Ән кеші емес, әңгіме кеші

1175

0

 Қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары қағажу көріп отырған батыстық өркениет үдерісінде ел мұрасын жаңа биікке көтеру – баршамыз үшін қасиетті парыз.

Бүгінгі күні ұлттық кодқа, ұлы санаға оралып, халқымыздың қазынасын жарқырата көрсетіп жүрген сондай өнер тұлғалары да жоқ емес. Сол қатардың алдыңғы сапында келе жатқан белгілі жазушы-этнограф, мәдениеттанушы, ақын, Астанадағы «Шабыт» университетінің ұстазы Ұларбек Нұрғалымұлы.

Ұларбектің «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Оян, қазақ» сынды тарихи сериалдарының сценарийін жазып, өз замандастарының отангерлік рухын оятқан ерен еңбегі бір бөлек сөз.

Қаламмен ғана емес, жүрек қылымен жаза білу – нағыз шеберлер ісі. Ұларбектің қаламынан туған «Дайағашшы» кітабының 8 рет басылып шығуы да оның дара дарынын танытады.

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық театрында Ұларбек Нұрғалымұлының қатысуымен «Қоңыр әңгіме» аталатын рухани кеш болып өтті.

Ән кеші емес, әңгіме кеші деген атаудың өзі құлаққа тосын естілгенмен, қазақы қоңыр әңгімеге сусап қалған қауым аз емес екен.

Кешті республикалық «Алтын домбыра» сыйлығының үш мәрте иегері, Н.Бекежанов театрының басшысы Мұхтар Ниязов жүргізіп отырды.

– Көпшілік көкезу әңгімеден жалыққан, көңіл қозғайтын әңгімелер азайып кетті. Қазақ – дастархан басында отырып-ақ даналық айтатын халық. Қазір осы дәстүрден ажырап бара жатырмыз, – деді кеш барысында Мұхтар Ниязов.

Расында, Ұ.Нұрғалымұлы айтқан әңгімелер көрерменнің көңілін қозғап, жұртшылық жыр тыңдағандай «бәрекеллелеп» отырды.

Кеш иесінің «Қар суымен кеткен ат» деген әңгімесі қазақтың кеңпейіл, жомарт бейнесін дәріптейді. Ал, «Қараманнан шыққан қайыршы» деп аталған әңгімесі халқымыздың «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» дейтін қасиетін паш етеді.

Жазушының бәрі әңгімешіл емес, айту шеберлігін, шешендік өнерді меңгере білген Ұларбек көрерменді кең тыныстатып, қошеметке бөленді. Әңгіме арасында жыршы-термешілер өнеріне де кезек берілді.

– Біз бұл жобаны мәдениет және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырдық. Ұлттың иммунитетін көтеретін тың дүниелерді халыққа тарту ету қашан да қолдау табады. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы барлық салаға серпін бергені секілді руханият бастамаларына да баса көңіл бөліп келеді. Сондықтан бұл жоба алдағы уақытта жалғасын табады, – деді М.Ниязов кеш қорытындысында.

Облыс орталығынан соң рухани кеш Жалағаш пен Сырдария ауданында жалғасты.

Аудан басшылары жаңалықты қолдап, қарапайым жұртшылық қоңыр әңгімеге ыстық ықылас танытты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<