Шаруашылық тартуы

456

0

Бүгін аудан әкімі М.Ергешбаев жаңа спорт алаңының ашылуы салтанатына қатысып, балғындарды құттықтады.

Спорт күні мерекесі қарсаңында «Шаған жер» серіктестігінің директоры Жеңісбек Сыздықов балаларға тарту жасады. Құны 10 миллион теңгені құрайтын спорт алаңында енді шағандық балғындар жаттығу жасап, футбол және баскетболмен шұғылданатын болады.

— Ел келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан біз олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз.

Мемлекет басшысының Жарлығында да балалар ойнайтын, спортпен шұғылданатын алаңдарды көптеп салуымыз қажеттігін айтылып келеді.

Міне бүгінгі шағын спорт алаңы «Шаған жер» серіктестігінің балаларға арнаған үлкен тартуы деп білемін. Осы жерден болашақ спортшылар мен ел абыройын асқақтататын дарабоздар шығады деп сенемін. Себебі балаға құйылған инвестиция ел болашағының жарқын кепілі. Бүгінгі күнді мерекеге ұластырып, жан жақты қолдау көрсетіп жатқан шаруашылық басшысы мен серіктестік ұжымына шынайы алғысымды білдіремін, аудан әкімі өз сөзінде.

Сонымен қатар шарада «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, клге қамқор болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Ал аудандық ардагер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев бата беріп, ақ тілектерін жеткізді.

Іс-шара соңында аудан басшысы №6 егіс бригадасындағы мақсары жинау науқанын көріп, еңбеккерлермен тілдесті.

Еске сала кетейік, «Шаған жер» ЖШС-і 300-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған аудандағы іргелі шаруашылық. Дала еңбеккерлері биыл 2 900 гектар алқапқа Сыр маржанын егіп, одан мол өнім алуға ниетті.