ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ МЕКЕНІ

471

0

Тарихтан сыр шертетін, сан ғасырлық құнды дүниенің киелі мекеніне айналған облыстық тарихи-өлкетану музейі Халықаралық музей күніне орай түрлі шаралар өткізіп, қала тұрғындарын тарихи жәдігерлерге саяхат жасатты. Тарихқа үңілсек, бұл күн Халықаралық музейлер кеңесінің Мәскеу мен Ленинградта өткен конференциядағы ұсыныстары негізінде 1978 жылдан бері аталып өтіп келеді.
Музей күнін әлемнің 150-ден астам мемлекеті мереке ретінде тойлайды екен. Қазақстандағы алғашқы музейлік бастаманы 1823 жылы Жәңгір хан көтерген. Сол жылы өз ордасында көрме залын ашқан. Қазақстандағы алғашқы музей осыдан 8 жылдан кейін 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда ресми түрде ашылды. Кейін 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда, 1859 жылы Оралда жалғасын тапқан. Ал, Сыр мұражайы 1939 жылы өз жұмысын бастаған.
Осы жылы облыстық мұражай мен оның филиалдары Ақмешіт музейі мен Көркемсурет галереясында мерекеге орай «Музейге сый» акциясы ұйымдастырылып, «Тілсіз тарих тілдескенде» атты ашық  есік күні жарияланды. Шара «Болашаққа аманат» капсуласын тапсыру рәсімінен бастау алды. Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында ұйымдастырылған аманат капсуласына Сыр өңірінің біртуар азаматтары мен мақтаныштарының 200 хаты салынып, музей қорына сақтауға табысталды. 2050 жылы ашылатын капсуланы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бақытгүл Бекмамбетке тапсырып, жиынға қатысушылар мен мұражай қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Музей – тарих, музей – шежіре, өткеніміз бен бүгініміз. Сол өткен мен бүгінгі күннің тарихын жалғастыруда, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейдің алатын орны ерекше. Материалды жинау, тіркеу, экспонаттарды сақтау және оларды халыққа таныстыруға дейінгі жұмыстардың бәрінде қаншама көзге көрінбейтін еңбек жатыр. Бұл орайда музей қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени мұраларды өз қоржынына сақтап, келешекке аманаттап келе жатқан киелі мекеннің бүгінгі  мейрамы құтты болсын, – деді С.Шаухаманов.  
Айта кету керек, «Музейге сый» акциясы негізінде музей қоры Ақмешіт уезінде ұйымдардың өкілетті елшілік қызметін атқарған Ержан Ескуженұлының, мемлекет және қоғам қайраткері С.Шаухамановтың, еңбек және тыл ардагері Тұрсынай Дүйсенованың, құрметті теміржолшы Жабал Сәдуақасұлының құжаттары мен жеке тұтынған бұйымдары және қолөнер шебері Отарбай Боранбаевтың жасаған жеті қанатты киіз үйдің сүйегі секілді 200-ге жуық құнды экспонаттармен толықты.
Музей күні кеші мұнан әрі Өнер арбатында өткен «Музей түні-2018» мәдени шарасына  ұласты. Шара барысында қоғамдық музейлермен бірлескен «Мобильді музей» атты жылжымалы көрме, Астананың 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған «Тарих белестері» фотокөрмесі және «200 жәдігер» атты музей қорындағы экспонаттар суретінен дайындалған фотосушка халық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, бұл күні жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларынан әзірленген «Ұлы Жібек жолының ізімен» көрме-жәрмеңке мен шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды. Түнгі сағат 12-ге дейін жалғасқан шарада «Жас Отан» ЖҚ бірлесіп жүзеге асырған «Жайдарман» және «Сырлас» вокалды аспаптар ансамблінің концерті мерекенің көркін кіргізіп, халыққа жақсы көңіл күй сыйлады. Музей түнінде оқушылар мен колледж студенттер тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, ой сергітер сынды ұлттық ойындардан көрініс қойса, «Тарихыңды таны» тарихи квест ойыны мен «Үкілі домбыра» оркестрі орындаған халық әндері көпшіліктің көңілінен шығып жатты.  Бұдан бөлек шараға қатысушылар «Музей тарихы» атты видеороликтен мекеменің өткені  мен атқарып жатқан жұмысына қанықты. Осылайша музей түнін тамашалаған жұрт бұл күн кәсіби мейрам ғана емес, музейдің мәдени институт екендігін білді. Шара соңында  көрермендер «Жұлдызды шашу» рәсімі бойынша әуе шамдарын аспанға ұшырды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<