11 маусым күні футбол әлемі тағы бір тарихи белесті қарсы алды. АҚШ, Канада және Мексикада басталған ФИФА-ның 23-Әлем чемпионаты спорт тарихындағы ең ауқымды дода ретінде тіркелмек. Бұған дейін ешбір мундиаль мұндай көлемде ұйымдастырылған емес. Үш мемлекет бірлесіп қабылдап отырған турнирде алғаш рет 48 ұлттық құрама бақ сынаса, жанкүйерлер 39 күн ішінде 104 матчтың куәсі болады.
Бұл – жай ғана мундиаль емес, футболдың жаңа дәуірге қадам басқанын көрсететін тарихи жоба. 2026 жылғы Әлем чемпионатының басты ерекшелігі – ұйымдастыру ауқымы. Бұған дейін мұндай ауқымдағы турнирді бір немесе екі мемлекет қана қабылдап келген болса, бұл жолы үш елдің бірлескен ұйымдастыруы тарихи жаңалыққа айналды.
АҚШ, Канада және Мексиканың 16 қаласы футбол мерекесінің орталығына айналады. Мыңдаған ерікті, миллиондаған жанкүйер және әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер Солтүстік Американы футбол астанасына айналдырмақ.
Әсіресе Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионының орны ерекше. Бұл арена 1970 және 1986 жылғы дүниежүзілік біріншіліктерден кейін үшінші рет мундиаль ойындарын қабылдап отыр. Осылайша ол футбол тарихындағы мұндай жетістікке қол жеткізген алғашқы стадион атанды.
ФИФА бірнеше жыл бұрын турнир форматын кеңейту туралы шешім қабылдаған болатын. Соның нәтижесінде қатысушылар саны 32-ден 48 командаға дейін артты. Бұл өзгеріс көптеген мемлекеттерге дүбірлі додаға қатысуға мүмкіндік берді. Биыл Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао секілді құрамалар тарихында алғаш рет мундиальға жолдама алып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім футбол географиясын кеңейтіп қана қоймай, жаңа нарықтардың дамуына жол ашады. Бұрын бұл турнир негізінен футбол алпауыттарының алаңы саналса, енді жаңа мемлекеттер де өзін көрсетуге мүмкіндік алды.
Дегенмен бұл жаңашылдықтың сыншылары да бар. Кейбір мамандар әлсіз құрамалардың көбеюі турнир деңгейіне әсер етуі мүмкін деп есептейді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, мундиальдардағы ең үлкен сенсациялар дәл осындай қарапайым саналатын командалардан туындайды.
Биылғы доп додасы көптеген аңыз футболшылар үшін халықаралық аренадағы соңғы ірі турнир болуы ықтимал. Футбол жанкүйерлері тағы бір рет Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің өнерін тамашалайды. Екі футболшы да өз мансабындағы алтыншы мундиальға қатысып, тарихи рекорд орнатуда. Бір дәуірдің символына айналған бұл екі жұлдыздың қарсыласуы соңғы жиырма жыл бойы жаһандық футболдың басты тақырыптарының бірі болды. Енді олардың дүниежүзілік біріншіліктегі соңғы сапары ерекше эмоция сыйлайтыны сөзсіз. Сонымен қатар Лука Модрич, Неймар, Мануэль Нойер, Кевин Де Брюйне және Мохамед Салах секілді футболшылар үшін де бұл турнир қоштасу алаңына айналуы мүмкін. Сондықтан ФИФА-2026 тек чемпиондық үшін күрес емес, тұтас бір буынның үлкен сахнамен қоштасуы ретінде де есте қалмақ. Егер Роналду мен Месси дәуірі аяқталуға жақын болса, жаңа көшбасшылардың дәуірі басталып келеді.
Франция құрамасының көшбасшысы Килиан Мбаппе бүгінде әлем футболының басты жұлдыздарының бірі саналады. Сонымен қатар Испанияның жас таланты Ламин Ямаль, Норвегия шабуылшысы Эрлинг Холанд, Англия өкілі Джуд Беллингем және Бразилияның жаңа буын футболшылары өздерінің дәуірін бастауға дайын.
Бұл Әлем чемпионаты бірнеше рекордпен ерекшеленеді. Біріншіден, 104 матч ойналады. Бұл – турнир тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Екіншіден, жүлде қоры бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жалпы сыйақы көлемі 871 миллион доллар, чемпион команда 50 миллион доллар иеленеді. Үшіншіден, көрермен саны бойынша да жаңа рекордтар күтілуде. АҚШ-тағы ірі ареналар ондаған мың жанкүйерді қабылдай алады. Кейбір матчтарға 80 мыңнан астам көрермен жиналуы ықтимал.
ФИФА-2026 технологиялық тұрғыдан да жаңа деңгейге көтерілді. Матчтарда арнайы сенсорлармен жабдықталған интеллектуалды доптар пайдаланылады. Олар ойын барысында нақты мәліметтерді VAR орталығына жіберіп отырады. Жартылай автоматты офсайд жүйесі бұрынғыдан да жетілдірілді. Даулы сәттер бірнеше секунд ішінде анықталып, төрешілердің шешім қабылдау уақыты қысқарады. Сонымен қатар жасанды интеллект элементтері статистикалық талдау мен трансляция сапасын жақсартуға қолданылмақ.
Мамандардың басты фавориттері қатарында Аргентина, Франция, Испания, Бразилия, Англия және Германия құрамалары аталады. Әлем чемпионы атағын қорғаушы Аргентина тағы да мықты құраммен келген. Франция құрамасы жас әрі тәжірибелі ойыншылардың үйлесімімен ерекшеленеді. Испания соңғы жылдары қарқынды дамып, Еуропаның ең қауіпті командаларының біріне айналды. Бразилия дәстүрлі түрде басты фавориттердің қатарында болса, Англия құрамасы да соңғы жылдардағы тұрақты нәтижелерімен көзге түсіп келеді. Дегенмен Әлем чемпионаттарының тарихы көрсеткендей, мундиальдарда алдын ала болжамдардың бәрі бірдей орындала бермейді.
Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы бұл жолы да Әлем чемпионатына қатыса алмай отыр. Алайда қазақстандық жанкүйерлерді қызықтыратын бірнеше фактор бар. Ең алдымен, көршілес Өзбекстан құрамасының тарихи дебюті. Сол өзбек бауырларымыздың құрамында негізгі қақпашысы Уткир Юсупов Шымкенттің Сайрам ауданының тумасы. Ертеде ата-анасы Өзбекстанға көшіп, сол жақтың азаматтығын алған. Орталық Азия футболының жаңа белесі ретінде бұл оқиға аймақ футболының дамуын көрсетеді. Екіншіден, әлемнің үздік футболшыларының соңғы және жаңа буын өкілдерінің өнерін тамашалау мүмкіндігі бар. Үшіншіден, барлық матчтар Қазақстан аумағында тікелей эфирде көрсетіледі.
2026 жылғы Әлем чемпионаты жай ғана футбол турнирі емес. Бұл – футболдың болашағын айқындайтын тарихи жоба. Үш елдің бірлескен ұйымдастыруы, 48 құраманың қатысуы, рекордтық жүлде қоры, жаңа технологиялар және аңыздардың соңғы сапары бұл мундиальды ерекше етеді.
Алдағы бір айдан астам уақыт ішінде миллиардтаған адам бір мақсатқа – футбол мерекесін тамашалауға жұмылады. Солтүстік Америкадағы бұл дода жаңа чемпионды анықтап қана қоймай, әлем футболының келесі дәуіріне жол ашатын тарихи оқиға ретінде есте қалмақ.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





