XXI ғасыр адамзат өркениетінің жаңа дәуірін бастап берді. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, роботтандыру және автоматтандыру өндіріс пен экономиканың ғана емес, бүкіл қоғамдық өмірдің сипатын өзгертуде. Бұрын адамның қолымен атқарылған жұмыстарды бүгінде ақылды машиналар орындай бастады. Бұл – ғылымның жеңісі. Бірақ өркениеттің әрбір жетістігі жаңа жауапкершілік жүктейді.
Бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің бірі – табиғи ресурстардың сарқылуы. Оның ішінде су мәселесі ерекше орын алады. Климаттың жаһандық өзгеруі, халық санының қарқынды өсуі, өндірістің ұлғаюы мен табиғатты бейберекет пайдалану жер бетіндегі тұщы су қорына бұрын-соңды болмаған қысым түсіріп отыр.
БҰҰ сарапшылары XXI ғасырды «су үшін бәсеке ғасыры» деп бағалауы бекер емес. Кеше мұнай мен газ үшін таласқан мемлекеттер ертең ауызсу мен суармалы су үшін келіссөз жүргізуі әбден мүмкін. Геосаяси жағдайдың күрделенуі де табиғи ресурстардың стратегиялық маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті.
Қазақстан үшін бұл мәселенің салмағы ерекше. Еліміздің басым бөлігі қуаң климаттық белдеуде орналасқан. Су қорларының едәуір бөлігі трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан суды тиімді басқару – тек ауыл шаруашылығының ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында су мәселесін бірнеше рет ерекше атап өтті. Президенттің бастамасымен Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы – осы стратегиялық бағытқа мемлекет тарапынан берілген жоғары бағаның нақты көрінісі. Бұл – уақыт талабынан туған шешім.
Адамзат қанша жерден жасанды интеллектіні дамытып, цифрлық экономиканы қалыптастырғанымен, судың орнын ешқандай технология баса алмайды. Су – тіршіліктің бастауы. Егер электр жарығы бірнеше сағатқа өшсе, оның орнын уақытша толтыруға болады. Ал ауызсу тоқтаса, тіршілік бір сәтте-ақ тоқырай бастайды.
Судың шынайы құнын біз көбіне тапшылық туған кезде ғана сезінеміз.
Бір қарағанда, су өзенде ағып жатқан табиғи байлық секілді көрінеді. Алайда сол суды елді мекенге жеткізу, су қоймаларын салу, каналдарды күтіп-ұстау, әрбір гектар егістікке әділ бөліп беру – мыңдаған су мамандарының күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Сондықтан 9 шілденің Су шаруашылығы қызметкерлері күні болып белгіленуі – жай ғана кәсіби мереке емес. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, экологиялық тұрақтылығына және ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет.
Сыр өңірі үшін судың қадірін сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл өлкенің тарихы да, тіршілігі де, экономикасы да Сырдариямен тығыз байланысты. Дарияның әр тамшысы мыңдаған гектар егістіктің тағдырын шешеді. Кейінгі жылдары шаруашылықтар суды үнемдеу технологияларын белсенді енгізе бастады. Лазерлік жер тегістеу жүйелері, су есебін автоматтандыру, цифрлық бақылау құрылғылары, суару процестерін басқарудың интеллектуалды жүйелері – мұның бәрі су тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Дегенмен өңірдің алдында шешімін күткен мәселелер аз емес. Топырақтың тұздануы, жердің мелиорациялық жағдайының нашарлауы, климаттың өзгеруі Сырдариядағы су көлемінің азаюы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын шектеуші факторлар екендігі айқын. Сондықтан бүгінгі таңда «көбірек су пайдалану» емес, «әр тамшы суды тиімді пайдалану» қағидасы негізгі ұстанымға айналуы тиіс.
Арал теңізінің тағдыры – бүкіл адамзатқа сабақ болған экологиялық апат.
Бір ғана ұрпақтың көз алдында алып теңіздің жойылып кетуі табиғат заңдылықтарын елемеудің қандай зардаптарға әкелетінін және табиғатты жеңуге болмайтынын, онымен үйлесімді өмір сүру керектігін көрсетті.
Қазақстан тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Кіші Аралды сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бұл – ғылымның, мемлекеттің және халықаралық ынтымақтастықтың ортақ жетістігі еді.
Алайда бұл мәселені толық шешілді деп айта алмаймыз. Себебі дарияның су көлеміне байланысты жиналған сулар тез арада азайып кетіп, судың тұздылығы көтеріліп, кейбір балықтар тұқымының жойылуы орын алуда және болжамдар Сырдария суының көлемі алдағы он жылдықтарда азая түсетінін көрсетеді. Демек, су ресурстарын басқаруда бұрынғы тәсілдермен жұмыс істеу мүмкін емес. Шаруалар өз деңгейлерінде су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында орасан зор жұмыстар атқаруда. Бүгінгі күні атыз беттерін тегістігін қамтамасыз ету суды және аймақтың биоклиматтық ресурстарын тиімді пайдаланудағы маңызды технологиялық процесстердің бірі болып табылады. Кейінгі жылдары мемлекеттік субсидиялау мәселелердің шешілуі және суға деген тәуелділік шаруалардың лазерлік жер тегістегіштерді көптеп алуға жол ашты. Тағы да бір ескеретін жағдай – өңірде топырақтың тұздылығы, деградацияға ұшырауы өнімділікті арттырудың тежеуші факторы болып келеді. Сондықтан жер, су, климат ресурстарын ғылыми негізде тиімді пайдалану – бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі.
Болашақтың су шаруашылығы цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге, ғарыштық мониторингке, дрондарға және автоматтандырылған басқару жүйелеріне сүйенетін болады. Осындай күрделі міндеттерді жүзеге асыратын басты күш – адам капиталы.
Су шаруашылығы саласына жаңа буын инженерлер, гидротехниктер, мелиораторлар, IT-мамандар және зерттеушілер қажет. Сондықтан бұл бағыттағы жоғары білім мен ғылымның рөлі бұрынғыдан да артып келеді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Су ресурстары және суды пайдалану», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Университеттің ғылыми-зерттеу базасының жаңартылуы, заманауи зертханалардың ашылуы және өндіріспен ықпалдастықтың нығаюы – сапалы инженерлер даярлаудың берік негізі. Ы.Жақаев атындағы Қазақ ғылыми зерттеу институты ҚР АШМ мемлекеттік инвестициялық жоба аясында әлемдік стандарттарға сай келетін суды басқару, есепке алу, суару процесін автоматтандыру, климаттық көрсеткіштерді анықтау бағыттарында қолданылатын отандық «Saiman» ЖШС шығарған заманауи қондырғыларды орнатып, жасанды интеллект, цифрлық платформаға негізделген жүйе жасауда және осы база университетпен бірге сапалы мамандар даярлауға қолданылуда.
Кафедраның оқытушы профессорлар құрамында осы саланың жанашыры, үнемі су шаруашылығы мәселелері туралы қоғамда ой-пікірін ашық білдіріп, шешу жолдарын біліктілікпен көрсетіп жүрген аймақтағы сушылардың ұстазы, еліміздегі мелиорация саласындағы атақты ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор С.Қошқаров, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А.Шомантаев, ғылымды өндіріспен ұштастырушы ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Байманов, тағы басқа да ғалымдардың жұмыс істеуі заманауи талаптарға сай келетін мамандарды даярлауға кепіл болатындығы сөзсіз.
Биыл Сыр өңірінде инженер-гидромелиораторлар даярлаудың басталғанына елу жыл толып отыр. Бұл – бір оқу орнының ғана емес, тұтас аймақтың инженерлік тарихындағы айтулы белес. Осы мерейтой аясында инженерлік мамандықтардың беделін арттыруға арналған республикалық ғылыми конференция, өндіріс ардагерлерімен кездесулер, жас ғалымдар форумдары ұйымдастырылса, оның тәрбиелік әрі ғылыми маңызы зор болар еді. Өйткені ұлттың дамуы тек табиғи байлықпен емес, сол байлықты ғылыммен игере алатын мамандардың әлеуетімен өлшенеді.
Қазақ «Судың да сұрауы бар» дейді. Бұл – жай ғана мақал емес, бүгінгі заманның басты қағидасы. Суды үнемдеу – табиғатты қорғау ғана емес, келешек ұрпақтың несібесін сақтау. Су шаруашылығын дамыту – ауыл шаруашылығын дамыту ғана емес, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал білікті су маманын даярлау – елдің ертеңіне салынған инвестиция.
Су – тіршіліктің өзегі. Оны қадірлей білген ел ғана тұрақты дамудың даңғыл жолымен нық қадам басады.
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
техника ғылымдарының докторы, ҚР ҰАҒА академигі, «Сыр мұрабы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы






