Өндірісі өркендеген құс фабрикасы

468

0

Қызылорда қаласындағы өндіріс орындары мен өнеркәсіптің пайда болуы және даму кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Соғыстан кейін халық шаруашылығы қалпына келтіріліп, нәтижесінде қалада өнеркәсіп орындары бой көтеріп, тұрмыс нысандарының құрылысы жедел қарқынмен дами бастады.

1947 жылғы 3 қаңтардағы Қызылорда облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің №6 шешімімен Қызылорда құс комбинаты құрылып, оған 17 қаңтарда Сырдария ауданы «Шағын сабалақ» тресі аумағынан 303 гектар болатын жер телімі, 188 гектар қосалқы егістік жер берілді. Комбинат басшылығына Федор Ефимович Буткевич тағайындалып, 1948 жылы жұмысшылар саны 18 адам болды. 1948-1949 жылдар аралығында республикалық кадрларды даярлау мектебінен 3 оператор, 1 зоотехник, 1 құс өсіруші, 1 май дайындаушы білім жетілдірді.

Қызылорда құс комбинаты құс, ірі және ұсақ мал, сондай-ақ шошқа өсіру және бордақылаумен айналысты. Ірі, ұсақ малды өсіру базасы «Ноғай қора» мен «Оспан көпір» учаскелерінде орналасты.

1949 жылы 10 маусымда 100 тонна құсты өңдеуге арналған Қызылорда  типтік құс комбинатының құрылысы басталды. Үлгілік құс комбинатының құрылысы аяқталғаннан кейін онда 20 мыңға дейін аналық құс болды. Облыстың колхоздары мен совхоздарынан келіп түсетін 140-150 мың бас құсты қабылдауды, бордақылауды және қайта өңдеуді қамтамасыз етті.  Комбинатта жасушалық, аналық, инкубатор, сою цехы, жұмыртқа сақтау, жем-шөп, тоқ көзі, автопарк, құрылыс цех-зерттеушілер, трактор көлігі, сантехника цехтары жұмыс істеді.

1951 жылы құс комбинатына облыс орталығынан 11 шақырым жердегі «Қаратоғай» шатқалынан 2000 орындық құсқа арналған қыстау қораларын салу белгіленді. 1976 жылы құс фабрикаларының өндірістік бірлестіктері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Осы жылы 1665 млн дана жұмыртқа, 54,3 мың тонна құс еті өндіріліп, мемлекетке 200 млн дана жұмыртқа, 12 мың тонна құс еті сатылды.

Қызылорда құс фабрикасында әлеуметтік міндеттемелерін орындауға бағытталған үлкен жұмыстар атқарылып отырған. Мысалы, қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, олардың отбасы мүшелерінің демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында кинотеатр, концерт, санаторлық-курорттық емделуге туристік жолдамалар беру, балабақшаға бірінші кезекте көпбалалы аналардың балаларын орналастыру және аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларына туристік жолдамалар беріліп, пионер лагеріне жіберіліп отырды. Еңбектің озық тәсілдері насихатталып, тәжірибе алмасылып, ерекше көзге түскендер марапатталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<