықты.

– Қане, тией беріңдер, жылан жоқ. Кеше түнде көшіп кетті олар, қасиетіңнен айналайын, – деп атам көкке қарап, кемсеңдегендей болды. Содан бері жылан көрсем атам есіме түседі. Анда-санда үйге жылан кіріп, апыр-топыр болып қалатынбыз, ондайда әжем «тимеңдер» деп бала біткенді жолатпай, қуатын. Басына ақ құятын, сәлем салатын. Бұның себебін кейін білдім.

Әжем айтты, жыланды көрсем, атам кіріп келгендей сәлем беремін. Маған да әжемнің осы әдеті ұнайтын. Сал-дәстүрге берік қайран біздің қарияларымыз-ай, десеңші!

Тағы бір ерекшелігі, Айша әжем Шөмішкөл ауылының әйелдерін босандырып, жөргектеп жүретін. Үйге ентігіп жүгіріп келген бала:

– Әже, апам жіберді, апам толғатып жатыр. Сізді тез келсіндеп шақырды, – дер еді.

Әжем пісіріп жатқан сүтін бастыра салып, баланың соңынан жүгіре жөнелетін. Талай әйелді босандырып, талай перзентті құндақтаған әжемді сол ауылдың Би-Фатимасы көретінмін. Сол ауылда арақ ішіп, әйелін сабап, әке-шешесін тыңдамай жатқан бұзақыны да «Айша әжеңді шақырамын» деп қорқытатын. Қанша ішсе де әжем кіріп барғанда «қойдым-қойдым, жатамын енді» деп, төсегіне құлайтын.

Бір күні дүкенге сыра түскен ғой, ауылдың жігіттері шелектеп алып жатыр екен. «Ойбай, біздің Тарғын да несібесінен құр қалмасын» деп үйге екі шешелек сыра әкеліпті. «Апамның бергені – құдайдың бергені» деп, Тарғын жолдастарымен ішіп алса керек, тәлтіректеп тұрған Тарғынды көргенде әжем: «Ойбай, көтек, мынаны сусын ба десем, арақ болып шықты ма?» деп шелекті шелекке ұрған екен. Әжем де әулие еді ғой, жарықтық!

Қайран әжем, «Тарғын кітап оқитын еді» деп барған жерінен кітап әкеліп беретін. Ағам кітапты тез оқитын. Тамақ ішіп жатқан соң бір кітапты төрт-бес сағатта бітіріп, бір-екі сағат көз шырымын алып, ау қарауға аттанатын. Біз оянғанда есіктің алдындағы көлге қарайтынбыз. Көлден қара қайықпен Тарғын келе жататын. Біздің үйге ырзық пен несібе келе жататын. Біз қатты қуанатынбыз. Қайран, Тарғын аға…

Оңталап НҰРМАХАНОВ,

режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<