Әлемдік биік әлі де бағына береді

947

0

Қазақстан, оның ішінде Қызылорда облысының ауыр атлетикадағы атағын тұтас әлем біледі. Кезінде Асқар Меңдияров, Илья Ильин, Алмас Өтешов, Александр Зайчиков секілді саңлақтар салған дәстүрлі жолды қазір талантты жастар лайықты жалғастырып отыр. Рахат Бекболат, Айзада Мүптілда, Айсамал Сансызбаева, Азамат Төлеген, Динара Қыпшақбай секілді спортшылар әлемдік додаларда олжа салып жүр. Биыл Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында олардың бірі жеңімпаз тұғырына көтерілсе, ендігі бірі жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ауыр атлетикадан облыс құрамасының аға бапкері Альберт Хакимуллин халықаралық деңгейдегі әрбір жарыстың аса тартысты өтетінін айтады. Әсіресе, мұндай үрдіс Азия құрлығында ерекше байқалады.

– Биыл өткен құрлықтық додадағы әрбір салмақта тартысты бәсеке өрбіді, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Ол жарысқа қатысқан шәкірттеріме үлкен сынақ болды. Білгендей, үлкен дайындықпен бардық. Нәтижесі ойдағыдай. Шынын айтқанда, екі жыл бұрын әлемді жайлаған коронавирус спортқа біраз кедергісін келтірді. Біз соған қарамастан дайындықты тоқтатқан жоқпыз.

Оның айтуынша, құрлықтық додаға көптеген мемлекеттер мықты құрамын алып келген. Оңтүстік Корея, Үндістан, Вьетнам, Таиланд құрамалары өздерін жақсы қырынан көрсетті. Сондай-ақ, Түркіменстан және Индонезия ауыр атлеттері әрбір салмақта жүлделі орындарға таласты. Бұл алдағы уақытта сары құрлықта ауыр атлетикада бәсекесі күшейе түсетінін айғақтайды.

Алда ірі жарыстар күтіп тұр. Қыркүйек айында Қостанай қаласында ересектер арасында ел біріншілігі жалауын көтереді. Ал қазан айында Бахрейнде Азия біріншілігі болады. Ел құрамасының кеңейтілген тізімінде бес қызылордалық ауыр атлет бар. Биыл Колумбияда өтетін әлем чемпионатында 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады. Сондай-ақ, қазан айында 17 жасқа дейінгі, қарашада 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өткізіледі.

– Облыста ауыр атлетика жасөспірімдер арасында жаңа деңгейде шығып отыр. Жақында Семей қаласында өткен ел біріншілігінде ұлдар бес, қыздар екі алтын медаль алды. Осының өзі ізбасар буынның табанды беталысын байқатпай ма? Біз мықты әрі әлемді мойындатар спортшылар өсіп келетініне сенімдіміз, – дейді А.Хакимуллин.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<