Әділетті қоғам құрудағы маңызды қадам

472

0

Облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков «Достық үйінде» тұрғындармен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов қатысты.

Алдымен вице-министр жергілікті және республикалық БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Онда жұмыс сапарының мақсаты мен саладағы жаңалықтарды айтып, Конституцияға енгізілген өзгерістерден де хабардар етті. Журналистердің сауалдарына жауап беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот құруды тапсырған болатын. Осыған орай Конституциялық сот туралы заң қабылданып,  ол 18 қарашадан бастап күшіне енді. Конституциялық сот өз қызметін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастайды.

Конституциялық сот – дербес конституциялық  қадағалау органы, ол сот жүйесіне кірмейді. Оның негізгі міндеті – кез келген деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру. Егер Конституциялық кеңеске Мемлекет басшысы, Парламент палатасының өкілдері, Парламент палатасының депутаттары, сондай-ақ олардың жалпы санынан кемінде 1/5 ғана, соттар жүгіне алса, Конституциялық сотқа Қазақстан Республикасының азаматтары да жүгіне алады. Жыл соңына дейін төраға мен оның орынбасарын қоса алғанда 11 судьядан тұратын Конституциялық сот құрылады. Оған тек жоғары білікті, мамандығы бойынша кемінде 15 жыл өтілі бар, беделді, 40 жасқа толмаған заңгерлер судья бола алады.  Судьялардың өкілеттілік мерзімі сегіз жылға созылады. Бұл ретте, сол адам Конституциялық сотта бір реттен артық судья болып тағайындалмайды.

Вице-министр қазіргі уақытта «Нотариат туралы» Заңға қабылданған түзетулер жылжымайтын мүлікке мәмілені рәсімдеуді жеңілдеткенін айтты. Енді мәмілені азаматтар жылжымайтын мүлкі орналасқан жерге міндетті түрде бармай-ақ, республика бойынша кез келген нотариуста рәсімдей алады. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға енген өзгерістерге сай, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаптау құрбандарына, 1 және 2 санаттағы мүгедектерге, зейнеткерлерге құқықтық кеңес түрінде тегін заң көмегіне кепілдік берілді. Бекболат Молдабековтің айтуынша, осы жылдың 11 айында облыс бойынша 5 мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген.

Сонымен қатар ол некені тіркеу мерзімі 15 күнге дейін қысқартылғанын атап өтті. «Электрондық үкімет» және «eGovmobile» порталы арқылы туу, неке және қайтыс болу туралы куәлікті электронды түрде алуға болады.

Вице-министр халықтың жерге және жер қойнауына, жануарлар мен өсімдік әлеміне, басқа да табиғи ресурстарға меншік құқығы туралы Конституцияда жарияланған нормаларға да тоқталды.

–    Бұл ретте Конституцияда бекітілген нормада біздің әрқайсымызға жердің қандай да бір алаңына немесе жер қойнауы учаскесіне меншік құқығын туғызбайды, ол жерді, жер қойнауын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану Қазақстан халқының мүддесі үшін жүзеге асырылуы тиіс екенін айқындайды деген қағидат сипаты бар екенін түсінуіміз қажет. Мәселен, ел Президенті ұлттық қордың, оның ішінде Қазақстанның жер қойнауын пайдалану есебінен қалыптасатын кірісінің бір бөлігін балалардың қажеттіліктеріне бағыттауды ұсынды. Бұл – халықтың жерге меншік құқығын іске асырудағы тәсілдердің бірі, – деді вице-министр.

Әділет министрлігі Зияткерлік меншік мәселелерімен де айналысады. Бекболат Молдабековтің айтуынша, жыл басынан бері облыс тұрғындары мен кәсіпорындарының өтінімдері бойынша тауар белгілеріне 14 куәлік, өнертабысқа 1 патент, пайдалы модельдерге 5 патент, өнеркәсіптік үлгілерге 1 патент берілген.

Атқарушылық іс жүргізу – облыс бойынша ғана емес, бүкіл елімізде ең өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша барлығы 12 мемлекеттік және 77 жеке сот орындаушы қызмет атқарады.

Осы күнге дейін олардың өндірісінде 341 мың атқарушылық өндіріс болып, оның 170 мыңы өндірілген. Көрсетілген санның едәуір бөлігін алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар құрайды. Облыста бұл 14 мыңнан астам іс. Вице-министрдің айтуынша, материалдық жағдайы бола тұра, балаларына жәрдемдесуден әдейі жалтаратындар, өз мүлкін жасыратындар да бар. Сондықтан алимент өндіруге қатысты іс жүргізу процесінде сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қабылдауына тура келеді. Облыс бойынша алимент төлеуден жалтарған 281 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 49 ұсыныс жіберілсе, 1562 борышкерге қатысты Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша тыйым салынып отыр.

Берешекті мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде және қоғамдық орындарда орнатылған терминалдар, сондай-ақ Kaspi bank пен «Қазпошта»  мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимде төлеу мүмкіндігі берілген. (Kaspi.kz және Post.kz). Қарызы толық өтелген кезде атқарушылық өндіріс органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі шоттарға және шығуға тыйым салуды автоматты түрде жояды. 

 – Сондықтан да қазіргі уақытта біз Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп кепілдендірілген хабарламалардың  бірыңғай жүйесінің әзірленуіне жұмыс жүргізудеміз, яғни әрбір қазақстандық барлық мемлекеттік органнан сол не өзге берешегінің болуы туралы, қандай да бір әрекет жасау қажеттілігі туралы хабарлама алуы тиіс.  Бұл ретте, ешкім хабарлама алмадым немесе хабардар болмадым деп айта алмайтынын ескерген жөн, өйткені аталған жүйеге хабарлама жіберілген сәттен бастап, азамат хабардар етілген болып есептеледі, –дейді вице-министр.

Бүгінде Әділет министрлігі «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жалпыға бірдей тегін қолжетімділікті қамтамасыз етті. Бұл – кәсіби заңгерлерге ғана емес, қарапайым азаматтарға ресми тіркелген нормативтік-құқықтық актілердің мәтінімен танысуға үлкен мүмкіндік. Сонымен бірге Әділет министрлігінің 119 нөмірі тәулік бойы құқықтық-ақпараттық қызметі жұмыс істейді, барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беріледі.

Кездесу соңында тұрғындар кәсіпкерлік мақсаттағы ғимаратты рәсімдеуде кездесетін кедергілер жайлы, алимент мәселесі, заңгер мамандарының болашағы туралы сұрақтар қойды. Вице-министр өзекті мәселе көтерген тұрғындардың кейбір сауалдарын жазып алып, оның заң аясында жан-жақты қаралып, жауап берілетінін айтты.

Түс ауа «Достық үйінде» Бекболат Молдабеков азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Одан кейін облыстық әділет департаментінің қызметкерлерімен кездесіп, жұмыс барысын талқылады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<