Атқарылар шаруа көп

349

0

Түбі бір түркінің ортақ тұлғасы Қорқыт бабаның мәңгілік мекені, адамзат алғаш аспанға аттанған Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан Қармақшыдағы оң өзгерістер халықтың көңілін өсіріп отыр. Бүгінде Қызылдың қиянынан космосқа құлаш ұрған жұлдызды қала Байқоңырға дейінгі аралықтағы барлық ауылдарда қызу тіршілік жүргізіліп жатқандығына көпшілік куә. Қатарға қосылған құбырлар, қайта жанданған көшелер, бөбек толы балабақша, құшақ ашқан тұрғын үй, жаңа амбулаториялар, спорт кешендері ауданның бүгінгі күнінің көрікті көрінісіне айналуда.

Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының бүгінгі Ақай ауылы, Төретам кенті халқымен кездесуінде аудан басшысы тындырылған жұмыстардың аз емес екендігін, атқарылатын қыруар тіршілік одан да көп екендігін атап айтты. Бұл кездесу ауданның жайын жан-жақты баяндап, әлеуметтің түйткілді мәселелердің түйіні шешіліп, сөйлеушілер өз ой-ұсыныстарымен ашық бөлісіп, әсерлі өтті. Аудан басшысы әуелі әкімдердің дәстүрлі есебі халық пен билік арасындағы ашық байланыстың қалыптасуына, жауапкершілікті арттыруға және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аудандағы мәселелерді шешуге үлкен ықпал тигізетіндігін, ел Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы негізінде әр тоқсан сайын халықпен еркін форматта кездесулер жасайтынын айтып өтті.

Баба өнердің ұстаханасы саналатын Қармақшы ауданы биылғы жылы 8 айдың макроэкономикалық көрсеткіші бойынша аймақта көш бастап тұр. Бүгінде ауданның бүкіл ауылдары мен кенттер қарқынды құрылыс алаңына айналған. Атап айтар болсам құны 3,7 млрд. теңге болатын Байқоңыр қаласындағы көпқабатты 5 тұрғын үй құрылысы және аумағын абаттандыру, инженерлік жүйелер құрылысы, құны 12,0 млрд. теңге болатын Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау жүйелерін қайта жабдықтау құрылысы жүргізілуде. Құны 496,2 млн. теңге болатын Жосалы кентіндегі дене-шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысы аяқталып, құжаттамалары дайындалуда. Ақай ауылындағы дене-шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысы жүргізіліп, алдағы айда толық пайдаланылуға беріледі. Мұнымен қоса құны 666,3 млн. теңгені құрайтын Қармақшы, Т.Көмекбаев, Алдашбай Ахун ауылдарындағы сумен жабдықтау құрылымдарына қайта жаңғырту құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Аудан бойынша Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылыстары басталуда. «Самара – Шымкент, Ақжар – Тұрмағамбет – Көмекбаев» автожолын жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, мердігер мекемемен келісім шарт жасалды. Жосалы кенті, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Ақай елді мекеннің 21 көшесін жөндеу жұмыстарына 573,9 млн. тг. қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталса, Жосалы кентінің 19, Дүр Оңғар ауылының 5 көшесінің жарықтандыру жұмыстарына 225,0 млн. теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтуде. Жосалы кентіндегі «Шипагер» емханасын, Қармақшы ауылындағы «Балбөбек» балабақшасын газға ауыстыру жұмыстарына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталса, Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға қаражат қаралып, 14 пәтер сатып алынды. Аудандағы құрылыс жұмыстарының ұлғаюы ең алдымен әлеуметтік маңызы бар салаларды дамытуға үлкен септігін тигізуде. Бюджеттің шығыс көлемінің басым бөлігі осы салаға бағытталып, бүгінде шарапатын ел сезіне бастады,-деді Жандос Еркінбекұлы өз сөзінде.

ҚР Ұлттық қордан, республикалық, облыстық бюджеттен бөлек, жұртшылықтың көңілінен шыққан, әлеуметтік саланың шырайын кіргізген «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыстар өз алдына бір төбе дерлік. Ақай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы осының дәлелі. Ақай ауылына газ құбыры желілерін салуға ҚР Ұлттық Қорынан, республикалық бюджеттен Төретам кентіндегі газ құбырларын салу жұмыстарының қаржысы шешілген. Ақай ауылдық округінің Астана көшесінен №1-ТВ техникалық су ұңғымасын бұрғылау, Ақай ауылындағы Құдайбергенов, Қазыбек Би, Баймаханов, Төретам кентіндегі Байсейітов көшесі мен №269 мектептің №22-ТВ, №23-ТВ техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарына қаржы облыстық бюджеттен бөлінді.

Аудандық бюджеттен Ақай ауылдық округіне балалар ойын және спорттық тренажер ойын алаңын орнатуға,
5 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ауылдағы Майлин, Әуезов көшелерін жарықтандыруға, Төретам-Ақай айналма жолын күрделі жөндеуге, Төретам кентіндегі Байсейітов, Байтұрсынов, Момышұлы көшелерін ағымдағы жөндеу, Мұратбаев тұйығы, Амангелді тұйығы, Мамыр көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына, кенттегі Мұсабаев, Мәметова, Құлтасов көшелерін жарықтандыруға қаржы қарастырылды.

Төртінші деңгейлі бюджет есебінен елді мекендерді көгалдандыру, Ақай ауылдық округіндегі Жанқожа батыр, Астана, Бейбітшілік, К.Күншығаров, Б.Майлин, М.Әуезов көшелеріне техникалық паспорт жасатуға сондай-ақ, балалар ойын және спорттық тренажер алаңына, аяқ су жүргізуге арналған ұңғыма жұмыстарына, Дүр Оңғар, Бәйтерек көшелеріне жарық шамдары орнатуға, бейнебақылау камераларына жөндеу жұмыстары және техникалық қызмет көрсетуіне, Астана көшесінен орнатылған су ұңғымасын электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстарына, Төретам кенті бойынша ұңғыма құдықтарын электрмен жабдықтау жұмыстары үшін қаражат бөлінді.

Әкімнің ел ішіндегі жиі жұмыс сапарлары мен іс жағдайымен көзбе-көз танысуы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің уақытылы шешімін табуына зор ықпал етуде. Төретам кенті мен Ақай ауылы тұрғындарымен кездесулерде айтылған ұсыныстардың орындалуын бақылауда ұстауды тиісті сала басшыларына тапсырған аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы өзінің кезекті есебін алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін барша жерлестер бірлесе отырып, білек сыбана іске кірісуі керек деп түйді.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<