Аудан жаңалықтары

824

0

Мерекелік концерт

Халықаралық жастар күні мерекесіне орай орталық алаңда мерекелік концерт өтті. Шараға Арал қаласы әкімі Е.Талекенов қатысып, жастарды мерекесімен құттықтады.

– Спорт пен мәдениетте, білім сайыстарында да елді әлемге танытып жүргендердің басым бөлігі жастар. Олардың әрқайсысы өз ортасының көшбасшысы. Әрбірінің қоғамда өзіндік орны бар. Өресі биік, рухы мықты өңір жастарын мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.

Мерекелік шарада белсенділігімен дараланып жүрген бірқатар жастар марапатталып, ән-би қалықтады.

Қарқын және сапа қажет

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентінің 5 квартал аймағына барып, Қарасақал Ерімбет көшесінің бойындағы абаттандыру жұмыстарын көрді.

Аудан басшысы мердігер мекемеге жұмыс баяу жүріп жатқанын, қарқынды күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, сапаны естен шығармауды ескертті. Құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалауды тиісті сала басшыларына тапсырды.

Жігерлі жастармен кездесу

Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов «Жастар үйінде» болып, ауданның белсенді жастарымен кездесті.

Кездесу барысында аудан әкімі оларды мерекелерімен құттықтап, кәсіпкерлік пен мал шаруашылығын дамыту жөнінде ой-бөлісіп, ниет білдірушілерге қашан да қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді. Шарада жастар саясатының жүзеге асырылуына үлес қосып, түрлі салада жетістіктерге жетіп жүрген жастарға аудан әкімі «Алғыс хат» және бағалы сыйлықтар табыстады.

35 үміткер қатысты

Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бөлім және мекеме қызметкерлері арасында «Дені сау ұрпақ – ел болашағы» тақырыбы үстел теннисінен сайыс өтті.

Жарысқа кент және ауылдық округ әкімдіктерінен, бөлім және мекемелерден барлығы 35 үміткер қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша І орынды жаңаталаптық Нұрсұлтан Сайлау, ІІ орынды Бұқарбай батыр ауылынан Нұрхан Сырлыбай, ІІІ орынды Жалағаш кентінен Ернұр Зкрия иеленді. Сайыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар, медальдар және қаржылай сыйлықтар табысталды. Үздік ойын көрсеткен қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Сырдария ауданының Құрметті азаматы Хайрулла Әбеновтің қызметі мен өмір жолы туралы «Ел ағасы – Хайрулла» атты кітап жарыққа шықты.

Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қатысты. Аудан әкімі Хайрулла Әбеновтің ғибратты ғұмыры туралы айтты. Кітаптың құрастырушы авторы – Ақтөре Ибрагимұлы.

Ауданның жұмыссыз жастары, демалыстағы студенттер мен жоғары сынып оқушылары маусымдық жұмыспен айналысып, мемлекеттік қолдауға ие болуда.

«Жасыл ел» еңбек жасағы

«Жасыл ел» жасағының алғашқы легінде 200 жас тынымсыз еңбектенді. Тамыз айына 16 жас жұмысқа қабылданып, Майлытоғай және Қоғалы ауылдық округтерінің көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізуде. Осылайша аудан жастары жазғы демалыс уақыттарын тиімді өткізіп, табыс тауып әрі рухани кемелденіп, сауапты істерде бас біріктіріп отыр.

Рейдтік іс-шара нәтижесі

Аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шара ұйымдастырды.

Жүргізілген жедел-профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық тәртіпті және жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 190 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қоғамдық орындарда алкоголь ішіп, масаң күйде жүрудің 6 дерегі, белгіленбеген уақытта алкоголь өнімін сатудың 3 дерегі анықталса, автокөлікті мас күйінде басқарудың 3 дерегі, 2 жалған мемлекеттік белгі тағу, құжатсыз көлік басқарудың 23, сақтандыру полисінсіз жүрудің 13 дерегі анықталып, 37 автокөлік айып тұрағына қойылды.

Дайындаған:

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<