«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы тағайындалды

294

0

Бүгін Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында кадрлық өзгерістер таныстырылды.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасы лауазымына Әбілтай Ғизат Майданұлы тағайындалды.

Аймақ басшысы Ғизат Майданұлын құттықтап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

«Бүгінде корпорацияның алдына қойылған маңызды міндеттер мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жеткілікті. Өңірге инвестиция тарту, жаңа инвестициялық, ұлттық жобалар мен шағын индустриалды парктер жобасын жүзеге асыруда орнықты шешімдер қабылдап, тиісті шаралар атқару кезек күттірмейді. Тұрақтандыру қорының жұмысына қатысты кемшіліктер де аз емес. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңірлік нарыққа кепілдікпен әрі үздіксіз жеткізу, арнайы дүкендер мен ірі сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағамен сату, тапшылықты болдырмауға бағытталған жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру керек. Ол үшін жүйелі жоспар жасалып, бюджет қаражатының әрбір тиынын жұмсауда шынайы жанашырлық таныту қажет. Ғизат Майданұлы, мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлік саласында мол тәжірибе жинаған, әлеуеті жоғары кадр ретінде корпорация қызметіне жаңа серпін беріп, нәтижелі әрі тиімді еңбек ететініңізге сенім білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Ғизат Майданұлы 1976 жылы дүниеге келген.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономист-шығыстанушы», Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін «Қаржы және несие» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы облыстық филиалының аға маманы ретінде бастаған.

1998-2003 жылдары Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының облыстық филиалында және облыс әкімі аппаратында түрлі лауазымдарда болған. 2003-2008 жылдары облыстық кәсіпкерлікті қолдау және өңірлік даму, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларында басшы орынбасары, облыс әкімі аппараты басшының орынбасары жауапты қызметтерін абыроймен атқарған. 2011-2013 жылдары Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы, Сырдария ауданының әкімі. 2013-2020 жылдары бизнес құрылымдарда басшылық лауазымдарда қызмет еткен. 2022 жылдан бастап осы кезге дейін «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<