Көрермен көңіліне көшкен қойылым

1210

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» атты мерекелік концертті жұртшылық зор ықыласпен қабылдаған болатын. Шынында бұл театрландырылған қойылым-концерт – елдің рухани өміріндегі айтулы оқиға. Оны ұйымдастыруға өңіріміздің мәдениет саласы мекемелері, барлық өнер ұжымдары атсалысты.

Іс-шараға барлығы 250-ге жуық адам қатысты. Қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Атқарылған қыруар жұмыс, дайындық, репетиция бәрі де – сізбен біз біле бермейтін бейнеті бітпес шаруа. Айталық, музыкалық материалды дайындаған облыстық филармонияның Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, дирижері  Кеулімжай Ботабаев, Мүсілім Әмзе, жетекшісі Самат Абылаев. «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі, оның жетекшісі Әбдіхалық Мұстафаев. Сондай-ақ, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледж бен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің хор ұжымдары, олардың жетекшілері Рустам Рысмағамбетов, Сәуле Күздібаева. Бұдан бөлек, мәдениет мекемелерінен артистер, театр актерлары, сала қызметкерлері, дәстүрлі орындаушылар, жыршы-жыраулар қатысқан. Жаңадан қойылған билер арқылы Тәуелсіздік жылдарын бейнелеуге мүмкіндік берген «Томирис» би ансамблі, жетекшісі Гүлбану Мырзабаева. Дыбыс режиссерлері – Алексей Коваль, Марлен Бәйімбетов. Хореографтар – Замира Ыстықбаева, Айгерім Шағырова, Мөлдір Тойбазарова.

Сонымен қатар, суретші, дизайнер, видео-фото оператор, сахна қызметшілері, жарық режиссері, костюмер, реквизитор, амортизация, ұйымдастырушылар, жауаптылар… Расында бір ғана қойылымның артында үлкен еңбек, ауқымды жұмыс, қаншама адам тұр.

Мәдениет майталмандарының ауқымды шараға жұмсаған қыруар еңбегі қандай құрметке де лайық. Сондықтан, сахна сыртындағы, көрермен назарынан тыс тұстары туралы қойылымның бас ассистенті, сценарий авторы, облыстық филармония директорының орынбасары Әзиза Іздіқұловадан сұрап білдік.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін ел іргесін бекіту, Қазақстан Республикасын әлемге мойындату, таныту жолында қаншама жұмыс атқарылды. Ұлттың ұлт екені тілінен, дәстүрінен, тарихынан білінеді. Сондықтан қойылымдағы негізгі басымдықты ұлттық өнерге бердік. Бірақ ұлттық өнер тарихы деп тым әріге кетпей, 30 жылдағы жетістігіне тоқтайық дедік. Осы уақыт ішінде қазақ өнері жаңа сипатқа ие болды. Бұл – заманның заңдылығы. Ештеңе де бір қалыпта қалмайды. Мысалы, қазір ұлттық киіміміздің өзі жаңа келбетке ие. Айта берсең көп. Сондықтан өнердің жаңғырған сипатын сахнаға алып шығайық деген мақсат болды, – дейді Әзиза Іздіқұлова.

Ол кісінің айтуынша, қойылым идеясы «Сәлем, Елорда!» фестивалінде туған. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен өткен фестиваль аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының концертін тамашалаған облыстық филармония директоры Талғат Мақашев сол кезде-ақ концерттің режиссері әрі аталған театрдың бас режиссері Жұлдызбек Жұманбайды шақыру туралы ойын ортаға салған. Ұсыныс облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов тарапынан қолдау тапқан. Осылайша, сол концертке ұқсас қойылым жасау үшін оның режиссері арнайы келіп жұмыс істеді.

Көптеген ой ортаға салынды. Өнер саласының бай репертуарлық базасын көрсете алатын дүниелер таңдап алынды. Қазақ өнері дегенде ойымызға сал-серілер, жыраулық, дәстүрлі өнер, би өнері, қасиетті қобыз, айтыс келетіні белгілі. Сондықтан, қойылымда 30 жылдағы Сыр өңірінің жетістіктері ғана емес, барша қазақ елінің қуанышы көрініс тапқан.

– Еліміздің барлық аймағының шығармашылығын қамтуға тырыстық. Дәстүрлі әншілеріміз Батыс, Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатайдың аманатын сазды сәлем етіп жеткізді. Сыр елі дегенде жыраулық өнермен қатар, Сыр әндері шырқалып, оған қобыз үні қосылды. Осының барлығын бір-бірімен байланыстырып, бүтін дүние жасадық, – дейді Ә.Іздіқұлова.

Тағы бір айта кетерлігі, қойылым-концерт барысында фонда ойнатылған әрбір ән мен күйдің өзінің терең астары бар. Сондықтан ондағы Түркештің «Көңілашары», Құрманғазының «Сарыарқасы», елдің ерлік болмысын танытқан «Жорықта» күйі,  «Хан Кене», «Нартай сазы» күйлері, осылардың әрқайсысы көрерменін өз иіріміне тартады.

Қойылым үш онжылдыққа бөлінген. Алғашқы онжылдықта он жасар Ерәли шығып, егемендігін енді алған мемлекетіміздің қалыптасу кезеңі туралы айтады. Сол сәт «Көк тудың желбірегені» әні шырқалып, алғашқы онжылдық бүгінгінің әні арқылы қазіргі кезеңмен байланысады. Екінші онжылдық жиырмадағы жігіт пен қыздың диалогы арқылы берілген. Ал, үшінші кезең – орда бұзар жастағы жігіттің өткен жылдарға ой бұрған сәті. Сонда оған әке деп алдынан шыққан кішкентай қыз – ұрпақ жалғастығы, нұрлы болашаққа сенім көрінісі сияқты. Тәуелсіздік жылнамасы қамтылғаны өз алдына, концерттің негізгі нүктесі – осы үшеуінде.

Қазақтың төл өнері – айтыс десек, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының көрінісі үш мәрте «Алтын домбыра» иегері, айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов пен Нұрзат Қарудың қыз бен жігіт айтысына жалғасуы да – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

Жүргізуші сөзіне мән берсек, мемлекетіміздің тұрақтылығын сақтап қалу – жас буынға аманат. Сол сәтте жас ұрпақ: «Сүйінішіңмін, сүйенішің болып өтермін. Ар алдында аманатқа антым сол, болашаққа байрағыңмен жетемін!» дейді.

– Қойылымда әр сөзге мән берілді. Шараның жауапкершілігі өте үлкен, одан күткеніміз де жоғары болды. Өзім үшін де Тәуелсіздіктің орны бөлек. Осы 30 жылға бар жастығымызды, жігерімізді бердік. Олай дейтінім, мен 1991 жылы оқуға түсіп, оны 1995 жылы бітірдім. Салаға енді келген кезім еді. Мемлекет болып қалыптасуымыздың алғашқы кезеңі. Халықтың ойын өзгерту, тегіне, тарихына бетін бұру оңай нәрсе емес. Сол жылдары өнер адамдары жанкешті жұмыс жасады. Сондықтан бұл қойылым – Сыр елінің өнер ұжымдарының ерлігі. Ауызбіршіліктің арқасында біткен жұмыс, – дейді Әзиза Іздіқұлова.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<