«Алтын дән-2023» салтанатты шарасы өтті

220

0

Бүгін ауыл шаруашылығы өндірісінің озаттарына арналған «Алтын Дән-2023» салтанатты шара өтті. Дала батырларын құрметтеуге арналған маңызды шараға аудан әкім Ардақ Ибраимов қатысып, еңбек озаттарын құттықтады.

– Биыл еңбекші қауым ала жаздай күтіп-баптаған егіндерін жинап, ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінен жоғары өнім алды. Осынау ел байлығын молайтудағы ерекше табыстарыңыз құтты болсын! Жер – Ананы идіріп, төрт түлікті түлетіп отырған ағайынның несібесі ортаймасын!Бүгінгі мереке төріндегі біздің диқан қауымына айтар алғысымыз мол. Астық жинаудың алғы шебінде болған қырман майталмандарын «Алтын дән-2023» мерекесімен тағы да құттықтаймын! Дала еңбеккерлерінің ел байлығын молайтудағы табыстарына ерекше ризашылығымызды білдіре отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін! Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың ырыс- құты арта берсін, несібеміз мол болсын!Баршаңызға амандық, елімізге тыныштық, береке мен бірлік тілеймін, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудандағы ақжолтай жаңалықтың бірі – Мемлекет басшысы еліміздегі ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденімен «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлын елорда төрінде өткен салтанатты жиында марапаттады. Бұл марапат бір азаматқа ғана емес, аудандағы барша еңбек адамдарына, жасампаз істерге берілген жоғары баға екендігін жеткізді.

Салтанатты шарада аудан әкімі Ардақ Ибраимов еңбек адамдары мен шаруа қожалықтарға Қазақстан Республикасының Премьер – Министрінің«Алғыс» хатын, ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының«Еңбек даңқы I дәрежелі» және «Елеулі еңбегі үшін» медалдарымен, Қызылорда облысы әкімінің, Аудан әкімінің «Алғыс» хаттарымен, «Озат шаруашылық» , «Озат агроном», «Озат бригадир» номинацияларын құрметпен табыстады.

Халықтың ықыласына бөленген «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденінің иегері «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы аудандағы азаматтарды салтанатты мерекесімен құттықтап, ел Президентінің еңбек адамдарына құрметі ерекше екені айтып, шынайы жолдағын ыстық сәлемін жеткізді.

Айта кетейік, Биыл аудандағы шаруашылық құрылымдары 37 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның – 19800 гектары Сырдың бағалы дақылы-күріш. Биыл күріштің әр гектарынан 58,0 центнерден немесе 114 мың 840 тонна өнім жиналды. Осылайша биыл өткен жылмен салыстырғанда 130 мың центнерге артық өнім алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<