Аудан жаңалықтары

566

0

Алда екінші кезең

2020 жылы Арал ауданында «Aral Quartz» ЖШС-нің кварц құмы тау-кен байыту комбинатының I кезеңі іске қосылды. Жоба құны 1 млрд теңге, қуаттылығы жылына 70 мың тонна құрайды.

Аталған жоба индустрияландыру бағдарламасы аясында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Бүгінде байытылған кварц құмын құрғақ құрылыс қоспаларының, лак-бояу бұйымдарының, суды тазарту жүйелерінің өндірісіне және мұнай өнеркәсібінде қолдануда.

Айта кетейік, алдағы жылы өнім көлемін 70 мың тоннадан 450 мың тоннаға ұлғайту үшін тау-кен байыту комбинатының II кезеңінің құрылысын бастау жоспарлануда.

Автодром салынбақ

Биыл облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қолдауымен Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде электронды автодром алаңы салынбақ.

Бұл үшін облыс бюджетінен 119 млн теңге бөлінді. Автодром құрылысын «Болашақ» ЖШС бастайды. Жоба толық іске қосылған кезде Арал, Қазалы аудандары мен Байқоңыр қаласының азаматтары жүргізуші куәлігін алу үшін облыс орталығына келмей-ақ, Әйтеке би кентінде емтихан тапсырып, құжаттарына қол жеткізе алады.

Айта кету керек, осыған дейін азаматтар дербес жүргізуші куәліктерін алу үшін екі кезеңнен тұратын теориялық және практикалық емтихан сынақтарын облыс орталығына келіп өтетін.

«Үлгілі отбасына» құрмет

Аудан әкімі Ә.Ерсұлтанов «Мерейлі отбасы-2022» Ұлттық конкурсының «Үлгілі отбасы» номинациясымен марапатталған Шамшатовтар отбасында болды.

Отбасында 3 ұл, 7 қыздан 19 немере, 23 шөбере сүйіп отырған тыл ардагері Серікбай Шамшатов пен Базаш Ибраеваға құрмет көрсетіп, сый-сияпатын табыстады. Ақсақал батасын берді. «Үлгілі отбасы» Т.Көмекбаев ауылында тұрады.

Кәсіпкерлік нысандарына барды

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов кенттегі әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты.

Ең алдымен аудан басшысы «ID Senim» гемодиализ орталығының жұмысымен танысты. Орталық 10 орынға арналған. Клиникада барлығы 11 қызметкер жұмыс жасайды.

Аудан әкімі барған келесі нысан «Адима» ЖК-нің эковата өндіру цехы болды. Одан әрі «Күншуақ» балабақшасының ғимаратынан ашылатын еркін күрес спорт үйірмесіне барып, нысанның жұмысымен танысты. Сонымен қатар, А.Есжанов Б.Күлтекенов атындағы жабық бассейніне барды. Бассейн 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап пайдалануға берілген. Ғимаратта ересектер мен балаларға арналған бассейнмен қоса, екінші қабатында жаттығу залы орналасқан.

Құрмет көрсетті

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Рақымжан Бәйменовты мерейлі жасымен құттықтады.

М.Ергешбаев ардагер ұстаздың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Мерейлі жасымен құттықтап, қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Сырдария ауданының Құрметті азаматы Рақымжан қажы Бәйменов ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Полиэтилен құбырларын шығаруда

Ауданда «Казахстанская нефтехимическая компания Кемикал» ЖШС-ның Қызылорда филиалы түрлі көлемдегі полиэтилен құбырларын өндіруде.

Бүгінде диаметрі 195х14,5 мм-лік полиэтилендік пластмасса құбырларын көптеп шығаруды қолға алды. Сондай-ақ, сүзгілік қабілетті КДФ 118 құбырларының бірнеше түрін тапсырысқа сай дайындап беретін болса, ауызсу тұтынуға қажетті тауарларды айналымға шығарды. Зауыттың жылдық қуаттылығы 951192 шаршы метрді құрайды. Өндірілетін өнімнің шикізаты Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей мемлекеттерінен тасымалдануда. Кәсіпорында 100 адам 4 ауысыммен жұмыс істейді.

«Маки-маки» желісі ашылды

Кент орталығынан «Маки-Маки» фаст-фуд өнімдерінің желісі ашылып, халыққа қызмет көрсетуде.

Жаңадан ашылған қоғамдық тамақтану орнында суши және пиццаның түрлері бар. Сондай-ақ, аталған тағам түрлерін ыстық күйінде жеткізу қызметі де қарастырылған.

Іс-шараға жастар арасында танымал әншілер мен блогерлер қатысты. Олар көрермендер арасында түрлі ойындар ұйымдастырды.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<