108 жаңа нысан салынуда

534

0

Биыл облыста 108 нысанның құрылысына 22,6 млрд теңге бөлінген. Оның 97-сі биыл пайдалануға беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев айтты.

Аталған 108 нысанның ішінде 9 мектеп, екі балабақша, оқушылар үйі бар. Үш дәрігерлік амбулатория, қан орталығы, аурухана және емхана құрылыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 17 денешынықтыру кешені, 6 ауылдық клуб, өнер үйі және мәдениет үйі салынуда.

– Сонымен қатар, 22 тұрғын үй құрылысына 4,8 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 10 кредиттік, 12 жалға берілетін тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ, құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 9 тұрғын үй салынуда. Жалпы, жыл аяғына дейін 1294 пәтер пайдалануға беріледі, – деді Ерлан Төрәлиев.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл 39 инженерлік-инфрақұрылымдық нысан құрылысы да жүргізілуде. Сонымен бірге, өткен жарты жылда жаңадан 39 нысанның жоба-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Бұл нысандардың жалпы құны – 59 млрд теңге.

– Қазіргі таңда тағы 16 нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Ал, өткен жарты жылға жоспарланған құрылыс жұмыстарының көлемі 33,9 миллиардты құрап, 124,7 процентке орындалды. Сондай-ақ, 312 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді басқарма басшысы.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<