Осы күні бүкіл әлемде цифрландыру үрдісі кең етек алды. Көштен қалмаудың қамына Қазақстан да кірісіп кетті. Өйткені заман ағымына ілесе алмаған, жеңіл әрі сапалы қызмет көрсетуге қауқарсыз ел көптеген игіліктен қағылады. Адамзат ақыл-ойының кемелдене түскенінің көрінісі шығар, қазір айналамызда қаладан бастап үйлерге дейін «ақылды». Бұдан шамалы уақыт бұрын ғана таңсық болған жаңа технология жетістіктері барлық салада қолданыла бастады. Және олардың тиімділігі мен пайдасын да байқап жүрміз.
Мемлекет басшысы: «Экономиканың күретамыры – зауыт, фабрика, өндіріс орындарында еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру, экспорт көлемін ұлғайту үшін цифрлық технологиялардың атқарар рөлі үлкен. Сондықтан оны жүзеге асыруға әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ, Қазақстандағы әрбір компания қатысуы тиіс», – деген болатын. Бұл тапсырма «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы қолға алынған шаралардың ауқымын арттырып, маңыздылығын еселей түсті. Мемлекеттік бағдарлама төрт негізгі бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі – «Цифрлы Жібек жолын» құру немесе сенімді, қолжетімді, жылдамдығы жоғары, қорғалатын цифрлық инфрақұрылым. Екіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі. Мұнда креативті қоғам, жаңа және қосымша ІТ мамандарды, жаңа цифрлы экономика машықтары мен құзыреттерін жасауға көңіл бөлінеді. Үшіншісі – экономиканың көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, электронды коммерция салаларын цифрландыру. Соңғы бағыт – «Белсенді цифрлық үкіметті» қалыптастыру.
Біз бүгін экономиканың бір ғана саласы – ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысы жайында аз-кем айтпақпыз. Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында егістік алқаптарының электронды картасын құруға негізделген кешенді шаралар жүргізілуде. Жалпы, аграрлық секторды цифрландыру бағдарламасы еңбек өнімділігін – 45, өнім көлемін 69 процентке дейін арттыруды көздейді. Жоспарланған ауқымды жұмыстың бір бөлігі смарт-фермалар санын көбейтуге бағытталып отыр. ІТ технологияларды, оның ішінде нақты егіншілік технологиялары мен SMART-фермаларды пайдалануға бизнесті тарту үшін жағдай жасалмақ. Мамандар нақты егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Одан бөлек, шығынды айтарлықтай азайтуға септігін тигізеді.
Ақылды технологияны қолданысқа енгізгендер қатарында Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығы да бар. Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшілігімен шаруашылық базасында «Akmaya Smart Farm» ғылыми-өндірістік жобасын іске асыра бастады. Жобаның мақсаты – ауыл шаруашылығына жеделдетілген инновациялық технологияларды енгізу, фермерлік шаруашылықтардың өндірістік тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру, ішкі нарықты сапалы азық-түлік өнімдерімен толықтыру, азық-түлік экспортын ұлғайту.
«Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмабеков бізбен әңгімелесу барысында жоба аясында межеленген шаралар туралы айтып берді. Соның бірі – ұшқышсыз ұшатын аппараттың көмегімен 800 гектар егістік танабын цифрландыру. Екіншіден, шаруашылық ресурстарына кешенді аудит жүргізілді. Қолда бар техника, қызметкерлер, танаптар мен олардың тарихы, өнімділігі, сорттары жайлы көптеген мәлімет жиналды. Бұл деректер «Ақылды ферманың» ішкі бірыңғай цифрлық тұғырнамасына да орналастырылды. Одан кейін топыраққа дифференциалды талдау жүргізілу, топырақ құрамының өзгеріске бейімділігін ескере отырып, танаптардың цифрлық картасын алу көзделген. Картадағы мәлімет минералды тыңайтқыштарды нақты пайдалануға, өсімдіктерді қорғау жүйесін дәл қолдануға негіз болады. Бұл жанар-жағармай мен қажет материалдарды 30%-ке дейін үнемдеп, осылайша ферманың өндірістік тиімділігін арттырады.
– Жұмыс барысында кең спектрлі сенсормен қамтылған заманауи техникалар көмекке келеді. Ауыл шаруашылығы техникасының бірегей мүмкіндіктері толығымен пайдаланылады. Тракторлар мен комбайндар датчиктерінің ақпараты біріктіріліп, шаруашылықтың «Ақылды фермасында» қолданылады. Топырақ, ауа, су, күн туралы деректі жазып, оны белгілі бір уақытта жүйенің орталық серверіне жіберетін автономдық метеостанциялар орнатылады. Метеодеректер ауа райын ескере отырып, өндірістік процесті түзету, құрғақшылық, зиянкестердің жаппай көбеюі сияқты қолайсыз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі, – дейді Д.Жұмабеков.
Жобаның тағы бір артықшылығы – зиянкестерді қашықтан бақылау жүйесі құрылады. Сонымен қатар, өндірістің барлық кезеңінде толық зертханалық фитопатологиялық бақылау жүргізіледі. Ең бастысы, мұнда әрбір фермер табыс пен өнімділікті арттыру, тәуекелдерді басқару, техникамен жұмыс істеу тәсілдері және өзге де мәселелер бойынша жауап таба алады.
Таяуда Қызылордада өткен аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңесте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аталған жобаны өзге шаруашылықтарға үлгі ретінде ұсынды. «Заманауи цифрлық технологияларды пайдалану шығындарды қысқартып және өнімділік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді», – деді өңір жетекшісі. Иә, цифрландыру ісі басқа салалар сияқты, ауыл шаруашылығын да алға сүйрейді. Ал цифрлы технология фермерлерге озық әдістерді үйренуге, өндірістің бірыңғай стандарттарын қадағалауға қолайлы жағдай туғызады. Ең бастысы, еліміздің басты драйверіне айналуы тиіс аграрлық саланың дамуына негіз болмақ.
Н.Қуандық.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<