«Адамның бір қызығы – бала деген…»

1234

0

Ертең –  Балаларды қорғау күні. Халықаралық деңгейдегі атаулы күннің тарихы 1949 жылдан басталады. Осы күні қылығы балдай, талабы таудай балапандарға әдеттегіден артығырақ көңіл бөлуге ден қоямыз. Олардың тәтті армандарын тыңдап, қиялындағы әдемі әлемге бірге самғаймыз.

Балаларды бір күн ғана емес, кірпік қақпай қорғау керек екенін күнделікті өмірдегі оқиғалар дәделдеп отыр. Дүниеге шыр етіп келген нәресте алдымен анасының, өсе келе айналасының, қоғамның  қолдауына мұқтаж. Сондықтан оларды от пен судан, қауіп пен қатерден жыл он екі ай, жиырма төрт сағат бойы қорғау – үлкендердің парызы. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Жаңажылдық құттықтауында «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін» деген еді.

 Бүгінде облыстағы 677 мектепке дейінгі ұйымда (162 мемлекеттік, 439 жекеменшік, 76 шағын орталық) 60 мыңға жуық бала тәрбиеленуде.

322 мектептің 295-і мемлекеттік және 16-сы жеке, 8-і кешкі мектеп, 3 арнайы түзету интернаты жұмыс жасауда. Оқушы саны –  176 771.

Өңірде «Балалар жылы» аясында қаңтар мен мамыр айлары аралығында түрлі форматтағы 378 шара ұйымдастырылып, оған 116 мыңнан аса бала қатысты. Атаулы жыл аясында Қызылорда қаласында аутизм орталығы және білім беру ұйымдары жанынан 4 инклюзивтік кабинет пен 4 логопункт пайдалануға берілді.

Жыл соңына дейін бірнеше нысан балалар игілігіне берілмек. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында 6 мектеп, 2 қосымша білім беру орталығы, 1 балабақша,  Оқушылар үйі және Өнер мектебі, Арал ауданаралық ауруханасы базасында 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы, көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 2-14 жас аралығындағы балаларға арналған оңалту орталығы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында 28 инклюзивтік кабинет, 2 ресурстық орталық және 47 логопункт ашылады. Жергілікті бюджеттен бөлінген 3,3 млрд теңгеге әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар тегін мектеп формасымен, ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Жыл соңына дейін атаулы жыл аясында жоспарға сәйкес 400-ден аса ірі көлемді іс-шара өткізіліп, 165 мыңнан астам бала қамтылмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<