Ақжайыққа Ақордадан хат келді

849

0

Ел Президентінен қызылордалық студент Ақжайық Тәжіге хат келді. Президенттің хаты мен сыйлығын облыс әкімінің орынбасары  Нұрымбет Сақтағанов тапсырды.

Ақжайық Тәжі – 2019 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне «Педагогика және психология» мамандығы бойынша оқуға түскен. Бірнеше рет халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып, Президент стипендиясына қол жеткізген.

Ақжайық Мемлекет басшысының жастарға көрсетіп отырған қолдауына ризашылығын білдіріп хат жолдаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатында: «Құрметті Ақжайық! Сенің жетістіктеріңе риза болдым. Еліміздің болашағы өзің сияқты белсенді әрі талапты жастардың қолында екені анық. Мемлекет өскелең ұрпақтың білім алуына барлық жағдайды жасап келеді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, көп оқып, тынбай іздену өте маңызды. Оқуды жақсы бітіріп, мықты маман болуыңа және ел игілігіне қызмет етуіңе тілектеспін!» делінген.

– Ақпан айының басында Мемлекет басшысына хат жолдадым. Шынымды айтсам, Президенттің өзінен жауап келеді деп күткен жоқпын. Министрліктен хабарласып Президенттен хат келгенін оны арнайы марапатпен беретіні жайлы хабар келгенде қатты толқыдым. Себебі, осындай жетістіктерге жету үшін қаншама тер төктім. Міне, сол еңбегімнің ақталғанына қуаныштымын. Мемлекет басшысы жастарға қолдау көрсетіп, осылай ізгі ниетін білдіріп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе, – дейді ол.

Ақжайық Тәжі осы уақытқа дейін Корея, Украина, Германия, Ресей елдерінде халықаралық деңгейдегі ғылыми жоба мен байқаулардың жеңімпазы атанған. ҚР дарынды жастарының Алтын кітабына еніп, алтын төсбелгісін иеленген.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Ақжайыққа жарқын болашақ тілеп, Президенттің артқан үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<