Астанадағы жаңа мешіт гүл және алмаз қыры секілді

468

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мұсылмандардың қасиетті Рамазан айының қарсаңында Астанада жаңадан бой көтерген «Сарыарқа» мешітіне барып қайтты.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Қазақстан Президентіне мешіттің құрылысы және ғимаратты электр және жылумен қамтамасыз ету үшін қолданылған баламалы энергия көздері туралы  толық ақпарат берілді.

Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіттің құрылысы 2016 жылы басталды. Жаңа мешіт қайырымдылық қаражаты есебінен салынған болатын. Мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен сәндік элементтерді қамтып, постмодернизм стилінде жасалды. Негізгі ғимарат күрделі, әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан.

 Сырттай қарағанда мешіт дизайны гүлге және алмаздың қыры сияқты болып көрінеді. Сонымен қатар, мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі 43,5 метрді құрайды және ол «қасиетті қылқалам» бейнесінде жасалған.

Жаңа мешітті энергиямен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын баламалы көздер қажетті көлемнен үш есе көп электр энергиясын өндіреді. Сондай-ақ, ерекше әдіспен бой көтерген жаңа мешіт 750 адамға арналған екен. Мешіттің ауданы 2248 шаршы метрді құраса, учаскенің алаңы 1,44 гектар болады.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<