Балалар мұражайға экскурсия жасады

759

0

Қызылорда облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының» қолдауымен «Сыр елі және ХХІ ғасыр» ҚҚ-ның ұйымдастыруымен  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында «Тарих толқынында» атты облыстық тарихи-өлкетану музейіне танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында эколог-өлкетанушы мұғалім мұражай материалдарын кеңінен пайдаланып, оқушылармен тікелей іскерлік қарым-қатынас жасай отырып, түсіндірді. Аймақ тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерімізді таныстырып, тарих беттеріндегі тың мәліметтерімен бөлісті. Сонымен қатар аймағымыздағы қасиетті нысандарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Киелі Сырдың қасиетті мұралары» атты фото-көрмесіні тамашалады. Оған Ежелгі Шірк-Рабат қалашығы (б.з.д. Ү-ІІ), Ортағасырлық Жанкент қалашығы (ҮІІ-ХІ ғ) Ортағасырлық Сығанақ қалашығы (Х-ХІІ ғ.), Оқшы ата кесенесі (Х-ХІ ғ) секілді қасиетті өлкелердің суреттері қойылды.

Шараға  қатысқан №6 М.Сужиков атындағы мектеп директорының орынбасары Роза Сақтағанова мұндай экскурсиялардың оқушыларға пайдасы мол боларын атап өтті. 

– Экскурсияға оқушылардың қызығушылығы ерекше. Бүгін балалар тың деректермен танысып, тарихи мағлұматтарға қанықты. Мұндай шаралардың маңызы зор. Сол арқылы балалар қазақ елінің, аймағымыздың тарихымен танысып, білімдерін одан әрі жетілдіре түседі, – деді ол.

Шара нәтижесінде жас ұрпақ тарихымызға қанығып, археологиялық құнды жәдігерлерімізбен танысты. Ата-бабадан мұра болып, бүгінгі күнге жеткен археологиялық қазба жұмыстары барысында тарихшыларымыздың зор еңбегімен табылған дүниелерді көріп, білді. Аймағымыздың ауа райына бейім жануарлар мен топырағымызға төзімді өсімдіктермен танысты.

Экскурсияға қалалық №6 М.Сужиков атындағы мектептің 30 оқушысы қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<