Қос қанаты – қалам мен домбыра

1990

0

Алла тағаланың адамзат баласына бұйыртқан қабілет-қарымында шек жоқ. Кейбіреуге үйіп-төгіп берген мүмкіндігі бәзбіреулердің басында табылмайтыны аян. Ал, үшінші біреулерге қос-қостан қолы ашылып бере салады.

Біз әңгімелегелі отырған белгілі журналист-жазушы, дәулескер күй­ші-сазгер, әріптесіміз Жұмабай Жа­қып осы соңғы топтың санатында. Үстіміздегі жылғы 1 шілдеде 75 жас­тың табалдырығынан аттаған Жұ­мабай ағамыз әлі тың, жүріс-тұры­сында қарттықтың ізі түгіл, өзі де жоқ. Алла берген сол қуат-қажырының арқасында Арал қа­ласында құр аттай шапқылап қо­ғамдық жұмыстың бел ортасында белсеніп жүр. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылдан бері Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғам­дық бірлестігі Арал аудандық фи­ли­ал­ының төрағасы.

Өмір дерегіне ресми түрде ретімен тереңірек көз жіберсек, жоғарыда айт­қанымыздай, 1945 жылғы Жеңіс ме­рекесінен 2 ай 8 күн өткенде бұрынғы Райым ауылдық округінде 1 шілде күні соғыс және еңбек ардагері Жақ­сылық Жүсіпов пен Наушарбан Ал­мағамбетқызының отбасында шыр етіп шырайлы дүние есігін ашқан болатын. Жұмабай қаламгердің одан арғы өмір соқпағы төмен­дегіше өр­нек­теледі.

1962 жылы Қамыстыбас №21 орта мектебін, 1964 жылы Қа­за­­лыдағы те­міржолшылар даяр­лау училищесін, 1976 жылы Қа­зақтың Ұлттық Мемле­кеттік уни­­вер­ситетінің журналистика фа­культетін бітірді. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң еңбек жолын 1970 жылы Қазалы аудандық бұрынғы «Ленин туы» (қазіргі «Қа­залы») газетінде корректорлықтан бастап әдеби қызметкер, бөлім меңге­рушісі, жауапты хатшы қыз­меттерін атқарды. Мұнан кейін Сырдария ау­дандық «Сырдария» газетінде радио бөлімінің меңге­рушісі, облыстық те­лерадио ком­паниясында аға редактор, Арал аудандық радио хабарын тарату редакциясында жауапты редактор, аудандық «Толқын» газетінде жа­уапты хатшы, аудан әкімінің баспасөз хатшысы болып істеді.

1999-2009 жылдар аралығында облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы ай­мақ­тық тілшісі, Арал аудандық «Тол­қын» газетінде редактор-ди­рек­тор қызметтерін атқарды. Оның ақын, жур­налист, жазушы ретінде облысы­мызға кеңінен танымал қаламгер екені бізге жақсы аян.

Сонау алпысыншы жылдардан бас­тап өлеңдері облыстық, рес­пуб­ликалық басы­лым­дарда жарық көріп келеді. 1977 жылы Қара­қалпақ АССР-інде басылып шық­қан Қызылорда, Қарақалпақ ақын­­дарының өлеңдер жинағына бір топ жырлары енген. Проза сала­­сында экологиялық та­қы­рып­тағы «Те­ңіз қызы мен тау жігіті» атты ертегі повесі «Жалын» баспасының 1991 жылғы  бәй­гесінде жүлделі үшінші орын ием­денсе, «Алақай, теңіз келеді, көкем келеді!» әңгімесі Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жыл­дық мерейтойына орай Мә­дениет министр­лігі мен «Қазақ­мыс» компа­ниясы бірігіп өткізген «Отаны­мыздың тәуелсіздігіне тар­­ту» атты патриоттық тақырып­тағы үздік көркем шығар­малар бай­қауында  жеңімпаз болып та­нылды. Оның ертегілері облыс ақын-жазушыларының «Жүректегі жау­һарлар» атты жинағына енген бо­латын.

Ұзақ жылдардағы журналистік зерттеу еңбегінің нәтижесінде Жетес бидің шешендік сөздеріне арналған «Жетес би», «Теңіз қызы мен тау жігіті» ертегілер, «Ше­шілген түйін», «Аралдық Бауыр­жанның әзіл әлемі» атты проза­лық, «Жастық шақтан бір белгі» атты өлең кітаптары жарық көр­ді. Мұнымен бірге Арал ауда­ны­ның атаулы жылдарына ар­налған «Тарихи тұлға, тілді би», «Ән әлемінде, жүрек тереңінде», «Тәуелсіздікті ту еткен тұлғалар», «Әлем таныған Арал», «Қазақ рухын көтерген Қарақұм құрыл­тайы», «Тә­уелсіздік толғауы» кі­таптарының құрастырушы редак­торы.

Жұмабай Жақып – сазгер-күйші ретінде де ауданның мәдени өміріне белсене араласып жүрген талант иесі. Ол отыздан астам күйдің авторы. Солардың ішінде «Құм кешкен ке­руен», «Отырардың оянуы», «Оты­рар сарбаздарының маршы», «Оты­рар­дың толғауы» атты топтама күй­лері мен Қорқыт бабамызға ар­налған «Желмаялы Қорқыт», Абай Құ­нанбайұлының өлеңіне жазылған «Қараңғы түнде тау қалғып», Манап Көкеновке арналған «Арқалы ақын айтыста» атты туындыларының шоқ­тығы биік. Ол – 1983 жылы Қармақшы ауданында өткен сазгер-күй­ші­лер­дің облыстық байқауында жүл­делі үшін­ші орын иеленген өнер иесі дәулескер күйші.

Жұмабай Жақып Қазалы ауданы­ның біршоғыр домбырашылары Жал­ды­бай Елекеев, Қобылаш Жай­мұ­ратов, Нұрмағамбет Әлиевтерді жан-жақты жазып, күйшілік өнерді насихаттай білді. Сол арқылы атақты Қазанғап күйшінің замандасы, Сыр елінің саңлақ сазгері Мырза Тоқта­болатұлының өмірі мен шығар­ма­шылығын зерттей жүріп, «Тұмар» баспасынан «Сазгер, күйші Шал-Мырза» атты кітабын шығарды.

Ж.Жақыптың жеке орында­уында 1984 жылғы Қазақ те­леви­дениесінде және бірнеше мәрте об­лыстық теле­видениеде арнайы ха­­барлар берілді. 2015 жылғы об­лыстық Ә.Тәжібаев атындағы орталық кі­тапханада «Қа­лам менен домбыра – қос қана­тым» атты әде­би-әуездік шы­ғарма­шылық кеші өтті.

Жәкең ұзақ жылдар бойы бас­қар­ған, тамырына қан жүгіртіп отырған филиал жұмысына келетін болсақ, бүгінде ауданда «Қазақ тілі» қо­ғамының 120 бастауыш ұйы­мы, Сек­сеуіл кентінде бір коми­тет жұмыс істейді. Олар қоғамның 3560 мүшесін біріктіріп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, аудан­дық филиалда 11 мүшесі бар алқа құрамы сайланып, бастауыш ұй­ым­­дармен және олардың жетек­­шілерімен тығыз байланыс орна­тыл­ған. Филиал жыл сайын бел­гі­ленген іс-шараларға сәй­кес жос­­парлы жұмыс істеп келеді. Түрлі тақырыптар бойынша баста­уыш ұйымдарда, мәдени-көпшілік орын­дарда кеш, кездесулер өт­кізу, озат ұйымдар мен тіл жан­ашырларын ма­ра­паттау, ынта­ландыру жұмыстары тұрақты ат­қа­рылуда.

Атап айтқанда, биылғы жыл­дың өзінде «Ана тілі аналар жүрегінде», «Тілді сүйсең Абайша сүй», «Ұлттық тілден ұлысы жоқ», «Мұқағалидың жыр әлемі», т.б. тақырыптардағы дөң­гелек үстел, кездесулер тіл жан­ашырларының қатысуымен әсерлі өткені көрер­мендердің есінде.

Филиалда екі штат бірлігімен төр­аға және әдіскер жұмыс істейді. З.Шүкіров атындағы қалалық мәде­ниет үйінде орналасқан жұмыс бөл­месі компьютер, телефон, стол, басқа да қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ісқағаз­дар мен құжаттар жолға қойыл­ғанын көзіміз көріп, көңіл сүйсінді.

Ж.Жақыптың шығармашылығы әр жылдары өз бағасын алуда. Атап айтсақ, 2002 жылы «Облыстың үз­дік журналисі», 2003 жылы Арал ау­данының «Үздік журналисі» ата­нып, екі мәрте облыстың Құрмет грамотасымен, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» меда­лімен марапатталған. Қазақстан Жур­­­налистер одағы сыйлығының лау­реаты. Қазақстанның Құрметті жур­налисі. Халықаралық Жазушы­лар ода­ғының мүшесі.

2017 жылдан бері өзі ұйым­дастырған «Арал аудандық Зей­нолла Шүкіров атындағы шығар­ма­шылық бірлестік» қоғамдық бір­лестігінің және «Арал әлемі» га­зетінің төрағасы.

Жұмабай ағамыздың журналис­тік қызметпен бірге күйшілік өнерді алпыс жылдан астам уақыт бойы аялауы бізді қа­шанда қатты қызық­тыратын. Соған орай ке­йіпкерімізге келте сауал қойдық.

– Әр нәрсенің бастауы болады. Күйші-сазгер болуыңа қандай нәрсе және кім түрткі болды?

– Ә, онда кішкентай бала едім. Ол кездері нағашыларым Қос­жар елді мекенінің маңайында егін­шілікпен шұғылданып отырған. Анамның інісі әскерден келіп, отбасы той жасап, соған бізді шақырған бір күні. Барған бетте киіз үйдің төрінде ілулі тұрған ағаштан ойып жасалған домбыраны көзім шалды. Менің көзімнің той аяқталғанша кереге басында ілулі тұрған домбырада болғанын әкем аттас Жақсылық нағашым аңғарса керек. Ауылға қайтарда қолыма ұстатты. Оның үстіне әкем марқұм да ыңылдап ән салып, домбыра шер­те білетін өнерлі жан еді. Соның арқасында бұл аспап алпыс жылдан астам уақыттан бері маған сенімді серік болып келеді, – дейді Жұмабай ағамыз.

Жөкең аудандағы өнер адам­дары­мен тығыз қарым-қатынаста. Олар­дың бірі күйші болса, екіншісі жур­налист, үшіншісі суретші. Ол өзі басқарып отырған «Арал әлемі» ба­сылымында жергілікті жастардың шығармашылығына ба­са көңіл бөліп отырады.

Атағы Арал-Қазалы аймағы­нан асып, Алаш баласына түгел мәлім болған арғы атасы Жетес би жайлы көп жылдардан бері қалам қарымын та­нытып келеді. Бірсыпырасы жо­ғарыда айтқанымыздай баспа, басы­лым жүз­дерінде жарық көріп, қалың көп­шілікпен қауышқалы қашан.

Жұмабай ағамыз екеуміз жи­ырма жылға жуық қатар қызмет атқардық, қаламның қызығын да, шыжығын да бірге көрдік. 1990-1995 жылдары облыстық ра­­диокомитеттің Арал қа­лалық  радио хабарларын тарату ре­дак­циясында шығармашылықпен қа­­тар шұғылдандық. Одан кейін ау­дандық газетте қол ұстасып бірге еңбек еттік. Қол боста біріміз қоңыр домбыраға тіл бітірсек, екін­шіміз жаңа жазған жыр шумақ­тарымызды оқып беретінбіз. Жө­кең екеуміздің Арал қала­сын­дағы «Жазушылар ода­ғы­мыз» – редак­цияның құрқылтайдың ұясындай бөлмесі. Әдеби орта да екеуміз болдық.

Жұмабай ағамыздың қос қанаты қалам мен домбыра іспеттес. Қағаз­дан қажығанда қоңыр домбыраны алдына өңгеріп күй өнері саласында орындаушылық шеберлігі, та­биғаты мүлде тосын, сонысымен көңілге қонымды, құлаққа жағымды «Құм кешкен керуен», «Отырар сарбазда­рының маршы» сияқты күйлерін күмбірлететін. Жөкең сияқты күйші-композитордың осы бағыттағы еңбегі ел тарапынан әлі жөнді бағаланбай жүргені анық.

Ол облыстық «Сыр бойы» басы­лымының Арал-Қазалы өңіріндегі меншікті тілшісі қызметін атқарған он жыл – оның ұмытылмас кезеңдері. Жур­налист Жұмабай Сырдың аптап жа­зында, алтын күзінде, жаймашуақ көктемінде, ақша қар басқан аязды қысында Қызылқұмды бөк­терлей орналасқан қазыналы Қа­залы мен Қарақұмды жайлап, ел байлығын есе­леген аты әлемге мәшһүр шартарапты талай шар­лаған. Бұл сапарларынан туған проблемалық мақалалары, сүңгіт­тей суреттемелері, ойлы очерктері облыс­тық басылымда күн құр­ғатпай жария­ланып, оқырман оясы­нан табылып жататын.

Сол шабысынан кейін де танған жоқ. Арал аудандық «Толқын» газе­тінің редактор-директо­ры қыз­ме­тінде жүргенде де қаламынан туған талай журналистік ізденіс­тері іркілмеді. Редакция табал­дырығынан имене аттаған талай жастың маңдайынан сипады, арқа­сынан қақты. Сөйтіп, журналистік сапарға аттандырып ақ жол тілегені біздің есімізде.

Бұл күндері Арал қаласындағы үлкен шаңырақтың иесі атанып, өмір­лік серігі Мария Өтегенқызы екеуі бес бірдей перзентін аялап өсірді. Тұла бойы тұңғыштары Махмуд ата қонысы Жетес би ауылдық округінің әкімі болса, Айнадин мен Мағжаны болат жол бойының  білікті қызметкерлері, Гүлфариза үйлі-баранды, медицина қызметкері, сүт кенжелері Тоғжан – мектеп қабырғасында шәкірт.

Үстіміздегі жылы аталып өткен Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесі қарсаңында Жұмабай ағамыз са­лалық министр А.Балаева мен облыс әкімінің мақтау марапатына, құттықтауына ие болып, 75 жастың табалдырығынан сергек сенім, зор қуанышпен аттады. Ұза­ғынан сүйіндірсін.

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<