«Мені емес, елдің болашағын сөйлесейік»: Ерлан Қошанов «ұсталды» деген қауесетке жауап берді

37

0

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Құрылтай сайлауында дауыс беруге келген Мәжілістің экс-төрағасы Ерлан Қошанов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол алдымен өзінің көңіл күйі жақсы екенін айтып, бүгінгі күннің тарихи маңызына тоқталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Отбасымның да, өзімнің де көңіл күйім өте жақсы. Себебі бүгін – тарихи күн, тарихи сәт. Таяуда ғана Конституциямызды қабылдадық. Мемлекет басшысы өзі бастамашы болған, халық бір ауыздан қолдаған Конституция қабылданды. Сол Конституцияны іске асырудың бүгін алғашқы қадамы – Құрылтайдың сайлауы жүріп жатыр. Сондықтан халықтың қызығушылығы да зор екенін көріп отырмыз», – деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, таң атқаннан бері сайлау учаскелерінде азаматтардың белсенділігі байқалады. Экс-спикер сайлаушылардың қатысу деңгейі жоғары болатынына сенім білдірді.

«Бүгін таң атпай бүкіл сайлау учаскелерінде үлкен белсенділік байқалады. Сондықтан мен ойлаймын, бүгін халықтың, қоғамның, сайлаушылардың қатысу деңгейі, белсенділігі өте жоғары болады», – деді ол.

Қошанов өз таңдауын да атап өтті.

«Мен өзім әділетті, прогрессивті, қуатты Қазақстан үшін, соның болашағы үшін өзімнің дауысымды бүгін бердім», – деді Ерлан Қошанов.

Журналистер экс-төрағадан оның жеке жоспары мен алдағы саяси болашағына қатысты да сұрады. Алайда Қошанов бүгін жеке басының емес, елдің болашағын талқылау маңызды екенін айтты.

«Бүгін тарихи күн деп айттық, бүгін елдің болашағын айқындап жатырмыз. Сондықтан бүгінгі күні менің болашағым туралы емес, жеке басымның емес, елдің болашағы туралы сөйлесейік», – деді ол.

Сондай-ақ журналистер әлеуметтік желіде тараған Қошановтың «ұсталғаны» туралы ақпаратқа қатысты пікірін сұрады. Экс-спикер бұл мәліметті жалған деп атады.

«Бұл, әрине, жалған ақпарат екені белгілі ғой. Жалған ақпарат, фейк ақпарат кейбір деструктивті ресурстарда жарияланды. Бұның мақсаты – елдің арасына іріткі салу, қоғамды адастыру деп ойлаймын. Сондықтан тұрғындарымыз мұндай жалған дереккөздерге сенбей, ресми ақпарат көздеріне сүйенуі керек», – деді Ерлан Қошанов.