Сыр елінде цитрустық жеміс ағаштарын өсірмек

591

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Жансая Мирамбекқызы цитрустық жеміс ағаштары мен құлпынай өсіруді қолға алды.

Ол «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жоба ұсынып, 5 миллион теңгеге дейінгі қаржылай қолдау тапты.

Жансая Сыр елінде цитрустық жемістерді патенттеп, жерсіндіруді бастаған алғашқы кәсіпкерлер қатарында. Осыған дейін өз тәжірибесінде лимонды жерсіндіру мақсатында эксперимент жасап көрген.

– Ең алдымен жылыжайда құлпынай өсіріп көрдік. Жаңа жеміс түрін егіп көрудегі алғашқы мақсат – жерсіндіру. Оны зерттеп, қала ішінде егіп көрдік те, өсетініне көз жеткіздік. Жылыжайда қажетті технологияны сақтай отырып, әртүрлі өнімдерді өсіріп көруге болады. Температурасын, ылғалдылығын бақылап, қажетті дәрумендер мен қорегін уақытылы өз мөлшерімен беріп, заңдылықтарын сақтаса, жақсы нәтиже беруі мүмкін. Әрине, бұрын егілмеген жаңа жеміс түрлерін еккенде, Қызылорда облысының топырағы бойынша тәжірибе болмағандықтан түрлі қиындық кездесті. Алайда, қиындықтың бәрі – тәжірибе мен білімде. Бүгінгі күні жылыжайда лимон түйнек салып тұр, – деп атап өтті қызылордалық студент.

Алдағы уақытта ол цитрустық жеміс ағаштары мен құлпынай көшеттерін өсіріп, жылыжай жабдықтарын алуды жоспарлап отыр.

Жансая Мирамбекқызы – «Биология» мамандығының 4-курс студенті, «Президенттік стипендия» иегері. Жансаяның ата-анасы да университет жылыжайында жұмыс істеген агрономдар. Бүгінде бұл жоба отбасылық кәсіптің жалғасы болмақ.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<