1 шілдеден кедейлік шегін жаңа тәртіппен есептеу бұйрығы күшіне енеді

573

0

Сурет ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта көрсетілгендей, енді елімізде кедейлік шегі жаңа есептеу тәртібі бойынша айқындалмақ.

«Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегі:

– 2023 жылғы 1 шілдеден бастап – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде;

– 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген медианалық табыстың 50 пайызы мөлшерінде айқындалсын», – делінген министр қол қойған бұйрықта.

Құжат 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кетейік, қазір кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең. Демек, қазір күнкөріс деңгейі 40 565 теңге болса, оның 70 пайызы – 28 397 теңге.

Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова кедейлік шегі орташа табыс деңгейі арқылы анықталатынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл өзгерісті енгізу алдында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі зерделенген. Осы ұйымға енетін 8 мемлекет кедейлік шегін медиандық табыс деңгейі арқылы айқындайды.

Қоса кетсек, өткен жылдың соңында Қазақстанда 986,5 мың адамның табысы кедейлік шегінен төмен болған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<