«Аруананың» қоспасыз өнімі

459

0

Берекенің тоғызы кәсіпте екенін білген жандар бүгінде өз кәсібін дөңгелентуде. Әрине, бәрі бірден оп-оңай бола салмайтынын білді. Біле тұра тәуекелге бел буып, небір қиындықтан өткендері ғана қазір тынымсыз еңбектің дәмін татуда.

«Ас – адамның арқауы. Оны дайындауда ең әуелі тазалық болса, берекелі тірлік болады. Ал береке бар жерде ауызбіршілік артады. Соның арқасында сапалы өнім шығады» дейді кәсіпкер Қуат Шакизадаұлы. Қарапайым қағиданы ұстанған ол табысты кәсіпкер болудың бар құпиясы осында екенін айтады.

 Осыдан үш жыл бұрын серіктесі Қайрат Боранбаев екеуі «Аруана-Агролидер» жеке шаруашылығын құрады. Серіктестіктің негізгі бағыты – ірі қара мал өсіру, қой етін өңдеу, консервілеу, сүт өнімдерін өңдеуден тұрады.  Сонымен бірге сәбіз, асқабақ шырыны мен балаларға арналған езбе дайындап шығарады.

Отыз жылдан астам бас технолог болып жұмыс істеген кәсіпкер бұл саланың барлық сатысынан өткен. Ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өңдеумен айналысатын шаруашылықта 18 түрлі тауар түрін табуға болады. Қай өнімін алып қарасаңыз да, ешқандай қоспасыз, табиғи тәсілмен әзірленген.

–    Ет және сүт өңдеу саласында инженер-технолог болып еңбек еткеніме отыз жылдан асты. Еліміздің төрт облысында ет комбинаттарында бас технолог болып жұмыс істедім. Бастапқыда осы кәсіпті ашқанымызда көп қиындықтар болды. Бірақ барлығына төтеп беріп, бүгінде сапалы өнім шығаратын кәсіпорынға айналдық. Цехта 8 адам еңбек етеді. Жылына 18 түрлі өнімнен 10 мың дана өндіреміз. Асқабақ, сәбіз шырынын республикада тек біз ғана шығарудамыз. Сондықтан оның өтімділігі жақсы. Балалар тағамын да дайындаймыз. Олар езбе түрінде шығарылады. Шығаратын өнімдердің 5-уі – балалар тағамы. Сонымен қатар, қызанақтан шырын, кетчуп өндіруді жоспарлап отырмыз. Шұбат өнімін ұзақ мерзімге сақтау технологиясын енгізбекпіз. Негізі шұбаттың сақталу мерзімі 72 сағат, яғни үш күн. Біз оны бір жылға дейін ұзартамыз ба деген ниетіміз бар. Оның сапасын жоймай сақтауға болатынын үлгі есебінде шығарып жатырмыз, –дейді Қуат Шакизадаев.

Ресейдің «Фрутто няня», «Агуша» секілді шырын, езбелерінен гөрі өз жерімізден шыққан табиғи «Кеусен» сауда маркасымен әзірленген балалар тағамы – әлдеқайда сапалы әрі қоспасыз өнім. Жергілікті өнімді тұрғындар қаламыздағы «Қызылорда оптомаркеті», «Аль-Асад» және «Ажар City» сауда орталықтарынан таба алады. 

Қай істің көзін таба білсең, оның өнімділігі де жоғары болмақ. Өз мамандығын шексіз сүйетін жан ғана сол салада биіктерді бағындыратыны анық. Шаруашылық ұжымы алдағы уақытта күрішті терең өңдеу технологиясын игеріп, одан ұн, вафли, печенье, макарон өнімдерін шығаруды жоспарлауда.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<