Паралимпиада чемпионы Колядин: «Алтынға» көңілім толмай тұр

332

0

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарында 15 км қашықтықтағы спринтте алтын медаль алған қазақстандық спортшы Александр Колядин жеңісінен кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

«Бас бапкеріміз медаль аламыз деген тапсырма қойған болатын. Қалай болмасын, медаль алуға күрестім. Медаль керек болды. Әзірге қолымыздан келді», – деді Колядин.

Чемпион өзінің жабдығын әзірлейтін мамандарға алғыс білдірді.

«Сүйікті сервисмендеріме алғыс айтамын. Шаңғымызды жақсылап дайындады. Солардың еңбегі де ақталды», – деді ол.

Колядин бүгінгі жеңісіне көңілі толмай тұрғанын айтты. Оның ойынша, биылғы Ойындарға ресейлік спортшылар қатысқанда, нағыз тартысты жарыс өтетін.

«Қуаныштымын, тек кішкене өзіме көңілім толмай тұр. Себебі, ресейлік Влад, Раушандар болғанда нағыз жарыс болар еді. Олар – мықты қарсыластар. Осындай спортшылар қатысқанда, мен олардан озғанда, сонда өзімді 100 пайыз чемпион деп есептер едім», – деді Паралимпиада чемпионы.

Александр Колядин 1973 жылы 20 ақпанда дүние келген. Қостанай облысының Сарыкөл ауданының тумасы. 1997 жылы 3-дәрежедегі мүгедектік алған. Аяғында протезі бар.

2011 жылдан бастап парашаңғы жарысымен айналысады. Ол кезде бапкері Н. Степин болды. Ал, 2014 жылдан бастап Василий Коломиец жаттықтырып келеді.

Александр Колядин 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Паралимпиада ойындарына, Әлем кубогінің 8 кезеңіне және бір рет Әлем чемпионатына қатысқан.

Бұған дейінгі ең үздік жетістігі – Германияда өткен Әлем чемпионатындағы 6-орын.

Ол 80 жылдары ҚазССР жастар құрамасы үшін шаңғы жарысына шыққан.

Диплом бойынша мамандығы – автокраншы.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық параатлетші Александр Колядин Пхенчхандағы қысқы Паралимпиада ойындарында алтын медаль алды.

Бұл – еліміздің қысқы Паралимпиада тарихындағы алғашқы алтын жүлде.

Фото: Гүлжан Раманкулова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<