Корей халқының батыры

1184

0

Корей халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Хон Бом До 1868 жылы Пхеньян маңында кедей отбасында дүниеге келген. Ол 8 жасында жетім қалып, 15 жасқа дейін ағасының қарауында болған. Кейін жаяу әскерде сигналист болып қызмет етіп, одан соң қағаз фабрикасында жұмыс істеген.

1907-1910 жылдары таулы аймақтың аңшыларынан партизандар отрядын құрған Хон Бом До Әділет армиясының (Ыйбён) қатарында жапон отаршыларына қарсы қарулы күрес бастаған. Жау гарнизондарын батыл шабуылдаған ол Манчжурия­да (Қытай) 1910 жылдан бастап жапондарға қарсы әрекет еткен «Тоннипкун» армиясын құрған. Кейін Кеңестік Қиыр Шығыстағы азамат соғысына қа­тысып, Ленинмен кездесіп, қызыл партизандар қатарына қо­сыл­ды. Азамат соғысынан кейін Хон Бом До КСРО-да қалып, комму­нистік партияға өтті.

1937 жылдың жазында жапон әскерлері Қытайға басып кірді. Сол кезде Корея Жапон империясының құрамында бол­ғандықтан, Сталин­нің шеші­мімен Қиыр Шығыстағы корейлер Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдеріне жер аударылды. 172 мыңға жуық этни­калық корейлер Оңтүстік Қазақ­стан облысына, Арал теңізі, Бал­қаш маңындағы аудандар мен қазіргі Өзбекстан аумағына келді. Көп бөлігі Сыр өңіріне күштеп қоныстандырылып, күріш өсіруді өркендету жұмыстарына тартылды.

Депортацияланғандар қата­рын­да болған Хон Бом До Қызыл­орда қаласындағы корей театрында от жағушы әрі күзетші болып жұмыс істеген. Ол өзінің ерлік жолын жұртқа айтып, тұр­мыстағы қиындықтары мен әділет­сіздіктерге шағымданбай, томаға тұйық ғұмыр кешкен. Уақыт өте театр актерларының бірі батыр­дың өмірі, ерлік істері туралы кездейсоқ білген. Осылайша Хон Бом До қайтыс болардан бір жыл бұрын, 1942 жылы аты аңызға айналған генерал туралы пьеса сахналанды.

Айналасын қарапайым­дылы­ғы­мен тәнті еткен ол 1943 жылы дү­ниеден озды. Алғашында шет ай­мақтағы қалың қамыс арасын­дағы қо­рымға жерленген батыр туралы өмір бойы партизан болып, партизан сияқты жерленді деп айтып жүрді. Кейін, тәуелсіздік жылдары Хон Бом До қоры құрылып, мемориал орнатылды. Жергілікті билік генералды қайта жерлеуге арнайы орын бөлді.

Бүгінде Хон Бом До мемо­риал­дық кешені Қызылор­даның «Ақмешіт» шағын ауданындағы қалалық ескі зиратта орналасқан. Сондай-ақ, мұнда корей халқының тағы бір батыры – Ге Бон Удың ескерткіші бар, оның сүйегі 2019 жылы отанында қайта жерленген. Қос батырға Қызылордадан көше аттары берілген. Қазақстан корейлері қауымдастығының Қы­зыл­орда об­лыстық филиалының мүшесі Денис Пак Оңтүстік Корея билігі мемориалды сақтауға қаражат бөліп отырғанын айтты. Республикалық ассоциация мен жергілікті корейлер батырдың сүйегін Кореяға жеткізу туралы ұсынысты қолдаған.

– Ге Бон У сияқты, генерал Хон Бом До да корей батырларының ұлттық пантеонында жай табады. Ал, мемориал қараусыз қалмайды, Оңтүстік Корея оны абаттандырып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді Денис Пак.

Хон Бом До Оңтүстік ­Корея­да ғана емес, Солтүстік Корея­да да халық батыры саналады. «Бомминрён» корейлердің халық­аралық қоғамдық ұйымдар одағы Қазақстан Президентінің атына хатты жариялады. Онда КХДР батырдың мәйітін беру туралы өтініш білдірілген. Хон Бом До кезінде Корея әлі екіге бөлінбей тұрған уақытта, бір елдің бостандығы үшін күрескен. Дегенмен, Корей Халықтық-Демокра­тиялық Республикасынан Хон Бом До мәйітін қай­таруға қатысты ресми сауалдар түспеген. Айта кету керек, Қазақ­стан мен КХДР арасында дипломатиялық қарым-қатынас болма­ғанына қарамастан, КХДР-мен Қазақстан корейлерінің қауым­дастығы өз деңгейінде жұ­мыс жасайды.

Мемлекетаралық деңгейде Хон Бом До денесін Кореяға қайтару туралы келісім жасалған. Соңғы бірнеше жылда Қазақстан корейлерінің қауымдастығына осы мәселе бо­йынша Оңтүстік Корея тарапынан, атап айт­қанда, Қазақстандағы Корея Рес­пуб­­­ликасының Елшілігі мен Бас консульдығынан ресми өті­ніштер көп түскен. Мүрдесі отанына оралғаннан кейін Қы­зыл­ордадағы Хон Бом До мемо­риалы коммуналдық меншікке өтіп, Оң­түстік Корея техникалық қызмет көрсету шығындарын бөлуге ниетті.

Қазақстан корейлерінің қа­уым­­­дастығы саяси қуғын-сүргін құрбан­­дарын ақтау жө­нін­дегі мем­лекеттік комис­сияға Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доны ақтау туралы өтінішпен ресми хат жолдаған. Генерал Хон Бом До – бүкіл корей халқының қаһарманы. Ол – корей халқын бірлікке бастайтын, өмір жолы Корей түбегіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда үлгі боларлық тұлға. Өмірінің соңында Қызылордада театрда от жағушы әрі күзетші болып жұмыс істеген ол 75 жасында өмірден озды.

Аймақта жауынгер интернационалист Хон Бом Доның есімін ұлықтау шаралары өткізіліп тұрады. Айталық, Корей халқының даңқты батырының туғанына 150 жыл толуына орай 2018 жылы тарихи-танымдық конференция болды. Тағылымды шараға Корея Республикасынан арнайы делегация келіп қатысты. Батырдың сүйегін тарихи отанына қайтару шаралары былтыр, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кореяға сапары кезінде жоспарланған. Акция коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<