Асыл қазынаның қамқоршысы

308

0

 «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген екен түркі халқының ұлы ақыны Әлішер Науаи. Шындығында, адам баласы кітап оқу арқылы ішкі мәдениетін қалыптастырып, рухани таным деңгейін арттырады. Қарапайым ғана мысал, халқымыздың төл тарихы, сан ғасыр бойы сақталған ұлттық айшықтары бүгінгі күнге кітап арқылы жетіп отыр. Соның бір айғағы, Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді.

Облыс орталығындағы іргелі руха­ни шаңырақ – Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында 400 мыңнан астам кітап бар. Сол құнды дүниелердің оқырман жүрегіне жол тауып, мақсатына сай қызмет етуін үйлестіретін, автор мен оқырман ара­сында ілкі байланыс орнататын кі­тапханашылар еңбегі өз алдына бір бөлек тақырып десек болады. Ай­та­лық, осы салада қырық жыл қызмет ат­қарып, елдің алғысына бөленген Мә­дениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері  Күлбаршын Сисекеева биыл 75 жасқа толып отыр.

Сонау 1970 жылдары еңбек жолын облыстық кітапханадан бастаған жас маман жаңа ортаға тез бейімделіп, сүйікті ісіне қызығушылықпен ден қойған еді. Расында сөрелерде қа­тар-қатар тізіліп тұрған том-том туын­дыларда тұнып тұрған тарихи дерек­тер, ғылыми еңбектер, ұлт құн­дылығын айшықтайтын этногра­фия­лық жазбалар, қазақ және әлем әде­биетінің көркем шығармалары із­деген жанға азық боларлық мол қа­зына екені даусыз. Ал осынау қи­сапсыз байлықты күтіп, саралап, сақ­тай білу үшін кітапханашылар та­ра­пынан да аса ұқыптылық, ыждағат­тылық керек. Осы қасиеттерді бо­йына сіңірген кі­тапханашы Күл­бар­шын Рау­шан­бек­қызы өзінің тұтас еңбек жолын осы саламен байланыс­тырды.

 Атап айтар болсақ, қалалық  №7, №8 және облыстық жасөспірімдер кі­тапханасын басқарды. Жиырма жылға жуық Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ди­ректоры қызметін атқарды. Ол әркез кітапханашылардан өз жұмысына сай жоғары жауапкершілікті талап ете­тін. Сонымен қатар, көпшілікпен қа­рым-қатынас мәдениетіне мән бе­ріп, оқырман сұранысына орай қыз­мет көрсетуге көңіл бөлетін. Иә, бір қарағанда, оңай жұмыс болып көрі­нетін кітапхана қызметінің де өзіне тән қиындықтары бар. Білікті басшы ондай мәселенің барлығын байыппен шешіп, алдағы жоспарын да айқындай білетін.

Кітапхана қызметін жүйелі жолға қойып, өңірлер арасында тәжіри­бе­сімен танылған Күлбаршын Сисекеева Кітапханалар ассоциациясы кеңесі­нің мүшесі болды. Бірнеше мәрте кі­тапханалық ассоциациялар мен ме­кемелердің халықаралық федера­ция­сы жұмысына, Судак қаласында өткен халықаралық Қырым конфе­рен­­циясына, республикалық І әйел­дер съезіне делегат болып қатысты. Алматы қаласында өткен республи­калық  Кі­тапханашылар съезіне облыс­тан де­легат болып сайланып, мандат ко­мис­сиясының жұмысын басқарды. Осы жиында ол «ҚР Оқу-ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

Ел өміріндегі саяси, мәдени шара­лардан да шет қалмайтын Күлбаршын Раушанбекқызы облыстық мәдениет басқармасының алқа мүшесі болып, «Руханият» партиясының облыстық филиалын басқарды.

Мәскеу, Санкт-Петербург қала­ла­рын­дағы мәдени бағдарлама­лар­ға байланысты Ресей мемлекеттік жә­не Салтыков-Щедрин атындағы кітапха­налардан деректер жинап, Қызылорда қаласы астана болған жылдары ба­сы­лып шыққан әдебиеттер тізімін жасап, кітапхана қорына қосты. Сондай-ақ облыс әкімдігі және Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік уни­вер­ситетінің құрастыруымен жарық көрген 200 томдық «Сырдария кітапха­насының» редакциялық алқасының құрамында болды.

Аймақтың мәдениет саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып, айшықты қолтаңбасын қалдырған  Күл­баршын Сисекееваның еңбегі ла­йықты бағаланып, Мәдениет қай­рат­кері атанып, бірқатар жоғары марапат иеленді. Сонымен бірге, әріптестерінің қалтқысыз құрметіне бөленді.

– Күлбаршын Раушанбекқызы ең­бекқорлықты, талапшылдықты сү­йе­тін білікті басшы болды. Әйел-анаға тән кең жүрек, ер адамға бергісіз өр мінез, ақыл мен парасат, білім мен іскерлік бір бойынан табылатын. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?! Ол кісі басшылық қызметте болған ке­зін­де кім көмек сұрап барса да еш уақыт­та қолын қайтармайтын, ақылын айтып, қолдап, демеп жіберетін.  Қызмет­кер­лер осы қасиетін бағалай білетін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­да кітапхана ғимараты құлап, оң­тайландыру саясатымен балалар, жас­өспірімдер және облыстық кітапхана бір ғимаратқа көштік. Сонда барын базар ете білетін кітапханашылар көп­теген жұмыс атқарды. Өз күштерімен қараусыз қалған ғимаратты әктеп, сырлап, қалыпқа келтіріп, бес жүз мыңға жуық кітап қорын жиһазымен қоса тасыды. Аз ғана ұжымның үлкен істі  ауызбірлікпен атқарып шығуы басшымыздың мықтылығының арқасы десек, артық айтқандық болмас.

Күлбаршын апайымыз өзінің ашық-жарқын мінезімен, адами биік болмысымен, қарапайым қалпымен көп­ке үлгі болды.  Әрине, жастарға қат­тырақ талап қойып, тәрбиеледі. Бі­рақ соның барлы­ғы ұжымның ортақ абыройы үшін еке­нін білгендіктен, ешкім ол кісіге қарсы келмейтін. Есе­сіне, осындай қа­тал талап қойып, бә­рі­мізді білікті, бі­лімді, бесаспап бо­луға тәрбиеледі, – дейді Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық әмбебап-ғылы­ми кітапханасы дирек­торының орынба­са­ры Айгүл Жанға­былова.

Мәдениет саласының майталманы Күлбаршын Сисекеева бүгінде ұрпа­ғының шаттығына бөленіп отырған аяулы ана, бақытты әже. Сала арда­гер­лері қатарында мәдениетке, оның ішінде кітапхана жұмысына қатыс­ты жаңалықтардан сырт қалмай, қо­ғам­дық ортада ой-пікірін білдіріп оты­рады. Бүгінде елімізде кітапхана қыз­метіне ерекше мән беріліп, Ұлт­тық кітап күнінің аталып өтуі де сала жұмысының деңгейін көтеріп, дәре­жесін арттыра білген осындай мықты мамандар еңбегінің нәтижесі болса керек.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<