БЕС БАСТАМА МОЛ МҮМКІНДІК БЕРМЕК

110

0

Достық үйінің мәжіліс залында Елбасының  «Президенттің  әлеуметтік бес бастамасы» атты Қазақстан халқына Үндеуін насихаттауға арналған облыстық Ассамблея активінің отырысы өтті. Оған облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың оқу-ісі жөніндегі проректоры Абайбек Жүнісов, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев, облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің «Талдау және тәуекелдер» басқармасы басшысы Темірлан Қожаназаров, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Молдырайымов, облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, облыстық, қалалық Қоғамдық келісім кеңесі, қаладағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты.

 Алғаш сөз алған Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың оқу-ісі жөніндегі проректоры, Абайбек Талғатұлы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бастамасы төңірегінде сөз сөйледі.

– Білім беру дамыту мәселесі оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Осы ретте университет Елбасы Үндеуінен туындайтын жауапкершілікті міндеттерді жүзеге асыратын болады. Қазір еліміздің ЖОО-да 530 мыңнан астам жастар білім алып жатса, олардың 30 пайызы мемлекеттік білім грантының иегерлері. Осыған орай, Президент білім беру жүйесіндегі сұранысқа ие мамандықтарға грант көлемі көбірек бөлініп, басым бағытпен оқытылатын болады деген еді. Соған сәйкес, біздің білім ордасы 2013 жылдан бастап облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен аймақтың дамуына қажетті мамандықтардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, білім гранттарын бөліп келе жатыр. Бүгінгі күні 428 студент облыс әкімі грантымен қамтылған. Биылғы жылдың жазында олардың 145-і оқуды тәмамдамақ. Бұлардың дені техникалық сала мамандары»,- деді.

Ал, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасы сөз етті. Оның айтуынша,   соңғы он жылда адам басына шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға өскен. Облыс бойынша бүгінгі күні 173 отбасы банк арқылы үй жағдайын жақсартып отыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ипотекалық несиенің 76 пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүргізілді. Алдағы уақытта Елбасының бірінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында бірнеше ұсыныстар әзірленген көрінеді.

Жиын барысында  жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бастамасы бойынша облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің «Талдау және тәуекелдер» басқармасы басшысы Темірлан Қожаназаров, шағын несие беруді көбейту бастамасы төңірегінде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Молдырайымов та баяндама жасады.

Жалпы актив отырысына қатысушылар Үндеуден туындайтын ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен оның басымдықтарына тоқталып, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, сананы жаңғырту, жаңа заманға сай болу

жолындағы маңызы жоғары мәселелер талқылады. Басқосу соңында сала басшыларына сан алуан сауалдар жолданып, тұшымды жауаптар алынды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы газеті”.