Айналайын, абайла!

2674

0

Апта басында Қазан қаласында болған оқиға әлемді кезекті рет дүр сілкіндірді.  19 жастағы Ильназ Галявиев өзі оқыған мектептің 8А сыныбына басып кіріп, оқ жаудырған.  Қанішердің қолынан 9 адам қаза тауып, 22 адам (18-і оқушы) жарақаттанды. 6 бала қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Буллинг. Бұл не?

Осы оқиғадан кейін бала­лардың мектептегі қауіп­сіздігі, жасөспірім санасына кері әсер ететін интернет ресустар, мектептердегі кү­зет қызметінің сапасы сияқ­ты бірнеше себептер аталып, жер-жерде «мұндай жағдайдың алдын алуға бола ма?» деген сұрақтар қойылуда, тексерулер жү­ріп жатыр. Сарапшылар мек­­тептегі күзет қызметін кү­шейтуден бастап, қару ұстауға рұқсат беру жасын ұлғайтуға дейінгі ондаған жолды ұсынды. Бірақ, мұның бәрі агрессияның түп негізінде жатқан себептердің қасында бірреттік, нау­қандық шаралар болып қала бермек. Уақыт өтеді, Қазан оқиғасы біртіндеп көмес­кіленіп, ұмытылады. Келесі бір осындай оспадарсыз жағ­дайға дейін (бетін әрмен қылсын) бұл мәселеге қайта айналып соқпауымыз әбден мүмкін.    

Әлеуметтік желілерде та­раған жауап алу сәтінің бейнежазбасында Галявиев «Мен өзімнің құдай екенімді бірден білген жоқпын, екі ай бұрын ғана ұқтым. Жазда ішімде құбыжық ояна бастады. Айналамдағы адамның бәрін жек көре бастадым. Бұрын да жек көруші едім, енді ішімдегі ыза-кек күшейе түсті.  Мені есі ауысқан деп ойламаңдар» деп ышқынады.

«Маған құдай екенімді ешкім айтқан жоқ, екі ай бұрын өзім түсіндім. Алғаш рет бұны анама айттым. Менің анам жоқ,  мен оған сіз деп айта беремін.  Ол менің анам емес. Менің ата-анам жоқ, мен барлықтарыңды жек көремін.  Мен барша адамнан бас тарттым. Мені тапқан адам менің анам емес. Анам да, әкем де жоқ» дейді тағы бірде.

Төбе құйқаңды шымырлататын бейнежазба­ны соңына дейін көру мүм­кін емес. Медициналық-пси­хо­логиялық зерт­теу­лер­дің алдын ала қоры­тын­дысында «бұл бала буллинге ұшырауы мүмкін» деген болжам айтылды.

Кейінгі кезде құлаққа таныс болып қалған осы терминнің төркінін іздедік. Таптық та,  талай мәліметке қанықтық. «Біздің елімізде әрбір бесінші жасөспірім 11 мен 15 жас аралығында буллинг құрбаны немесе қатысушысы болады» деген ресми органдардың ақпараты бұл мәселенің тамыры тым тереңдеп кеткенін көрсетті.

Буллингтің түп мәні – қорқыту, ол тек физикалық күш қолдануды ғана емес, адамға психологиялық қы­­­сым жасауды, қорлық көрсетуді, қолындағы затын тартып алуды, негізсіз әңгіме-сөз таратуды, ортадан саналы түрде аластатуды  білдіреді.

2018 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығының ғалымдарынан құрылған зерттеу тобы қазақстандық оқушылар ара­сында сауалнама жүр­гі­зіпті. Оқушыларға кейін­гі екі айда буллингке немесе кибербуллингке ұшы­­раған-ұшырамағаны, қатыс­қан-қа­тыс­пағаны туралы сауал қойды.  Сонда 11-15 жас ара­лығындағы жас­өспірім­дердің 17 проценті бір айдың ішінде бірнеше рет арандату, қысым көретінін айтқан. Қысымға ауыл мектептеріне қарағанда қала мектептерінің балалары жиі кезігеді. Ал біреуге буллинг жасауға жасөспірімдердің 20 проценті қатысқан.

Ақпараттық дәуір мұн­дай қысым көрсетудің кибербуллинг деп аталатын түрін дамытты. Бұрын бетпе-бет жолығып, көзбе-көз төбелесетін немесе күш қолданатын болса, енді телефон мен компьютердің ар жағында отырып, ойына келгенді жазу, абыройын төгу, түрлі коментарийлер жазып, намысына тию белең алды. Бұл, әрине, бала психикасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Жо­ғарыдағы зерт­­­­теу қоры­тындысында ки­­бер­­­буллингке тап болған ба­ла­­­лар­дың үлесі 12 процент еке­­ні айтылған. 

Қысымға ұшырағанын

қалай білеміз?

Мұндайда, әрине, маман пікірі маңызды. Қызыл­­орда қаласындағы С.Толы­беков атындағы №3 ІТ мектеп-лицей педагог-пси­хологы, педагогика ғылым­дарының магистрі Гүлзат Оңалбаеваның айтуынша, буллингке ұшыраған бала алдымен мектептен немесе оқу орнынан көңіл-күйі болмай келеді де, ол жаққа баруға ынтасы жоғалады. Себепсіз жылап, сыныптастары немесе топтағылар туралы ештеңе айтпайтын болады, олардың үйіне, туған күн кештеріне бармайды. Көп ауырады, ақша  сұрайды, сөйлесуден қашқақтайды. Мұның соңы сарыуайымға салынудан бастап, ұйқының, тәбеттің бұзылуына, өзіне деген сенімнің жоғалуына, сабақ үлгерімінің нашарлауы­на, өзін жалғыз қалғандай се­зініп, ақыры өз-өзіне зиян келтіруге әкеп соғуы мүмкін. 

Енді не істейміз? Педагог-психолог әр оқушының санасына «Еciңде cақта! Ешкiмнiң cенi қорлауға құқы жоқ, буллинг cенiң доcтарыңның, отбаcыңның, мектептегi балалардың немеcе бөтен адамдардың тарапынан болуы мүмкiн, қалай дегенде де бұл дұрыc емеc және бұлай болуға тиic емеc, буллингтi тоқтатуға және өзiңдi бағалауға үйренуге болады» дегенді сіңіре беру керек дейді.

– Мектебімізде буллингке ұшыраған немесе кибербуллер, агрессор оқушы болған емес. Дегенмен, сынып жетекшілерімен бірлесіп, алдын алу жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Жақында «Кибербуллинг туралы әңгімелесейік» тақырыбында онлайн-вебинар өткіздік. Ата-аналармен де тығыз байланыстамыз, – дейді ол.

Мұндайда «Егер жас­өспірім  өзi бiреуге қысым көрсетіп жүрсе, оны алған бетінен қалай қайтаруға болады?» деген сұрақ өздігінен туындайды.

– Баланың бәрі өзіміздікі, сондықтан оларды қысым көруші деп ақтап,  агрессор деп даттап, бөліп-жаруға болмайды. Ондай балалардың біреуге қорлық көрcетуіне не итермелегенін білу маңызды. Жан-жа­ғындағылардың құр­метiне лайық болудың жолы бұл еместігін, өзі қысым көр­сеткен қатар­ласының қан­дай қиын жағ­дайға ұшырай­тынын түсіндіру ар­қылы мәселені шешуге болады, – дейді Г.Оңалбаева.

Бүгінгінің баласы басқа ма?

Мойындайықшы, баламен бір сәт сырласу, уақыт тауып ойын білу, оны жақсы көретініңді айту туралы психологтардың кеңесіне құлақ түре бермейміз. Сал­ған жерден «бізді әке-ше­шеміз еркелеткен жоқ, шөп оруға да, бақша егуге де салды, бір-біріміздің сыймай қалған киімімізді киіп жетілдік» деп өз уәжімізді алға тартамыз. Бірақ кеше мен бүгінді, яғни өзіміз бен баламызды  салыстыруға мүлде болмайды. Ата-ананың бәріне топырақ шашудан аулақпын, бірақ қазір баланы материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуді бірінші орынға шығардық. Оның жан дүниесінде не болып жатқанын, ортасымен қарым-қатынасы қалай екенінен хабарымыз аз. 

Мәселенің мәнісін мамандар терең түсінетін бол­ғандықтан, оларға ха­бар­ластық. Психолог Сым­бат Абдрахманова айтады: 

– Бала дүниеге келгенде әппақ парақ сияқты болады. Ол атын, ұлтын, дінін, руын, т.б білмейді. Осындай қарапайым тү­сі­ніктен бастап, үлкен мәселені шешуге дейінгіні үйрететін – отбасы. Үйдегі әрбір әрекетке, айтылатын әңгімеге абай болыңыз. Жасыратыны жоқ, кейбір проблемаларды, мысалы ақша жетпеу, т.б дастарханның басында, баланың көзінше талқылайтындар бар. Бала бұл түйінді шеше алмайды, алайда естігенін ауыр қабылдайды. Мысалы, тә­жірибемде үйінде ақша жетпегендіктен өмірін қи­ғысы келетін жасөспірім кездесті. Ол «мен жоқ болсам, маған  кеткен қаражат үйдің басқа қажеттіліктеріне жұмсалар еді»  деп ойлапты.

Баланы жақсы көру – оны материалдық жағынан қамтамасыз ету емес. Оған «мен сені жақсы көремін» деп айтып, құшақтағаныңыз, көңіл бөлгеніңіз керек. Тағы бір мысал айтайын. Бірінші некеден туған қыз екінші некеден туған екі ұл бауырына қарап, өзін керексіз сезінеді. «Екінші әкем бөлектейді» деп айтатын. Қызбен, отбасымен жұмыс істедік. Бір күні қыз қуанып келді. «Анам мені «ботақаным» деп еркелетті» дейді. Шыны керек, көбіміз үйдің кішісін еркелетіп, үлкеніне аса мән бермейміз. Оларды жұмсап, жауапкершілік артып, өсіп кетті деп ойлаймыз. Алайда, үйдің үлкеніне де, ортаншысына да, кенжесіне де бірдей қарау керек.

Бала үшін ата-ана – тек жасөспірімдік шаққа дейін авторитет. Әрі қарай достарының, ортасының ойы маңызды бола бастайды. Сол жасөспірімдік шаққа дейін уақыт пен көңіл бөле алсаңыз, әрі қарай жеңіл болады. «Жұмыс, қол тимейді, т.б» деп жүргенде уақыт өтіп кетуі мүмкін. Ал уақытты кері айналдыруға ешкімнің құдіреті жетпейді. Сондықтан, балаларыңызға «жақсы көремін» деп айтуға, құшақтауға, көңіл, уақыт бөлуге шақырамын.

Кеше ғана мектептен шыққан баланың өзі білім алған ұясын ойрандап, қан төгуіне не себеп болғанын түсінуге тырысып жатқандарды тыңдап отырып түрлі ойға берілесің. «Баланың бос уақыты көп, тегін үйірмелер аз, онсыз да түн ауғанға дейін компьютер мен телефоннан бас алмайтын еді, карантинде тіпті «тордың» шырмауында қалды, интернет ресурс­тарда зорлық-зомбылыққа үйрететін бейнежазбалар қолжетімді»… Осылайша кете береді.

Ал сіз балаңызбен қашан сырластыңыз?

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<