Құрылтай

Ұлттық спорт – ұлт рухы

4

0

Қызылорда қаласында қылмыстық жазасын өтеген және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. «Ұлттық спорт – ұлт рухы» тақырыбымен өткен шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттық спортты дәріптеу, зиянды әдеттер мен есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету.

Спорттық сайыс қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеу­меттік бейімдеу мен оңал­ту орталығының бастамасымен өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға Қызылорда облысы полиция де­партаментінің есірткі қылмы­сына қарсы іс-қимыл басқармасы, Қызылорда қаласының прокуратурасы, қалалық пробация қыз­меті, Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі мен қалалық жастар ресурстық орталығы атсалысты.

Жарыстың ашылу салтана­тында ұйымдастырушы мекеме­лердің өкілдері сөз сөйлеп, қа­тысушыларға сәттілік тіледі. Олар мұндай тағылымды шара­лардың азаматтарды салауатты өмір салтына баулуда, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда және қоғамға қайта бейімделуіне мүм­кіндік жасаудағы маңызын ерекше атап өтті.

Сайысқа қатысушы­лар гір та­сын көтеру, қол күрес және асық ату секілді спорт түрлері бо­йынша өзара бақ сынады. Әсі­ресе ұлттық болмысымызбен біте қайнасқан асық ату сайысы көп­шіліктің қызығушылығын тудырды.

Тартысты өткен бәсекелерде әрбір қатысушы жеңіске деген жігерін байқатып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Жарыс алаңында өзара сыйластық пен достық қалыптасып, спорт­тың адамдарды ортақ мақ­сатқа біріктіретін құдіреті айқын се­зілді.

Қорытындысында әр спорт түрінен үздік нәтиже көр­­­сет­кен жеңімпаздар арнайы дип­лом­­­мен, медаль жә­не бағалы сый­лықтармен мара­­пат­талды. Сон­дай-ақ жарыс­қа бел­сенді қатысып, спорт­тық ше­бер­лігін та­нытқан азамат­тардың барлы­ғына алғыс хат табыс­талды.

«СБ» ақпарат