Құрылтай

Қызылордада экология талабын бұзған кәсіпорындарға 3,5 млн теңгеден аса айыппұл салынды

4

0

Фото: Қызылорда облыстық экология департаменті

Қызылорда облыстық экология департаменті осы жылдың 6 айындағы зертханалық-талдамалы бақылау нәтижесін жариялады. Соған сәйкес ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы нормативтен асып кеткен 118 дерек белгілі болды.

— Топырақ, су және атмосфералық ауаның ластануына байланысты 10 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталып, әкімшілік айыппұл салынды. I және II санаттағы кәсіпорындар өндірістік экологиялық бақылау нәтижесі бойынша 326 есеп ұсынды. Оны талдау барысында анықталған сәйкессіздіктер бойынша облыстық табиғат қорғау прокуратурасымен бірге 20 субъектіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 325-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жалпы сомасы 3 546 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, — делінген хабарламада.

Департамент өкілдері атмосфералық ауа мен су объектілері бойынша жоғары ластану және экстремалды жоғары ластану жағдайлары тіркелмегенін алға тартып отыр. Бұл өңірдегі экологиялық ахуалдың тұрақты екенін көрсетеді.

— Қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі кешенді жоспар мен «Таза ауа» іс-шарасы аясында 44 автокөлікке зертханалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде ластаушы заттар шығарындылары белгіленген нормативтен асып кеткен фактілер тіркелген жоқ. Сырдария өзені бассейніндегі 7 бақылау нүктесінен сынама алынып, 22 ластаушы зат бойынша зертханалық анықтау жүргізілді. Нәтижесінде жүзгін заттар бойынша нормативтен 1,4 есе асу жағдайы тіркелді. Жүзгін заттар концентрациясының жоғарылауы Сырдария өзенінің трансшекаралық сипатына, жоғарғы ағыс бөлігінен келетін лай ағындарға, сондай-ақ өзен арнасындағы табиғи гидрологиялық процестерге байланысты. Қалған компоненттер бойынша нормативтен асу деректері анықталған жоқ, — деп мәлімдеді ведомство.