Ұлт мұрасы ұлықталған күн

274

0

    «Қауышу күнінде» халыққа қызмет көрсету орталығы тұрғындарды ерекше салтанатпен қарсы алды. Айдан – аман, жылдан есен шыққан ел Амал мерекесін көрісу рәсімінен бастады. Орталыққа құжаттарын реттеу­ге келіп, жұмысын аяқтаса, асығыс аттанатын тұрғындар бұл жолы қайтуға асықпады. Қолөнер көрмесін тамашалап, күмбірлеген күй тыңдады. «Қобыз үні» атты дәстүрлі көрмеге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев пен қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысты.

Қыстан қуатты шығып, жыл басы – Наурызға аман жеткен ел бір-бірімен төс қағысып көріскен кезді қауышу күні деп атаған. Көрмеде ағаштан түйін түйіп, қиыннан қиыстырып қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер 7 ауданнан жиналды. Адамға қашанда табиғи дүние қымбат. Жанға жақын, денсаулыққа пайдалы. Түйе жүнінен дайындалған табиғи тізеқап, белдемше, көрпелерді қазалылық  Айдана Байдүйсенованың топтамасынан тамашаладық. ЭКСПО-2017 көрмесінде Елбасының өзі бүлдіршіннің тұсауын кескен оюлы, киіз кілемді де арнайы әкеліпті. Ал меринос қойдың жүнінен жасалған, химикат қосылмаған, оюлы кілемдер мен жастықтар қызылордалық Қуаныш Үркінбайдың қолынан шыққан. Көрмеде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Аңсаған» бірлестігінен кел­ген кішкентай шеберлердің әдемі туын­дыларын да тамашаладық. Бірлестікте қазір 130-ға тарта бала бар. Қазақы көйлекті бойжеткеннің бейнесінде жасал­ған майлық салғыш, қайыңнан ерекше формада жасалған киіз үй алыстан көз тартты. Авторы Нұржан Байжігітов пен Жанар Шаутеева екен. Жас жұбайлардың ұлттық нақыштағы бұйымдар жасауға деген ықыласын байқап, нағыз  қазақы жас отбасылардың көбейгеніне қуандық.

Көрме өткен залда жоғарыға қарасаң, киіз үйдің шаңырағын көргендей боласың. Сән мен салтанат ала келген думанды мереке орталықта ерекше үйлесім тапқан. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы ХҚКО департаментінің директоры Айнұр Шорабекқызы салт-дәстүр елге жете насихатталуы үшін халық көп жиналатын жерде арнайы өткізгенін айтты. Шараны ұйымдастырушы – «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығы мен «Тағылым» балаларды шығармашылық дамыту орталығы.

Шеберлерге алғыс ретінде орындар тағайындалып, 19 номинация бойынша дипломдар табысталды. Қолөнер шебері, ардагер Жәнібек Махамбетов бата беріп, елге ырыс, бақ, береке тіледі.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Жансая ҚЫДЫРБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<