Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтай қарсаңында бірқатар азаматтар пікір білдіруде. Соның бірі – саяси шолушы, ұлттық құрылтай мүшесі Ғазиз Әбішев. Ол Ұлттық құрылтай стратегиялық мәселелерді кең ауқымда талқылауға мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңы ретінде қалыптасқанын жеткізді.
Оның «ҚазАқпарат» жариялаған пікірінше, саясаттану ғылымында «делиберативті демократия» деп аталатын ұғым бар. Бұл – саяси бәсекеден тыс, қоғамның түрлі топтарын ел дамуына қатысты маңызды шешімдерді талқылауға тартатын тетік.
– Мұндай кеңесші форматтағы институттар көптеген елде бар. Мәселен, Франциядағы Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Ресейдегі Қоғамдық палата, Қырғызстандағы құрылтай немесе Канададағы ұқсас құрылымдарды айтуға болады. Заң шығарушы органдар партиялық тәртіп пен саяси тартыс үстінде жұмыс істейтіндіктен, оларда белгілі бір «саяси ойын ережелері» қалыптасады. Ал өкілеттік билігі жоқ кеңесші алаңдар пікір алмасуға еркіндік беріп, қоғамдағы түрлі топтарды жақындастырады, – деді саяси шолушы.
Ғазиз Әбішевтің ендігі сөзінше, Қазақстандағы Ұлттық құрылтай дәл осы миссияны атқарып отыр. Мұнда Мемлекет басшысының халықпен байланыс орнататын Жолдаулары, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, партия съездері форматтарының ішінде Ұлттық құрылтай ерекше орын алады.
– Құрылтайдың тарихи мәні бар. Құрылтай – елдің түкпір-түкпірінен келген өкілдер жиналатын алаң. Президент дәл осы жерде ел дамуына қатысты стратегиялық бастамаларын тікелей жариялай алады, – деді ол.
Сондай-ақ саяси шолушы алдағы құрылтай отырысында кең ауқымды мәселелер, соның ішінде саяси реформалар да талқылануы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
– Көпшілік тек пленарлық отырысты және Президенттің сөзін көреді. Алайда одан алдын екі күн бойы секциялық жұмыстар өтеді. Аймақтардан келген делегаттар ашық микрофон форматында, еш шектеусіз пікір алмасады. Осындай мазмұнды талқылаулар барысында қоғамдық консенсус (келіссөздер барысында қандай да бір мәселе бойынша дауыс берусіз ортақ шешімге келу – ред.) қалыптасады. Тіпті, осы алаңда парламенттік реформа нұсқасы шешілуі мүмкін, – деген саяси сарапшы сөзін келтірді ақпарат көзі.
«СБ» ақпарат





