Елімізде қалдық полигондарының саны артады

330

0

Елімізде санкцияланбаған қалдықтар мәселесін шешу мақсатында әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоқыс полигондары мәселесі жыл сайын көтерілетін мәселе. Өткен жылы вице-министр болғанда экология мәселелері менің құзыретімде болды. Санкцияланбаған қоқыспен күресте өңір әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істедік. Бұл жерде қандай проблема? Қалдық, қоқыстарды тастау, өңдеу және сұрыптау бойынша жүйе жоқ. Салдарынан санкцияланбаған қалдық, қоқыстар көбейе береді. Экология кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар қалдықтарды жою бойынша кешенді жоспар әзірлеуі тиіс. Өткен жылы біраз өңір кешенді жоспар әзірлеуде қиындықтардың барын айтты. Ол жоспарда қалдықтардың көлемі, сол жердегі халықтың саны тағы сол сияқты мәліметтер көрсетіледі. Қоқыс контейнерлерін орнатуда жоғарыдағы деректер ескеріледі. Дегенмен өңір әкімдіктер кешенді жоспарды әзірлей алмады», – деді Зүлфия Сүлейменова Астана халықаралық форумы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Министр санкцияланбаған қалдықтармен күрес бағытында әдістемелік нұсқаулық әзірленгенін айтты.

«Бізге елдегі бар қалдық полигондарды заңдастыру туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Біз оған қарсымыз. Бұл жерде жаңа экологиялық талаптарға сәйкес келетін полигондар ашу керек. Полигондар салуда жергілікті халықтың саны да ескерлуі тиіс. Осы орайда біз полигондар салу бойынша типтік жобаларды әзірлеуді ұсынып отырмыз. Бұл мәселені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп қарастырып жатырмыз. Қоқыс контейнерлерін орнату мен полигондар салуда инфрақұрылым талапқа сай болуын ескеру керек. Әсіресе халық аз орналасқан елдімекен, аудандарға осы мәселе өзекті», – дейді ведомство басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<