Қызылорда полиция департаменті неліктен қымбат люкс көліктер сатып алатынын түсіндірді

492

0

Сурет ашық дереккөзден

Қызылорда облыстық полиция департаменті әлеуметтік желідегі қызметтік мақсатта люкс санатындағы қымбат көліктер алу жайлы жарияланымға пікір білдірді.

Әлеуметтік желіде жергілікті тұрғын Серік Теңізбаев облыстық полиция департаменті әрқайсысы 40 млн теңге тұратын люкс санатындағы «КИА» көлігін алғалы жатқанын хабарлаған еді.

«Сатып алуға жоспарланған автокөліктерді жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аса қауіпті қылмыскерлердің ізін кесу, оларды ұстау және тағы басқа да жедел жұмыстарға жұмылдыру көзделген. Сондай-ақ, жұмыс бабымен ресми іссапарға келетін күзетілетін тұлғалардың өміріне, деңсаулығына қарсы бағытталған әртүрлі заң бұзушылықтардың алдын алу мен олардың мінген автокөліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды арнайы колоннада ілесіп алып жүруді полиция қамтамасыз етеді», – деп мәлім етті полиция депараментінен.

Ведомство мәліметінше, бұған дейін дәл осындай мақсатта автокөлік құралдары 2013 жылы сатып алынған. Олардың пайдалану мерзімі – 7 жыл.

ҚР Қаржы министрлігінің 2010 жылғы 3 тамыздағы бұйрығына сәйкес ол есептен шығаруға жатады.

«Аталған автокөліктерді мемлекеттік сатып алу рәсімі қолданыстағы бүкіл заңнамалық актілердің талаптарына толық сәйкес келеді. Сатып алынатын автокөліктер отандық өнім болса, оған қоса Ішкі істер министрлігіне жүктелген міндеттерді тиімді атқаруға өте қолайлы. Автокөліктің техникалық сипаттамасына қарамастан ең төменгі бағаға сатып алу жоспарланды. Мемлекеттік сатып алу шеңберінде жинақталған ұсыныстар облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланды. Сатып алынатын автокөліктер арнайы жабдықталған көлік болмаған жағдайда қажеті жоқ екені ескертілді. 

Дегенмен, бекітілген ішкі ережелерге сәйкес сатып алынған автокөліктер теңгерімге қабылданғаннан кейін тиісті жарқылдауық шамдары, дыбыстық күшейткіш қондырғылары және басқа да қажетті құралдарымен жабдықталады»,- деп атап өтті департаменттен.

Еске салсақ, бүгін Қызылорда облысында автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, екі адам көз жұмды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<