Көгалдағы хоккейден ел біріншілігі басталды

167

0

Фото: Спорт басқармасы

Бүгін Қызылорда қаласында көгалдағы хоккейден ерлер және әйелдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл додада еліміздің әр өңірінен келген 10 команда бақ сынамақ. Аталмыш жарыс жеті күнге жалғасып, әр команда өз шеберлігін көрсетіп, чемпион атануға талпынады.

Ашылу салтанатына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, Көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасы Федерациясының бас хатшысы Серік Кәрімбаев және көгалдағы хоккей командасының жетекшісі Жастан Мұхитов қатысты.

Көгалдағы хоккейден ел біріншілігі басталды

Салтанатты жиында сөз алған басқарма басшысының орынбасары Жігер Оңдасынұлы өңірде көгалдағы хоккейдің даму қарқынын атап өтіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Көгалдағы хоккей – елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрінің бірі. Қызылорда өңірінде де бұл спортқа ерекше қызығушылық білдіріп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшылар қатары 300-ге жуықтады. Жарыс – тек жеңіс үшін емес, достық пен ынтымақты нығайтудың да бір жолы, – деді Жігер Оңдасынұлы.

Сондай-ақ спорттық шарада құрметті қонақтар да сөз алып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Чемпионат аясында командалар топтық кезеңде кездесіп, кейін жартылай финал мен финалдық ойындар өтеді. Жарыстың соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен арнайы алғыс хаттар табысталатын болады.

Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы