Құпия құжаттар мен деректер арқау болған кітап жарыққа шықты

395

0

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен аталарымыздың ерлігі жайлы тек 9 мамырда ғана емес, күнде айтсақ та артық емес. 1941 жылы 22 маусымда неміс әскерлері еш ескертусіз, арнайы жасалған келісімді бұзып тұтқиылдан шабуыл жасады. Бүгін сол қанды шайқаста ерлік көрсеткен аталарымыздың ерлігіне тағзым ретінде Қазақстан журналистер Одағының және Халықаралық Жазушылар Одақтарының мүшесі Рысбай Кәрімовтің «Ржев қазанында қайнағандар» кітабының тұсаукесері өтті. Кітапта Ұлы Отан соғысындағы қазақтардан жасақталған 101-ші дербес ұлттық атқыштар (ДҰА) бригадасының ерлік жорықтары баяндалады. Сонымен қатар, кітапқа бұрын еш жерде жарияланбаған құпия құжаттар мен деректер арқау болған. Рысбай Кәрімұлы кітап туралы баяндап берді. 

1941ж. 20 қарашасында КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен кітапқа арқау болған №100,101-ші дербес атқыштар бригадалары құрылады. Оның құрамында алғашқы жылдары 18-25 жас аралығындағы 600-ден аса қызылордалық жауынгерлер болды. Қазақтардың үлесі 80% құраған.101-ші ДҰАБ Хакім Бекішев, капитан Шаяхмет Хазияметов, капитан Муса Сәдібеков, аға лейтенант Төлеген Алшынбаев сынды ержүрек командирлер басқарды. Ржев шайқасы – адамзат тарихындағыең бір қанға толы, қатыгез соғыс болған. Немістер осы қаланы 1941 ж. 14 қазанында басып алып, 14 ай бойы оккупациялаған болатын. 5000 жауынгердің 744-і қаза болып, 313-белгісіз жоғалып кеткен, 2544-і түрлі деңгейдегі жарақаттар алған. Автор «Ржев аңғары», «Ржев асуы», «Ржев қазаны», «Марс операциясындағы» шайқастарына қатысқан жауынгерлердің көзсіз ерліктерін тарихи деректермен сипаттайды. Оқысаңыз керемет әсер алып, ата-баба ерлігіне куә болып, кеудеңізді мақтаныш сезімі кернейтіні анық. Сол шайқас туралы П.Михин өз естелік кітабында: «Біз Ржев қаласында өліктер үстімен шабуыл жасадық. Алдымызда ажал жазығы жатты. Өліктердің үстімен өрмелеуге мәжбүр болдық. Олар үш қабат болып жатты. Ісініп, құрттап кеткен. Қасыңа келіп жарылған снарядтан қорғанып, өліктердің астына кіре түсесің. Окоптағы су тізеден. Тірі қалғандарымыз өмір үшін жанталасып, шалшық су астындағы аяққа былқылдаған өліктерге тайғанақтай ілгеріледік»,­­-деп, жауынгерлердің жантүршігерлік жағдайларын баяндайды. Қазаға ұшыраған жауынгерлердің орнына тек қазақ солдаттарынан ғана толықтырылып отырған.  Мұрағат қорынан 1942 жылы 25 қарашада 101-ші бригаданың құрамында 4880 жауынгер болғаны, бір айдан кейін олардың 1858-і ғана қалғандығы жайлы құпия құжатты алып, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы  елшілігіне табыс еткен. Оккупация кезінде Оленино ауданындағы 8 тұтқындар лагерінде 2000 адам азап шеккен. Аудандағы соғысқа дейінгі 80 000 адамнан 28 000 ғана тірі қалған. Аудан көлемінде опат болған жауынгерлерді жерлеген 29 бауырластар зираты бар. Онда үш мың адам жерленген.

Ржев шайқасы Мәскеуді қорғауда маңызды рөл атқарған. Қазақ сарбаздары ерекше ерлік көрсетіп, жаудың бетін қайтаруға сүбелі үлес қосқан. Кешегі сол ерлікке, бүгінгі елдікке арналған тағзым ретінде  2010 жылы меморалды тақта қойған. Осы ауданның белсенді азаматтары аумақтағы бауырластар зираттарында жерленген жауынгерлерді, солардың ішінен 2000 мұсылман сарбазды анықтап, бір жерге қайта жерлеген. Мәскеуден молда шақыртып, Құран бағыштап, мешіттің айшықтарын орнатты.  Осындай ерлікке тең азаматтық жұмыс жасаған ауданның «іздестіру тобының» жетекшісі Д.Жукты 2013 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті Н.Назарбаев «Достық орденімен» марапаттады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сол  меморалды тақта күрделі жөндеуден соң қайта ашылды. Мемориалдың  ұзындығы 27 метр. Ржев майданында қаза тапқан 10 мың сарбаздың аттары тасқа қашап жазылған.Оған ҚР-ның РФ-дағы Төтенше және өкілетті елшісі И.Тасмағамбетов қатысып, ата-бабалардың рухын ұлықтап, ерлігіне тағзым жасады.

 Ржев қаласында 101-ші ДҰА бригадасының атын мәңгілік есте қалдыруда көше және №5 мектеп аты берілген. Осы бригада сарбаздарының ерлік жорықтарын насихаттайтын Ржев облысы Оленино ауданының орталығында, Белоруссияда Россаны қаласында мұражайлар ашылған. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын ақтөбелік қаламгер Ғ.Байдарбестің «Ржев шайқасының қаһармандары» атты кітабы жарық көрген. Ақтөбе қаласында көшеге және  дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына 100,101-ші ДҰА бригадасының аттары берілген.

Шараға жоғарыда аты аталған батыр аталарымыздың ұрпақтары келді. Естеліктер айтып, ұйымдастырушылар мен кітап авторына алғыстарын білдірді. Тарихшылар тарихи деректермен бөлісті. Сонымен қатар, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас Рысбай Кәрімұлына орталықтың алғыс хатын табыстап, арнайы сый-құрмет көрсетті.

М.Қожахметова,

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<