Жазушы еңбегі жас ұрпақ жадында

720

0

Көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың, М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Дос­жан Сыр елінің саңлақ перзенттерінің бірі еді. 

Қасиетті Қаратаудың етегінде дүниеге келіп, шығармашылық әлеміне құлаш сермеген қаламгер «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби», «Алаң», «Таразы» сынды шығармалары арқылы қазақ әдебиетінің қорына айшықты қолтаңбасын қалдырды. Ұлттық әдебиетті қалыптастыру мен дамытуда өзіндік орны бар жазушының қаламынан 11 роман, 22 хи­каят, 100-дің үстінде әңгімелер туған. Оның 20-дан астамы әлем тілдеріне аударылып, сегіз миллионға жуық таралыммен басылған.

Аймақтағы бірегей білім ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Сыр өңірінен шығып, еліміздің ­әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан тұлғалар есімін ұлықтау­ды дәстүрге айналдырған. Осы дәстүрге сай оқу орнының ғылыми кеңесінің шешімімен қазақтың көрнекті жазушысы Дүкенбай Досжанның  өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында университеттің ғылыми кітапханасында электронды оқу залы ашылды.

Жиында қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафед­расының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев жазушы шығармашылығы туралы баян­дап, әдеби туындылардың тарихи-танымдық мазмұны төңірегінде ой қозғады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Сыр­дария кітапханасы» серия­сы бойынша 200 томдық Сыр бойы ақын-жазушыларының шығармалары жарық көрген еді. Аталған жинаққа Дүкенбай Дос­жанның да көркем туындылары енді. Осы орайда «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, «Сырдария кітапханасы» сериясының жа­уапты шығарушысы, профессор Бағдат Кәрібозұлы қаламгер еңбектерінің оқырман тарапынан үнемі сұраныста екенін айтты.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы облыстық филиалының төрағасы, ақын Қаршыға Есімсейітова сөз кезегінде қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Сыр перзентінің есімін ұлықтау бастамасының өскелең ұрпаққа берері мол екенін атап өтті. Белгілі жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы көрнекті қаламгердің қай жерде жүрсе де кіндік қаны тамған қасиетті топырағын есінен шығармай, өңірдегі қаламгерлермен де тығыз шығармашылық байланыста болғанын айта келіп, адами биік қасиеттерін еске алды.

Заманауи үлгідегі ақпараттық технологиялармен жабдықталған электронды оқу залында жазушы Д.Досжанның қаламынан туған барлық қолжазбалар қоры бар. Сонымен қатар, жиырмаға жуық еңбегі электронды форматқа көшіріліп, еліміздегі барлық жоғары оқу орындары білім алушыларының назарына ұсынылды.

Шараға облыстағы қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен университеттің оқытушы-профессорлары қатысты. Жазушының ұлы Ардақ Дүкенбайұлы, қыздары Айнұр мен Әсел және туған-туыстары шараға қонақ болды. Оқу залының ашылуына көп көмегін берген жазушының жары, белгілі қаламгер Сәуле Досжанова университет ұжымының игі бастамасына  алғысын білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<