Аң-құс – байлық

821

0

Табиғат тағылықты кешірмейді

Сырдың бойы аң-құстан  кенде емес. Көл-құрақты мекендеген құстың сан түрі, жиде мен қамыс арасын, онан алды Қаратау сілемдерін жайлаған жануар да көп. Әсіресе, біздің өңірді еркін мекендегеннің бірі – қабан болса, қанаттыдан қырғауыл. Жұрт биыл екеуінің де тым көп екенін айтады.

Облыста 41 аңшылық алқап бар. Бұл 9,8 млн гектар жерді алып жатыр. Қазір 17 алқап табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Әрине, заң аясында. Қалған 24-і резервте тұр.

Мамандар осы 9,8 гектар жердегі ну мен суды 40-тан астам балық пен сүтқоректілер, құстың 300 түрі мекендейтінін айтады. Осының ішінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануар мен құстың 31 түрі бар екен.

«Барсакелместің» байлығы көбеюде

Облыста жалпы көлемі 163126 мың гектар жерді құрайтын, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, оның ішінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы мен аумағы 31,2 мың гектар «Тораңғылсай» және «Қарғалы» мемлекеттік табиғи қаумалдары бар.

«Барсакелмес» қорығы – Тұран шөлінің солтүстік және орташа экожүйелерін қорғайтын Еуразиядағы бірден-бір аймақ екені белгілі. Аумағында өсімдіктің 325 түрі бар. Оның ішінде 5 түрі «Қызыл кітаптың» есебінде. Пайдалы, емге қажеттілері де жетерлік. Изен, тамыр жусан, еркекшөп, қау, ажырық сияқты мал азығына қажетті шөп те өседі.

Қорықта құстың түрі мол. 250 түрлі қанатты осында тіршілік етеді. Сонымен қатар, ерекше қорғалатын құлан, қарақұйрық, шағыл мысығынан бөлек, қарсақ, құм қояны, зорман, сұр атжалман, қалқанқұлақты кірпі көп кездеседі. Мұнда қасқыр мен түлкі де жеткілікті.

Биылғы күзгі санақ бойынша, «Барсакелместе» 762 бас түркімен құланы, 47 бас ақбөкен мен 227 бас қарақұйрық бары анықталған. Мұнымен бірге қорықта қабан көп. Сирек кездесетін шағыл мысығы да қорық аумағынан ұшырасып тұрады. Иә, сирек кездесетін жануарлар санының артуына, сақталуына қорықтың қатаң тәртібі қолайлы жағдай туғызатыны белгілі. Былтырғымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш едәуір артқан дейді мамандар.

Атуға және аулауға…

Бір ескерер дүние бар. Қазақстан Республикасының 9 шілде 2004 жылғы «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» №593 Заңының 45-бабына сәйкес, жануарлар түрлерінің санын реттеу биологиялық негіздеме арқылы жүргізіледі.

Биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап келер жылдың шілдесіне дейін аймақ бойынша 113 мың 428 жануар мен құс атуға һәм аулауға лимит берілген. Олардың санын реттеу осы көрсеткіштен аспауы тиіс. Бұл – бір жағынан, жеті аудан мен қала орталығындағы әуесқой аңшыларға қатысты дүние. Әлгі цифрды тарқатып айтсақ, мысалы, жануардың 4 түрін аулауға рұқсат бар. Бұл – 37723 бас. Оның ішіне 2955 қабан, 862 түлкі, 33307 қоян және 639 борсық кіреді. Құстарда да солай. Бекітілген 75665 бас құстың алты түрін аулай аласыз. 6 мың бас қаз, 25 мың үйрек, 663 шіл, 27527 қасқалдақ, 3210 кептер және 19265 қырғауыл осы тізімде.

Айта кету керек, бұл жануарлар мен құстарды кез келген уақытта аулайсыз деген сөз емес. Әрқайсысының белгілі уақыты бар. Облыстық жануарлар дүниесі және орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының мәліметіне сүйенсек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №18-03/157 бұйрығымен бекітілген «Аң аулау қағидаларының» 11-қосымшасына сәйкес ресми орыннан ғана рұқсат алыну керек.

Жоғарыда айтқандай, әр құс пен аңның санын шектеуде белгіленген мерзім болады. Мысалы, бөдене мен кептерді 20 тамыздан 30 қарашаға дейін, ал қабанды қыркүйектің бірінші сенбісінен 31 желтоқсанға дейін аулай аласыз. Қаз, үйрек, қасқалдақты да қыркүйектің алғашқы онкүндігінен бастап атуға болады. Бірақ 15 желтоқсаннан кейін мылтықтан оқ шықпауы тиіс. Ал қырғауыл сорпасына құмарлардың 1 қарашадан бастап жыл соңына дейін ғана уақыты бар.

Борсық майын емдік үшін іздейтіндер қыркүйек басталысымен 15 желтоқсан аралығында шығуына болады. Ақ қоян, ор қоянды көздейтіндер қарашадан бастап 15 ақпанға дейін із кесе алады. Ал құм қоянын аулауды да қарашадан бастауға болады. Тек 31 қаңтардан кейін мылтық кезенбесеңіз болды.

Айтпақшы, биылғы биологиялық негіздемеге сәйкес, облыстан 264 бас қасқыр мен 8 мыңнан астам шибөрі санын реттеуге лимит берілген екен. Қазір қасқыр аулау лимиті толық игеріліп, бұған қатысты рұқсат құжаты берілмеуде. Ал шибөріні жоюға рұқсат қағазыңыз болса, еш кедергі жоқ.

Аң көздеуден бұрын айыппұлын ойлайық

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Рахымжан Бурабаевтың айтуынша, табиғат байлығын қорғауда атқарылған іс аз емес. Әр жыл сайын инспекциямен бірге табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Охотзоопром» ӨБ» мекемесі, сондай-ақ құқық қорғау және өзге де органдармен бірлескен арнайы іс-шара жоспары жасалып, бекітіледі. Осы бойынша табиғат мүлкін арашалау бағытында аталған мекеме қызметкерлерімен бірлескен рейд тұрақты жүріп келеді.

Айналадағы жорғалаған аң мен ұшқан құс мемлекеттің мүлкі екені белгілі. Заңсыз аттыңыз ба, зиян келтіргеніңіз үшін айыппұл арқалайсыз, тіпті, одан көп мөлшерде залал келтірсеңіз, түрмеге түсу жағы да қарастырылған. 

– Кешегі қараша айына дейінгі жағдай бойынша жануарлар дүниесіне қатысты 23 заң бұзушылық анықталды. Оның 20-сы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, қалған үш іс құқық қорғау органдарына жолданды. Браконьерлерден тәркіленген заттардан мемлекетке келтірілген шығын мөлшері де есептеледі. Мысалы, 1 бас қоян 22972,5 теңгені құраса, 1 бас ақбөкен аңының серкесі үшін 6 млн 891 мың 750 теңге, ал аналығы мен төліне 4 млн 824 мың 255 теңге мемлекетке шығын келтіру болып табылады. Мұнан бөлек, сотты болған азаматтан қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, көлік құралдары, айналымнан алынған мүліктердің барлығы тәркіленеді. Осындай заң талаптарын кейбір құқық бұзушылар «білмегендіктен жасадым» деп ақталатыны рас. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатылады деген сөз емес, – дейді Рахымжан Бурабаев.

Бізге белгілісі, киік пен қарақұйрық Сырда аз кездеспейді. «Қызыл кітапқа» жазылған жануарларды қорғау кейінгі жылдары тым қатты күшейгені белгілі. Бірақ ғылыми мақсаттан басқаға пайдалануға мүлде тыйым салынған тіршілік иелерін әлі де мазалайтындар бар бізде. Ал заңда не деп көрсетілген? Мұқият оқыңызшы. Толық мазмұны мынадай: «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. 2015 жылғы 24 шілдедегі №190 бұйрығының талабына сәйкес ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, ҚР бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салынған».

Солай десе де, шектеуге қарамастан осы екі жануарға қатысты қылмыстық іс тіркелуде. Иә, заңмен мықтап, сөзбен шегелеп айтқан тыйым салынған дүниеге құмарлар азаймай тұр.

Бір ғана мысал, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының қызметкерлері заңсыз аңшылықпен айналысу бойынша 15 қылмыстық істі ашқан. Осының ішінде ақбөкенге қатысты 10 іс болса, біреуі тоғай бұғысына қатысты болып отыр. Қалғаны қоян мен құс ату бойынша тіркеліпті. Мұнан бірнәрсені байқайсыз, киікке құмар аңшылар әлі де бар деген сөз.

Айта кетейік, аталған мекеме осы кезге дейін құқық қорғау органдары және табиғат қорғау мекемелерімен бірге 34 бірлескен рейд жүргізіп, аң аулау ережелері жайлы халық арасында түрлі үгіт-насихат жасап келеді. Сондай-ақ аймаққа қарасты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК филиалында 40 инспектордан құралған 8 мобилдік топ қатаң қорғалатын киік және сирек кездесетін өзге де аң түрлерін браконьерлерден сақтап келеді.

Табиғат тыныштығын бұзатындар әлі де сиремей тұр. Нақты сандық мәліметті жоғарыда келтірдік. Келтірілген залал үшін кейбірі өте көп сомада шығынға батқан. Әрине, бұның ішінде сотты болып (киік ату) жатқандардан бөлек, жай табиғат заңдылығын сақтамау арқылы ұсақ құқық бұзушылық жасағандар да жетерлік.

Ал бар байлықтың берекетін алған броконьерлермен күресте табиғат сақшыларының төккен терін ұмытпасақ дейміз. Үйден гөрі түздегі жүрісі көп инспекторлардың еңбегі мың мәрте мадақтауға лайық.

Қорыта айтсақ, қорықшылардың негізгі міндеті – рұқсатсыз аң-құс, балық аулаушылардың жолын кесу, аң-құстың қауіпсіздігі мен көбеюіне үлес қосу. Олар рұқсат берілмей жатып немесе арнайы лицензиясы жоқ аңшылар табиғатқа зиян келтірген жағдайда, заң аясында белгіленген айыппұл салуға да құқылы. Тіпті бағынбаған не оқыс оқиға болған жағдайда атыс құралын да қолдана алады. Ең бастысы – қажетті дүниеге, яғни, өзіміздің табиғат жаратылыстарына өзіміз қамқор болсақ болғаны. Бізге жетіспейтіні де – сол.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<