Құрылтай

Өнеге ұлықталған кеш

4

0

Президент саябағындағы амфитеатрда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі мен «Ел іші – өнер кеніші» өнер байқауының қорытынды шарасы өтті.

Мемлекет басшысы «Бақытты және мықты отбасы – елдің амандығы мен өркендеуінің кепілі. Мемлекет алдағы уақытта отбасы институтын қолдап, осы салада кешенді саясат жүргізетін болады» деген болатын.

Өңірде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі. Мәселен қала орталығынан сәні мен салтанаты келіскен «Анаға тағзым», шаңырақ бастауының алтын діңгегіне айналған «Отбасы орталығы» ел игілігіне берілді. Сондай-ақ отбасы құндылығын дәріптеуге арналған «Мерейлі отбасы» байқауы, «Отбасы күні» және «Ана шуағы» сынды мерекелер жоғары деңгейде  аталып өтеді. 

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы адам­гершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.

Жобаның мақсаты – отбасы институтын, адам­гершілікті, руханиятты нығайту, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, от­ба­сылық құндылықты дәріптеу. Бастысы байқау жыл өткен сайын жанданып келеді. Жобаға қызығушылық танытатын қатысушы отбасы саны артуда.

Ұлттық құндылықтар мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттайтын шарада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев қатысушылар мен жеңімпаздарды құттықтап, байқаудың қаланың мәдени-рухани өміріндегі маңызы ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Сыр өңірінде «Мерейлі отбасы» ұлттық кон­курсына биыл 22 отбасы үміткер ретінде құжат тапсырды. Нәтижесінде 3 отбасы жүлделі орынды иемденіп, 3 отбасы арнайы номинация иегері атанды.

Қызылөзек ауылдық округінен қатысқан Бодановтар отбасы І орынды жеңіп алды. Қа­рауылтөбе ауылдық округінен Бимұратовтар отбасына ІІ орын бұйырса, Қызылжарма ауылдық округінен Ибраевтар отбасы ІІІ орынды иемденді. «Ұлағатты отбасы» номинациясын Сембаевтар отбасы, «Жұлдызды жанұя» номинациясын Ерниязовтар отбасы еншілесе, Сейілхановтар отбасы «Берекелі әулет» атанды.

Ұлттық байқау отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрдің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп келеді.

Ал қалаға қарасты кент және ауылдық округтердің өнерпаздары арасында өткен «Ел іші – өнер кеніші» байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Қызылжарма ауылдық мәдениет үйі жеңіп алды.  Талсуат ауылдық клубы І орын алса, ІІ орынға С.Майқанова атындағы мәдениет үйі, Белкөл кенті клубы мен Ақсуат ауылдық клубы лайық деп танылды. ІІІ орын Абай мәдениет үйі, Қараөзек ауылдық клубы, Ақжарма мәдениет үйі мен Қарауылтөбе ауылдық клубына бұйырды.

Қала қонақтары мен тұрғындар концерттік бағдарламаны тамашалап, әсерлі көңіл-күймен тарқасты.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»