Құрылтай

Тағдыр тезінен өткен тұлға

3

0

«Адамның қадірі – басынан кешкен қиындығында емес, сол қиындықты қалай еңсергенінде» деген сөз Әбілда Смағұлұлының өміріне дәл келеді. Оның тағдыры – ХХ ғасырдағы қазақ халқы бастан өткерген ашаршылықтың, сұрапыл соғыстың, сталиндік қуғын-сүргіннің және бейбіт еңбек жылдарының айнасы іспетті. Бұл – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі.

1930-жылдары Сыр өңірінде жаңа өндіріс орындары ашылып, ел тұрмысы біртіндеп тү­­зеле бастаған кезеңде Әбіл­да­ның ағасы Ысқақ Жалағаш­тағы қамыс зауытына директор болып тағайындалды. Ағасы Асқар да осы зауытта еңбек етті. Соның арқасында көптеген жа­лағаштық азамат тұрақты жұмыс тауып, тұрмысын оңалта бастады. Алайда тағдыр сынағы мұнымен аяқталған жоқ. 1933 жылы әкесі Смағұл дүниеден өтіп, отбасы ауыр қайғыны бас­тан кешірді.

Әбілда Жартыбайқызы Те­бізбен шаңырақ көтеріп, бейбіт еңбекпен өмір сүріп жатқанда, 1941 жылдың 22 маусымында басталған кеңес-герман соғысы бүкіл елдің тағдырын өзгертті. Алғашқы шақырылғандардың қатарында ағасы Асқар май­данға аттанып, 1942 жылы хабарсыз кетті.

Сол жылы Семей қаласында жасақталып жатқан әскери қ­ұрамға барған Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі Төралқасы тө­рағасының орынбасары Шекер Ермағамбетова Әбілданы көріп, Қызылорда облысы бойынша майдандағы жауынгерлерге киім-кешек жинау жұмысын ұйымдастыруды тапсырады. Ал­ты ай бойы ел аралап, халық­тың көмегін майданға жеткізуге үлес қосқан Әбілда кейін өзі де қан майданға аттанады.

Соғыс жылдарында ол ауыр сыннан өтті. Днепр өзені ар­қылы тұтқынға түскен кеңес жа­­уынгерлерін Германияға айдап бара жатқан кезде кеңес­тік авиацияның шабуылы бас­талып, туған мүмкіндікті пай­да­­ланып, жанындағы жас орыс сар­базымен бірге жүгері алқа­бы арқылы қашып шығады. Күн­діз жасырынып, түнде ғана қоз­ғалған олар бірнеше күн бойы ажалмен бетпе-бет келеді.

Кейін кеңес танкілері тұт­қын­дарды құтқару мақсатында шабуыл жасаған сәтте Әбілда танкіге қарай ұмтылады. Дәл сол мезетте жарылған снаряд­тың жарықшағы оның басы мен аяғына тиеді. Соған қара­мастан танкистер оны жау қо­лында қалдырмай, аман алып шығады. Госпитальда емделіп шыққаннан кейін қайтадан май­данға оралып, әскери міндетін адал атқарады.

Елге келгесін ат үстіндегі қызметінде ахалтеке тұқы­мы­ның жүйрік тұлпарын мініп, еңбек жолын абыроймен жал­ғастырды. Осы кезеңде «Алға­бас» колхозы төра­ғасының орын­басары қызметін атқарып, шаруа­шылықтың дамуына елеу­лі үлес қосты.

Соғыс аяқталғанымен, оның азабы мұнымен бітпеді. 1947 жылдың соңында «неміс тұт­қынында болған адам қалай мем­лекеттік қызмет атқарады?» деген жалған арыздың кесірі­нен Әбілда тұтқындалып, 1948 жылдың 9 қаңтарында Қара­ған­­ды шахталарына этаппен жібе­рілді.

Әкесімен қоштасуға келген бес жасар қызы Тынышкүлді ми­лиция жолатпай қойған сәт – отбасы жадында мәңгі сақ­талған ауыр көрініс. Сонда қарындасы Күлзада Шаханова: «Бұл не деген сұмдық, баласын әкесімен қоштасуға мұрсат бермейтін!» деп қарсылық біл­діргеннен кейін ғана Әбілда қы­зының маңдайынан сүйіп, иіскеп қоштаса алады. Дәл сол күні жары Тебіз Бақыткүл есім­ді қызын дүниеге әкелген еді.

Қарағанды шахтасында ал­ғашында көмір қазушы бо­лып еңбек еткен Әбілда кейін тәжірибелі комбайнер дәре­жесіне дейін көтері­леді. Еңбек­қорлығы мен адалдығы­ның арқасында көпшілік құрметіне бөленеді. Оның майдандағы шы­найы ерлігі анықталған соң шахта басшысы Архипов жо­­ғары орындарға хат жол­дап, Әбілданың фашистер тұт­қы­нынан қашып шығып, ІІ Бе­ларусь майданында кеңес ода­­­ғының маршалы К.Рокос­сов­ский басқарған құрамда со­­ғыс­қанын, 1945 жылғы 1 қа­зан­да Алғыс хат алғанын дәлел­дейді.

Осыдан кейін жоғары бас­шылық: «Бір кемшілік үшін екі рет жазаланбайды. Өз жазасын қан майданда өтеген. Шұғыл бо­сатылсын» деген шешім шы­ғарады.

Дегенмен Әбілда бірден туған жеріне қайтпайды. Қара­ғандыда бірге айыпталып келген жалағаштық азаматтар – Әбілқасым Әбдреев, Райымқұл Аманжолов, Байкөшер Қош­қар­баев, Кентай Баниязовтар­мен бауырласып кеткен еді. Олар бір-біріне сүйеніш болып, қиындықты бірге көтерді. Жа­лағаштықтардың ұйымшыл­ды­ғы өзге жұртқа үлгі болды.

Ақыры ағасы Ысқақтың: «Елге қайт, туған жерден артық мекен жоқ» деген ақылын тың­дап, 1950 жылы Әбілда отба­сымен туған жеріне оралады. Інісінің аман келгеніне шүкір­шілік еткен Ысқақ ағасы ел-жұртты жинап, ірі қара сойып, ақ батасын алады. Елге келген қадамы құт болып, басына бас қосылып, Наташа мен Рауза атты тағы да екі қыз бала дү­ниеге келді.

Елге келген соң таразышы, байланыс бөлімінде еңбек етіп, кейін бар өмірін диқаншылыққа арнайды. Маңдай термен келген еңбек өз жемісін беріп, ауыл­­дың сыйлы азаматына айналады.

Ол бүкіл ғұмырын адал ең­бекке арнап, табандылығы мен ұйымдастырушылық қабіле­ті­нің арқасында күріш өсіру ісінде зор жетістіктерге жетіп, мол өнім өндіретін бригадир дәрежесіне көтерілді. «Сары алтыннан тау тұрғызған» ең­беккер ретінде елге танылып, ауыл шаруашылығының өркен­деуіне өлшеусіз үлес қосты.

Ерен еңбегі мемлекет тара­пынан жоғары бағаланды. Бү­­кілодақтық халық шаруа­шылығы жетістіктері көрме­сінің (ВДНХ) алтын және кү­міс медальдарының иегері ата­нып, «Еңбек Қызыл Ту» және сол кезеңдердегі ең жоғарғы марапат Ленин орденімен наград­талды. Бұл марапаттар – оның маңдай термен келген қа­жыр­лы еңбегінің, туған жерге деген адалдығының және ел се­німіне ие болған абыройлы ғұ­мырының жарқын айғағы.

1960 жылдың қарсаңында тағдыр тағы бір ғажайып бел­гіні сыйлайды. Көршісі Гүл­жахан апа түсінде аппақ киімді, ақ сақалды қарияның қолына қанжар ұстатып: «Мынаны Әбіл­даның шаңырағына табыс ет» деген аян көреді. Көп ұзамай Тебіздің аяғы ауырлап, 1960 жылдың 25 маусымында ұл дүниеге келеді. Баланың есімі түс аянымен байланыстырылып, Қанжарбек қойылады.

Қуанышты хабарды жеткіз­ген Гүлжаханға Әбілда: «Сүйін­шіңе бір өгіз!» деп ризашы­лы­ғын білдірген екен. Бұл оның кеңпейілділігі мен дарқан міне­зінің көрінісі еді.

Әбілда Смағұлұлы ұрпағына адал еңбек пен адамдықтың, ел­ге қызмет етудің өшпес өнеге­сін қалдырды. Оның жалғыз ұлы Қанжарбек Әбілдаұлы бі­лім беру, партия, әкімшілік, жер­гілікті басқару және спорт салаларында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті. Ол мектеп директоры, ауылдық ке­ңес төрағасы, республикалық спорт мектебі директорының орын­басары, Олимпиадалық даяр­лау орталығының заңгері қыз­меттерін атқарып, бүгінде құр­метті зейнеткер атанып отыр.

Қанжарбек Әбілдаұлынан Салтанат атты бір қыз, Нұр­бо­лат, Самат, Қанат, Рамазан, Ислам атты бес ұл өсіп-өрбіді. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, өне­гелі әулет қалыптастыру – Әбіл­­да ақсақалдың өмір жолы­ның ең қымбат жемісі десек артық емес. Оның ғибратты ғұмыры мен адал еңбегі бүгінгі ұрпағының игілікті ісімен абат болып отыр деп нық сеніммен айтуға болады.

Әкесінің есімін ұлықтау, ерлікке толы өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу – Қанжарбек Әбілдаұлы мен әулетінің пер­зенттік парызына айналды. Өйткені Әбілда Смағұлұлының ғұмыры – тағдыр тауқыметіне мойымаған қайсарлықтың, елге адал қызмет етудің, адамдық арды бәрінен биік қойған аза­маттықтың жарқын үлгісі.

Осындай тұлғалардың өмірі ұмытылмауға тиіс. Өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жет­кізу – тарих алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.

Бұл жазба Әбілда ақсақал­дың ұлы Қанжарбектің әңгіме­леуі негізінде қағазға түсті.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

 ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,

жазушы, этнограф, Жалағаш ауданының құрметті азаматы