Алаяқтыққа қарсы күресті күшейту керек

674

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиынға жауапты сала басшылары мен онлайн форматта бірқатар аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Алдымен облыстық полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Қызылорда облысында өткен 5 ай ішінде 73 есірткі қылмысы тіркеліп, оларды тергеп-тексеру барысында марихуана заттары және «ПиВиПи» синтетикалық есірткі заттары тәркіленіп алынған. Осы есептік мерзімде есірткіге қатысты қылмыстардың ашылуы 53 процентті құрап отыр.

Өңірімізде қылмыскерлер марихуана есірткі өсімдігінің «Индийский» және «Голландский» деген түрлерін өсіруді кәсіпке айналдырған. Кейбіреулері тіпті далалық жерлерде тереңнен су тартатын насостар қолданып, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы өсірген.

Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап 31 қазанға дейін республика көлемінде «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Оның барысында қалалар мен ауылдардағы бау-бақшалар, шаруа қожалықтарының аумақтары және облыстың барлық далалық жерлерінде әуеден мониторинг жасау арқылы жұмыстар жүргізілуде.

Облыс әкімі есірткіге қатысты қылмыстардың ашылу көрсеткіші төмен екенін ескертіп, бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

– Есірткі заттары тасымалданатын каналдарды, дайындайтын және өткізетін орындарды анықтап, пәрменді түрде шаралар қабылдансын. Есірткі өсімдіктерін өсірудің жолын кесуде заманауи технологияларды пайдалану мүмкіндіктері қарастырылсын. «Ғарыштық мониторинг» қызметін қолдану үшін облыстық экономика және қаржы басқармасы бірлесіп, ұсыныс берілсін. Облыстық қоғамдық даму басқармасы арқылы құқықтық жауаптылықты түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталуы керек, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы қызметті үйлестіру жөніндегі облыстық штабтың жұмысын күшейтіп, жастар басым қолданатын әлеуметтік желілерде нашақұмарлықтың зияны туралы арнайы бейнероликтер мен посттар жариялау қажет екені баса айтылды.

Комиссия отырысында интернеттегі алаяқтық қылмыс мәселесі ашық қаралды. Сұлтан Бектөре биылғы жылдың 5 айында облыста алаяқтық қылмыстың 297 дерегі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 27,4 процентке төмендегенін жеткізді. Бірақ, анықталған қылмыстардың  53,1 проценті интернет-алаяқтық сипатында болған.

Облыс басшысы алаяқтық, қаржылық пирамида, интернет желілері арқылы жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді қатаң түрде тапсырды. Әсіресе, интернет-алаяқтықтың жолын кесу үшін нақты шаралар қабылдап, адам санасын арбайтын түрлі жазбалар мен ақпараттардан сақтандыратын иммунитет қалыптастыру қажет екенін қаперге салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<