Қазақстанда мүгедектігі бар жандарға қандай жеңілдіктер бар

389

0

Фото: «ҚазАқпарат» ХАА

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі мүгедектігі бар жандарға қандай қолдау шаралары қарастырылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүгедектігі бар жандардың құқықтары 2023 жылғы 20 сәуірде бекітілген ҚР Әлеуметтік кодексінде айқындалған. Яғни Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қорғалуға, мектепке дейінгі тәрбие алу мен оқу, білім алу үшін жағдайлармен қамтылуға, ҚР заңнамасында айқындалатын тәртіппен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі және кепілдік берілген тегін медициналық көмекке, арнаулы әлеуметтік қызметтің кепілдік берілген көлеміне толық құқылы», – деп жауап берді министрлік агенттіктің ресми сауалына.

Ведомствоның хабарлауынша, мүгедектігі бар жандар кәсіптік және қайта даярлыққа, жұмысқа орналасуға, инфрақұрылым және ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстар мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, өзінің сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға, ҚР тұрғын үй заңнамасына сәйкес баспанаға, мемлекеттік және өзге ұйымдарда бірінші кезекте қызмет алуға, ҚР Конституциясында және басқа да заңнамалық актілерінде бекітілген жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толық ие болады.

Осылайша, республикалық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, оңалтудың техникалық құралдарымен (протездік-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші құралдар, жүріп-тұру құралдары) және қызметтерімен (жеке көмекші, ымдау тілі маманы, санаторий-курорттық емдеу) қамтамасыз етіледі.

Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсетеді, оның ішінде коммуналдық төлем ақысын өтеп беру, қалалық көлікте тегін жүру кіреді.

Сонымен бірге, ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есепке алмағанда, мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының 2-4% дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<