Ізет пен ізгілік бастауы

383

0

     Кеше елімізде «Амал» мерекесі басталды. Бұл күні адамдар ерте тұрып, жасы  кішілер үлкендерге арнайы барып сәлем береді. Көрші-көлемдер  үй аралап, «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Қауышу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, дастарқан жайып, асқа шақырып, келген меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Ертеден келе жатқан дәстүрді көбіне Батыс өңірінің халқы ерекше тойлайды. Биыл Сыр өңірінің халқы да атап өтті.

Облыс орталығындағы «Сыр сүлейлері»  аллеясында сән түзеген салтанат «Амал келді, жыл келді!» деп аталды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған шара «Сыр сүлейлері» аллеясында болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, жиналған көпшілікке жылы лебізін білдірді.

– Наурыз – 3 мың жылдықтан аса тарихы бар үлкен мейрам. Оның негізінде ізгілік пен мейірімділік, қайырымдылық пен татулық жатыр. Сондықтан халық мерекені ғасырлар бойы сақтап, тойлап келеді. Биыл, міне,  Наурыздың елімізде  тойланып жатқанына 30 жыл толып отыр. Наурыз – бұл ренжіскен адамдардың бір-бірімен татуласуына, жол ашып, барша ұлттар мен ұлыстар арасындағы ауызбіршілікке үндейтін мереке. Олай болса, Ұлыстың ұлы күні елімізге ырысы мен ынтымағын, жақсылығын әкелсін, – деген Р.Рүстемов мерекенің мән-мағынасы мен құндылықтарын толықтыра түсті. Мұнан соң жиналған көпшілікке ардагер С.Аңсатов батасын берді.

Шара барысында «Нұрлы Наурыз» жас­тар флешмобы ұйымдастырылып, ақын А.Рахметов арнау айтса, жергілікті әншілер Сыр аспанын жыр шашумен көмкерді. Сондай-ақ, ұлық мерекеге орай киіз үйлер тігіліп, келушілер наурызкөже мен бауырсақтан дәм татты. Ал жастар жағы арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрес секілді спорт түрінен өзара сынға түсті.

Айта кету керек, жаңа сипатта ұйым­дастырылып отырған биылғы мейрам халқымыздың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталып отыр. Осыған байланысты мерекелік шаралар 9 түрлі атау бойынша ұйымдастырылмақ. Әр күн өзіндік сипатта, өзіндік ерекшеліктерімен аталып өтіледі. Жақсы дәстүрге жол ашқан бүгінгі шара «Қауышу» деп аталды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<